Жыл соңына дейін елімізде 30 халыққа қызмет көрсету орталығы жабылады. Бұл туралы "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы мәлімдеді.
Жауаптылар мұндай шешім қабылдауға - бұқараның электронды үкімет порталын жиі қолдана бастауы түрткі болды дейді. Тұрғындардың дені қазір өздеріне қажетті құжаттарды үйлерінде отырып-ақ, портал арқылы алады-мыс. Жуырда жабылатын халыққа қызмет көрсету орталықтарының көбі Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан. Ондағы 15-ке жуық мекеме көп ұзамай қызметін доғарады. Алматыда 4 бірдей орталық осы айдың соңында есіктеріне құлып іледі.
Жә, тұрғындардың электронды порталды жаппай меңгеруін жөн дерсің. Бірақ әлгі сайттан өзіңе қажетті барлық құжатты рәсімдей аласың деу - әсте әбестік. Порталдан мекен-жай анықтамасы сынды лезде әзір болатын құжаттарды алуға болатын шығар. Бірақ одан өзгелері - орталық қызметіне жүгінбесең, шешімі оңай табылатын шаруа емес.
Осы тұста, қарттарға қайтпек керек? Егде жастағы адамдардың арасында компьютерді жетік меңгергендері бірен-саран. Білмеген соң, әлбетте, орталыққа қайта ағылады. Жақын маңдағы мекеме жабылып қалса, қашыққа қатынауына тура келеді. Осыдан барып, қаусаған қариялар сеңдей соғылысып, тағы тентірейді. Нәтижесі - сабылған адам, күттірген кезек, ұлардай шуласқан жұрт...
“The Qazaq Times”