Америкалық Brookings Institution зерттеу орталығы сейсенбі күні кезекті баяндамасын жариялап, соңғы жылдары Ресей мен Қытайдың өңірлерде және бүкіл әлемде өз ықпалын кеңейтуге, халықаралық пікірді өзіне бұруға бар күшін салып жатқанын айтты.
Баяндамада айтылуынша, Қытай мен Ресей қазіргі таңда жаһандық саяси, экономикалық және әскери бәсекеде өз ықпалын арттыру үшін өңірдегі әскери-экономикалық саланы дамытып, демократиялық институттар мен нормаларды әлсіретіп, бәсеңдетуге, сондай-ақ, Батыстың халықаралық тәртіптегі басымдығын төмендетуге күш салуда.
Brookings Institution зерттеу орталығының жаңа баяндамасы қазіргі ғаламдық өзгерістердің ең бір терең көріністеріне үңілуге тырысқан. Айталық, қазір байқап отырғанымыздай, Латын Америкасы, Африка және Азиядағы дамушы және жаңадан дамуға бет алған елдердегі инфрақұрылым, энергетика және технологияға бағытталған инвестиция G20 құрамындағы ірі елдердің бәсеке майданына айналуда. Бұл мәселеде Батыс өз шекарасын жоғалта бастады.
Еуропада Қытайдың экономикалық қатынастары барған сайын өскеніне орай Еуропа құрылығы Қытайға қаратқан қатаң позициясын жұмсарта бастағаны байқалады. Бұған Құрама Штаттың біржақты ұстанымда тұрып алуы да өзіндік әсерін берді. Ал, Ресей болса кейбір әлсіз тұстарды пайдалана отырып, Батыстың қадамдарына әскери-саяси араласудың жолын да тапты. Шығыс Азияда болса АҚШ-тың стратегиясынан Қытайдың гегемониясын сақтау стратегиясына ауыса бастады.
Америкалық зерттеу орталығы Қытай мен Ресейдің ең жаңа технологияларды өз мақсаттарына жету үшін пайдаланып отырғанын алға тартады. Оған мысал ретінде, Мәскеудің кибер-шабуыл және фейк ақпарат секілді дәстүрлі емес құралдарды пайдаланып Еуропа мен Құрама Штатқа толассыз соққы беріп келе жатқанын айтады. Ал, Қытай бұл ретте аса ірі көлемде цифрлы техникаларды дамыту арқылы ел азаматтарын бақылауды күшейтті. Болашақта Қытай үкіметі өзінің авторитарлық жүйесін сыртқа экспорттауға тырысуы мүмкін. Қытайдың цифрлы технологияны, жасанды сананы дамытуы алдағы болашақта өз саясатын әлемге үгіттеуіне көмектесуі мүмкін деп алаңдайды.
Түптеп келгенде, Қытай мен Ресейдің ықпалының кеңеюі Батыстың және әлемнің демократиялық құндылықтарына төнген қатер ретінде ескерту береді, аталмыш баяндама. Әрі, бұл қатердің алдын алудың жолдары ретінде: «Батыс елдері Үнді және Тынық мұхиты аймағындағы елдермен демократиялық ынтымақтастықты нығайтуы, «Азиядағы жаңа демократиялық диалог» жобасын жүзеге асыруы керек», – дейді.