Қытайда қазақтарға қысастық күшейді. Шыңжаң-ұйғыр автономиясында жазықсыз түрмеге тоғытылып, тағдыры талқан болып жатқан қандастарымыздың саны күн санап артып барады. Оспадар саясат ұстанған көрші мемлекет билігі - Қазақстанға келіп, білім алып жатқан қазақ студенттерін елдеріне шақырып, түрлі желеумен абақтыға қамап жатқан көрінеді. Соңғы дерек бойынша, 71 студент шекара аса алмай, Қытайда қалып қойған. Күштік құрылым оларды матап, саяси үйрету орталықтарына жаппай жеткізіп жатыр.
Арғы беттегі ағайынның мүшкіл күйіне алаңдаған арда азаматтар Алматыда қоғамдық қабылдау өткізді. Жиынға еліміздің зиялы қауым өкілдері, оппозиция белсенділері және Қытайда қамауда отырған қандастарымыздың туыстары қатысты. Олар Қазақстан билігіне бірнеше талап қойып, арнайы қарар қабылдады.
Әміржан Қосанов, саясаттанушы:
"Президент халықтың жанайқайын естісін! Білмесе, жеткізейік! Қоғам талап қойып, мінез көрсетсін. Сонда ғана сең бұзылады. Өкінішке орай, біз 27 жылдың ішінде Қытайға кіріптар болып қалдық. Оған билік кінәлі. Біз Қытайға тек мұнайымызды сатып жіберген жоқпыз. Намысымыз бен рухымызды да қоса саттық. Қазақстан билігіне қоятын алғашқы талабымыз - көшті ұлғайтып, Қытайдағы қандастарымызды толық көшіріп алсын! Мемлекет ақшаға кенде емес. Ұлттық капиталды да жұмылдыруымыз керек. Бай-бағландар шетелден әртіс әкеліп, кеудемсоқтанғанша, жәрдемге мұқтаж қандастарымызды өз елімізге жеткізіп, үй салып берсін. Мемлекет түкке тұрғысыз ЕХРО сынды көрмелерді өткізіп, ысырап болғанша, қап қаражатты халықтың тұрмысын оңалтуға жұмсасын! Екіншіден, Қытай біздің мұнай мен газымызға, басқа да табиғи ресурстарымызға зәру болып отыр. Осыны пайдаланып, біздің билік көрші мемлекетке айтсын: "Жазықсыз қамалған отандастарымызды босатыңдар, әйтпесе сендерге шикізат бермейміз!" - деп. Осындай ультиматум қою керек! Үшіншіден, халықаралық ұйымдардың назарын осы мәселеге аударуымыз қажет. Контр насихат жасап, Қытайда "содыр", "сепаратист" деген желеумен түрмеге жабылған отандастарымызды босатып алайық. Еуропарламентке шығып, шетелдік белді телеарналардың көмегіне жүгінейік. Қазақта "бұға берсең, сұға береді" деген жақсы тәмсіл бар. Одан кейін, шеттен келген қандасымызды "оралман" деп, өзектен тебуді доғару керек. Олар біздің отандастарымыз!"
Қытайда қуғынға ұшыраған қандастарымыздың жадау күйі - осыған дейін де бірнеше рет айтылған. Тіпті, бір топ белсенді өткен жылдың тәмам тұсында Астанада арнайы жиын өткізіп, еліміздің сырты істер министрлігіне 100-ден аса арыз-шағым өткізген еді. Алайда ведомство әлі күнге ешқандай шара қолдана алмай отыр.
Қабдеш Жұмәділов, жазушы:
"Қазақта "Иесін сыйласаң, итіне сүйек сал" деген мақал бар. Қазақстанның халықаралық беделі мықты, дамыған елдердің қатарына енеміз деп мақтанамыз. Егер Қытай билігі біздің мемлекетті сыйласа, біздің Президентті құрметтесе, онда қандастарымызға қысым көрсетпеуі керек еді. Анығында олар біздің үкіметті елемей отыр. Меніңше, біздің Қытайға беретін берешегіміз көп. Сондықтан оларға тіс жарып, ештеңе айта алмай отырмыз. Қарызға белшеден батқан соң, ләм-лим деуге қауқарымыз келмей қалды. Біздің билік шеттегі қазақтарға селқос қарайды. Көшіп келген адамға 10 жылға дейін куәлік бермей, сенделтіп қояды. Оның үстіне, куәлікті саудаға айналдырып, сатады. Сөйтіп, қандастарымыздың қалтасын қағады. Бұл не масқара? Көші-қонның іркіліп қалуына осы себеп болды. Қытай түрмесінде 40 жыл отырып шыққан ұлы жазушы Қажықұмар Шабданұлы абақтыдан босап шыққан соң, біздің елдің президентіне 2 мәрте хат жазды. Өзінің туған жері Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауанынан қуықтай жер бөліп, сол жерде жерлеуін өтінді. Қаламгер қайтыс болған соң, ол арманына да жете алмай кетті. Біздің билік сондай тұлғаның өзін Қазақстанға әкеліп, жерлей алмады. Бұл біздің мемлекетіміздің дәрменсіз, мүсәпір екенін көрсетсе керек!"
Қытайда қамауда отырған қандастарымен мұндағы туыстары хат алмасып, хабарласа да алмай отыр. Өйткені, ғаламтор байланысы түгел үзілген. Көрші елде қазақ тілінде жазылған оқулықтарды оқуға, діни жоралғыларды жасауға, тіпті салтқа сай рәсім атқаруға болмайды. Кімде-кім бұйрыққа бағынбаса, бірден тұтқындалып, темір торға тоғытылады. Зар илеген бұқараның бар үміті - Қазақстан билігінде. Олар бүгін қабылданған қарарды мінбердегілерге ұсынып, жауап күтпек. Егер шенділер шешім шығармаса, адам құқықтарын қорғайтын халықаралық ұйымдардың көмегіне жүгінбек.
“The Qazaq Times”