8-9 қараша күндері Петропавл қаласында XV өңіраралық ынтымақтастық форумы өтті. Аталған шара Солтүстіктегі шалғай облыс үшін тарихи оқиғалардың бірі болғандығы белгілі. Бұл үшін қаланың әуежайынан бастап, қонақ үйлеріне дейін қайтадан жөндеуден өткізіліп түрлі ғимараттар жаңаша күйге енген. Туризм мен сауда серіктестікті нығайту мақсатында ұйымдастырылған шара барысында, Ресей мен Қазақстан Президенттері бірқатар жобаларға тоқталды.
Ресей Федерациясын Қазақстан үшін стратегиялық одақтас әрі сауда-экономика саласындағы маңызды серіктес екендігін атап өткен Н. Назарбаев, туризм, тауар айналымы, мұнай-газ, тау-кен металлургиясы және агроөнеркәсіп кешені жағынан ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға тоқталып өтті. Бұдан бөлек, жаһандық экономикадағы маңыздылығын айтып, екі елдің туристік әлеуетін тиімді пайдаланып, оны одан әрі дамыту үшін жүйелі шаралар қабылдауды да назардан тыс қалдырмады. Бұдан кейін Қазақстан Президенті көршілес елдермен визалық және көші-қон режімін жеңілдете отырып, Каспий теңізінде туризм жөніндегі ынтымақтастықтың жүйесін құруды, сондай-ақ, медицина және білім саласындағы туризмді дамыту керектігін де ұсынды.
Бірақ, туризм мен сауда-саттық бұрыннан жалғасып келе жатқандықтан, бұл кездесудің тағы бір себебі бар екендігі рас. Өйткені, соңғы уақттарда Мәскеу өзінің Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы әріптестерін бірлесіп АҚШ-қа қарсы контрсанкция салуға жиі шақыруда. Алайда, көп векторлы саяст ұстанып отырған Қазақстан және Америкамен салыстырғанда экономикасы төмен Қырғызстан, Беларуссия, Армения сынды елдер үшін бұл ұсыныстың тиімсіз екендігі белгілі. Десе де, Мәскеу өзінің АҚШ-пен арадағы бақталастыққа Еуразиялық одақ елдерін тартуын тоқтатар емес. Аталған кездесу де соның бір нәтижелі жоспары болуы бек мүмкін.
Халықаралық сарапшылардың сөзінше, Ресейдің соңғы уақыттары Қазақстан тауарларын өз аумағына өткізбей қоюы дәл осы АҚШ-қа салынуы тиіс контрсанкция төңірегінде болып жатқан саяси ойындардың бір бөлігі. Ресми Мәскеу өзінің осы іс-әрекеті арқылы Астанаға қысым көрсеткісі келеді. Бірақ осы уақытқа дейін Қазақстан билігі Ресейдің бұл әрекетіне қандай да бір жауап қатпаған және Мәскеу бастамасын қолдауға ешқандай ниет білдірмеген.
Алайда, тиімсіз ұсынысқа тіл қатпай келе жатқан Астана, бұл жолы тағы да үнсіз қалған сыңайлы. Сондықтан, тек туризм мен тауар айналымынан аса алмаған кездесу барысында, Путиннің тағы бір жоспары нәтижесіз аяқталған болуы мүмкін.