Иран-АҚШ қарым-қатынасы шиеленіске толы. Шығанақ соғысы жылдарынан тартып, Орта-Шығыстағы Иранның әскери, экономикалық белсенділігін әлсірету Еуропа мен АҚШ-тың басты мақсаты болып келеді. Ал Иран Ислам Республикасы АҚШ-ты өзінің саяси аренадағы басты қарсыласына балайды. Сондықтан да, АҚШ-қа бүкіл ирандықтарды қарсы қоюда.

Соңғы кездердегі АҚШ-Иран тағы да шиеленіске бет алды. АҚШ-тағы саяси өзгерістер, Ислам елдеріне қаратқан жаңа ұстанымдар Иранды қамтыған ислам елдерінің Америкамен қайшылығын үдетті. Алда АҚШ құрлықтық күштерді Сүрияға аттандыруы мүмкін. Бұған қоса, сарапшылардың айтуына қарағанда, АҚШ Иран мен Ресей арасына іріткі-салатын кез-келген мүмкіндікті пайдалануға тырысады. Билік басына келген Трамп үкіметі Иранға қандай жаңа шаралар жасайтыны әзірге құпия, ал Иран болса тас түйін дайын отыр. Өткенде ғана Иранда болған 22-ші баһман күнгі ереуіл, бір есепте ирандықтардың идеологиялық бірлігі мен анти-америка көзқарасын айқындаса, енді бір жағынан ұшқарылықтарын да көрсетіп тұрғандай. Әлемдегі елдермен ашық жаулықты көздейтін саясат ол елдегі ішкі-сыртқы жағдайға қаншалықты тиімділігін алдағы жылдар көрсетері анық.

Иран Ислам революциясының жетекшісі Аятолла Хамнени сәрсенбі күні сөйлеген сөзінде: Америка әскери соғыс жөнінде қоқан-лоққы жасау айласын қайталап, Иран басшыларының назарын шын соғыстан, яғни экономикалық соғыстан бұруды көздеп отыр», – деген болатын. Бұнысы АҚШ Иранға ашық әскери соғыс жасауға батылдық ете алмайды дегені. Бұл пікірін бір есептен дұрыс деуге болады. АҚШ-тың барлық әскери қадамы есеппен, санмен жүріледі. Ирактағы немесе Орта-Шығыстағы барлық әскери әрекеттерінің өз есебі бар. Кесіп айтуға болады, бұл шын соғыс емес. Қазіргі кездің «шын соғысы» тек қана экономикалық соғыс. Соғыстың өзі де экономикаға қызмет етеді. Терроризмге қарсы күрестің шекпенін жамылған америкалықтардың шын көздегенінің не екені, бұрын болма са да, қазір белгілі нәрсе.

Иранда Батыс санасатын әскери қуат бар. Оған қоса мұнай өндірісі жағынан әлемдегі алдынғы елдердің бірі. Арқасын Ислам елдеріне тіресе, білегін Ресейге артып, Америкаға «келсең, кел»-дің кебін киіп отыр. Иран басшысы сөзінде Ираннан шетелге қоныс аударғандарды қамтыған сыртқы күштер Иранға жыл сайын ақпараттық, идеологиялық шабуылдар жасап, ирандықтарды Ислам революциясының жолынан тайдыруға тырысатынын айтты. Оның ойынша осы реткі халықтық ереуілдің көлемді болуы сол сыртқы күштердің аузына құм құйыпты. Миллиондаған халықтың алаңда «Америка өлім!» ұранын көтеруі, Батыс елдерін бейжай қалдырған жоқ. Ирандықтар санасына сіңіп кеткен «атни-америка» идеясын жуып-шаю жақын уақытта мүмкін еместігін сезінсе керек.

Парсы жұртымен таяу 500 жылда ашық жаулығымыз болмаса да, одан бұрынғы көшпелі мен отырықшы екі мәдениет шекарасында қанды қырғын толастаған емес-ті. Бүгінде тату көрші елміз. Иран мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас жыл сайын қоюласып келеді. Қазақстан мен Иранның транспорттық байланыстары тың деңгейге көтерілді. Екі-елдің мәдени, сауда-экономикалық алмасулары да бұрынғыға қарағанда жиіледі. Еліміз халқының басым көбі мұсылман қауымы болғанымен, біз зайырлы құқықты, демократиялы жолды таңдадық. Иранға көрші ел ретінде бізді Ирандағы идеологиялық ұшқарылықтар алаңдатады.

Шын мәнісінде әлем тыныштығы қашанда қыл үстінде тұрады. Айталық, Иран және Орта-Шығыс мәселесі, Солтүстік Корея ядролық жағдайы, Ресей-АҚШ қырғи-қабақтық байланысы, Шығыс Азия қайшылығы, Сүрия мен Украина мәселесін сынды бірнеше түйінді атап көрсетсек те,  соған себеп бола алады. Бұл білтенің қай-қайсы да қатты тартылар болса тұтас әлемді шарпыған жарылыстарды алып келеді. Әлем бейбітшілігі мен адамзат тыныштығы үшін исламдағы « мұсылман мен кәпір арасында түбі бір соғыс болады» дейтін идеяны да салмақтылықпен ойлап көру керек. Қазақстанның мәңгілігі мен тұтастығы үшін, айналадағы елдердің қадам алысына сақ қарап, қырағылықпен көз тігіп отыруға мүдделіміз.

“The Qazaq Times”