Жақында «Эйр Астана» әуе компаниясының ұшағы апатты жағдайда қонуға мәжбүр болған. КС 935 рейсін орындаған ұшақ Алматыдан Куала-Лумпурды бетке алған. Оның алдында 11 қараша күні КС1388 рейсін орындаған тағы бір ұшақ Португалия территориясында қауіпті жағдайға ұшырай жаздап, әупірімдеп жерге қонған еді. Альверка әуежайынан ұшып шыққан лайнер біраздан соң апат сигналын бере бастаған. Әуе кемесі сол жақта техникалық қызмет көрсетуден өтіп, Қазақстанға қайтуы тиіс болған.

Апатты жағдай туындаған мезетте португалиялық М-16 әскери истребителдері дереу көмекке ұмтылған. Астана уақыты бойынша сағат 21:26-да үшінші мүмкіндіктен кейін ғана ұшақ Лиссабон маңындағы әскери әуежайға қона алған. Бортта алты экипаж мүшесі болыпты: Капитан, екі ұшқыш және үш борт инженері. Португалиялық БАҚ-тың жазуынша ұшқыштар қатты стреске түсіп, оларға дереу дәрігерлік көмек қажет етілген. Әуе компаниясының президенті Питер Фостер бұл оқиға туралы пікір білдірген. «Санаулы минуттар ішінде ұшқыштар лайнерді бақылаудың белгілі бір деңгейін қалыпқа келтірген. Олар мұны апатты сигналды бергеннен кейін жасаған. Бұл уақыт ішінде олар португалиялық тараппен үнемі байланыс жасап отырыпты. Әуеде болған оқыс жағдайдың ақ-қарасы ажыратылатын болады. Біздің ойымызша, бұл жағдай Португалияда өткізілген жөндеу жұмыстарының әсерінен туындаған секілді» дейді ол.

Вячеслав Аушев, Фото: Эйир Астана.

Кейін ұшақты қондырған 40 жастағы ұшқыш Вячеслав Аушев екені мәлім болды. Ол әуе компаниясында 2011 жылдан бері жұмыс істейді екен. Ұшқыш әлеуметтік желіде жазба жариялап, өздеріне қолдау көрсеткен жандарға алғысын білдірген.

«Біз үшін алаңдаған жандардың бәріне үлкен рахмет айтамын! Қоңырау шалып, смс жазып жатты. Сіздердің жылы сөздеріңіз үшін рахмет! Біз өзімізге тиесілі міндетті жасадық. Бізді сол үшін оқытты, дайындады. Иә, осыған дейін көрген-білгеніңнің бәрін түгел қолдануға тура келетін сәттер болады. Бірақ ұшақ бүтін, бәрі аман-есен және туымыз да бүлінген жоқ. Сонымен қатар біздің инструкторларға да алғыс айтсам деймін. Әуе компаниямыз тарапынан өте мықты қолдауды сезіне алдық. Португалиялық ұшқыштар да аса кәсіби қимылдады. Зерттеу толық аяқталғанша мәселенің мәнісін тарқатып айта алмаймын» деп жазды ол Фейсбук желісінде.

Бұл тіпті де елеусіз қалдыратын жағдай емес. Күнделікті «апатты жағдайда қонды», «әуежайға қайтып оралды» деген тақырыптар қойылған ақпараттарға да аса мыңқ етпейтін болғанбыз. Солай болуы заңдылық секілді. Алда-жалда апат бола қалса бір шу етісерміз. Әрі қарай қалыпты тірлік жалғаса береді. Рас, біздің қоғамның қазір еті тіріле бастады. Талап етудің жөн-жосығын игерді. Дауысын қаттырақ шығарады. Қажет болса соттасады. Бірақ шапсаң қылыш өтпейтін, айтсаң даусың жетпейтін кей билік құрылымдары тас меңіреу секілді мелшиіп, өз қалағанын жүзеге асыра бергенге әдеттеніп алған. Бұл жаман ғадет авиация саласын жайламаса екен деп тілейміз. Ашынғанда шығады ащы даусың. «Эйр Астананың» еркелігі бір бұл ғана емес. Бұған дейін талай шошытты. Ұлттық компания деген әжептәуір статусы бар. Оған еш таласымыз жоқ. Алайда «ұлттық» деген атына сай бола алмай жатыр деп – ұсынған тағамын да, көрсеткен қызметін де сынағандар жетерлік. Іздесеңіз әлеуметтік желі әлемінен оңай табасыз. Еліміздегі бас компанияның ұшақтары бұған дейін де талай рет апатты жағдайда әуежай жағалап кетті. Алдыңғы жылдарға көз жүгіртпегеннің өзінде соңғы екі жылда жолаушылардың зәре-құтын қашырған бірнеше оқиға болды.

05.03.2017. Алматыдан Оралға ұшқан «Эйр Астана» ұшағы шұғыл жағдайда Ақтөбеге қонуға мәжбүр болды. КС881 рейсін орындаған ұшақта техникалық қиындықтар туындаған.

07.03.2017. КС672 рейсін орындап, Астана-Алматы бағытында әуеге көтерілген Боинг 757-200 ұшағы қозғалтқыштарының бірінің істен шығуы себепті қайтадан әуежайға оралған. Бұл уақытта ұшақта 72 жолаушы мен 8 экипаж мүшесі болған.

09.03.2017. Алматыдан Атырауға бағыт алған, КС877 рейсін орындаушы ұшақ навигациялық жүйеде туындаған ақау әсерінен қайтадан әуежайға келген. Борт басқа әуе кемесіне ауыстырылады.

Ай бастала салысымен үш бірдей апатты жағдайдың болуы әрине, қоғамды алаңдатпай қоймады. Бірақ компания тарапы бұған селт еткен жоқ. Қауіпсіздік жөніндегі менеджер Сергей Макаренко бұл оқиғаларды «жәй ғана кездейсоқтық» деп атады.

«Болған үш оқиға да – авиациялық техниканың істен шығуынан болды. Дәл қазіргі сәтте осыған байланысты қандай да бір қателік жоқ. Комиссия жұмыс істеп жатыр. Үш бортқа да тексеріс жүргізіліп, жұмыстар істеліп, жөнделмеген агрегаттар ауыстырылды. Өз тәжірибемнен де айтып бере аламын, инженер болып жұмыс істеген кезде әлдебір жүйені ұмытып кетесің. Жарты жыл бойы байқалмай келген кей жүйелер кейде осылай қатарынан болатын оқыс жағдайларға ұрындырады. Сондықтан бұл таза кездейсоқтық» депті Макаренко.

22.03.2017. Embreaer әуе кемесі КС109 рейсін орындау сәтінде шұғыл жағдайға тап болды. Бішкекке бағыт алған ұшақ Алматы әуежайына қайтадан келіп қонған. Бұл туралы белгілі қазақстандық экономист Денис Кривошеев кезінде Фейсбук желісінде жазды. Оның айтуынша, ұшу кезінде лайнер қозғалтқышы жұмыс істемей қалған. Ал қайта қону кезінде лайнердің небәрі бір ғана қозғалтқышы жұмыс істепті. Абырой болғанда ұшақ жерге аман қонды. Ұшақ бортында 50 жолаушы болған.

11.04.2017. Бортына 133 жолаушыны отырғызып Алматыдан Дубайға ұшқан әуе кемесі шұғыл жағдайда әуежайға қайта оралу туралы шешім қабылдайды. Компания тарапы шұғыл жағдайдың туындау себебін – қозғалтқыш параметрлеріндегі индикацияның істемей қалуынан деп түсіндірді.

Шұғыл жағдайлар легі 2018 жылда да жалғасын тапты. Өкінішке қарай.

23.02.2018. Делиден Алматыға ұшуы тиіс болған «Эйр Астана» ұшағы Үндістан әуежайына қайта қонған. Ұшу сәтінде артқы жүксалғыштағы люктардың бірінің ашық қалғаны туралы автоматты сигнал түседі. Кейінірек компания мамандары оны жалған сигнал деп түсіндірді.

24.03.2018. Қарағанды-Алматы бағытындағы КС312 рейсін орындаушы «Боинг-757» ұшағы Астана әуежайында апатты түрде қонды. Жолаушылар дереу қонақүйге орналастырылған. Олар ертесіне, 25 наурыз күні КС622 және 952 рейсімен Алматыға жіберілген. Мамандар шұғыл қонудың себебін – пайдаланылған газ температурасының қауіпті жағдайдағы көрсеткіші әсерінің қозғалтқыш қызметіне кері ықпал еткенінен деп түсіндірген.

08.09.2018. Алматы – Тбилиси бағытындағы рейсті орындаушы ұшақ Ақтау әуежайына шұғыл қонды. Рейстің тоқтап қалуына ауа райы жағдайы әсер еткен. Қонғаннан кейін ұшақтан бірқатар техникалық кемшіліктер анықталған. Ақыры жолаушылар Грузия астанасына басқа әуе кемесімен аттандырылған.

15.09.2018. Атырау – Астана рейсін орындап келіп, тұрақта тұрған Airbus А320 ұшағының сол жақ қозғалтқышы өртенген. Өрт сөндірушілердің арқасында лайнер өрттен аман сақталған. 91 жолаушының ешқайсысы зардап шеккен жоқ.

Жоғарыдағы шұғыл жағдайлардың барлығында дерлік адам шығынының болмағаны, өрескел техникалық ақаулардың айтулы апатқа ұласпағаны қуантады, әрине. Тәубе дегізеді. Бірақ әуежайға қайта оралған әрбір ұшаққа тәубе айта беруге тағы болмас. Әрі ол ұлттық компанияға тиесілі әуе транспорты болса. Ұшу жолағынан ұзатылған әрбір лайнер алды-артына қарамастан зымырап, межелі жерге ентікпей, мертікпей жетсе игі. Онсыз да әскери һәм азаматтық авиациядағы қателіктер кесірінен жылнамамызға түскен қаралы күндер аз емес. Оның қатарының тағы бір әуе апаты есебінен молая түсуін еш пенде қаламайды. Біз әлі оқиғаның себебімен күресеміз. Әркез «Эйр Астана» ұшағындағы техникалық кемшілікке байланысты комиссия құрылғаны айтылады. Әрі кетсе сол комиссияның әлденені анықтап, тиісті шара қолданғаны жазылады. Бітті. Ары қарай – сиырқұйымшақ. Бізге салдарды анықтау жетіспейтіні рас. Көп ретте жауырды жаба тоқи салғымыз кеп тұрады. «Эйр Астана» сияқты ұлттық компаниямыздың бар болғанын, оның азды-көпті халықаралық сертификаттарға ие болып, жетістіктерге жетіп жатқанын да жоққа шығарғымыз келмейді. Бірақ таразының басы қай жаққа қарай ауып бара жатқаны есі түзу, санасы салихалы адамға айқын көрінсе керек.

“The Qazaq Times”