2017 жылы барлығы 51 елде 124 миллион адам азық-түлік жетіспеушілігінің зардабын тартқан. Мұндай мәлімет Азық-түлік дағдарысы жөніндегі Ғаламдық баяндаманың соңғы нұсқасында жарияланды. Сараптап көрер болсақ, ашаршылыққа ұшырағандар 2016 жылмен салыстырғанда 11 миллионға көп екен.

Аталған баяндама Еуропалық одақ, БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымы және БҰҰ-ға мүше елдерге арналған Бүкіләлемдік азық-түлік бағдарламасы тарапынан жасалды. Баяндамада қазіргі таңдағы ашаршылықтың қаншалықты ауыр деңгейде екендігі, қаншама мың адам өмірінің қыл үсінде тұрғандығы ашық айтылды. Ашаршылық зардабын тартушылар санының бұлайша үдемелі түрде өсуіне Мьянмадағы, Нигерияның солтүстік-шығысындағы, Конго Демократиялық Республикасындағы, Оңтүстік Судандағы және Йемендегі қауіпсіздік шараларының жоқтығы мен қақтығыстардың ушығуы себеп болған. Ұзаққа созылған құрғақшылық жағдай да Африканың оңтүстік және шығыс бөліктеріндегі онсыз да азық-түлік жетіспейтін елдердегі жағдайды одан бетер қиындатып жіберген.

Ашаршылықтың ең басты себебі — саяси қақтығыстар

Баяндамаға сүйеніп айтсақ, негізгі 18 елдегі ашаршылық (оның 15-і Африка мен Таяу Шығыс елдері) қолдан жасалуда, яғни жағдай толассыз түрде жалғасқан қақтығыстардың салдарынан болып отыр. Бұл - дүниежүзі бойынша азық-түлік жетіспеушілігінің негізгі себебі, яғни осы тектес жағдайлардың 60 пайызын құрап, 74 миллион адамды қамтиды.

Табиғи апат болып саналатын құрғақшылық 23 елде тіркелсе, статистика бойынша 39 миллион адам ішерге ас таба алмауда.  Бұл елдердің үштен екісі Африкада орналасқан.

Алда ауыр жол күтіп тұр

2018 жылы да азық-түлік дағдарысының негізгі себебі қақтығыстар болып қалмақ. Сондай халықаралық қақтығыстар жайлаған елдердің тізіміне Ауғанстан, Орталық Африка Республикасы, Конго Демократиялық Республикасы, Нигерияның солтүстік-шығысы, Чад өзенінің төңірегі, Оңтүстік Судан, Сүрия, Йемен, Ливия және Сахел (Мали және Нигер) елдері кіреді.

Әсіресе, Йемен ашаршылық зардабын бәрінен де қатты тартуы мүмкін. Себебі, қазіргі таңда Йеменде экономикалық дағдарыспен қоса, қауіпті ауру өршіп тұрған көрінеді.

Құрғақшылық дендеген елдер қатарына Сомалидің жайылымдық аймақтары,  Эфиопияның оңтүстік-шығысы, Кенияның шығыс бөлігі, сонымен қатар, Сенегал, Чад, Нигер, Мали, Мавритания Буркино Фасо елдерімен қоса, Батыс Африка мен Сахел мемлекеттері де жатады.

Бармақ тістеп қалмайық...

Азық-түлік дағдарысы туралы Ғаламдық баяндама бірқатар дереккөздерден аймақтық және ұлттық мәліметтерді біріктіріп, сараптама жасап, сол арқылы гуманитарлық көмекпен жағдайды біржола жоймаса да, алдын алуға болатынын хабарлады.

Бүкіләлемдік азық-түлік бағдарламасы мен Еуропалық одақ тарапынан 2016 жылғы Бүкіләлемдік саммитте құрылған Азық-түлік дағдарысына қарсы Ғаламдық күрес желісі әлемдік гуманитарлық көмек көрсету бойынша ұйытқы болады деп күтілуде.

"Қақтығыстар мен климаттық өзгерістердің салдары орны толмас қайғылы өкініштер мен бармақ тістер жайттарға себеп болуы мүмкін: бүгінде миллиондаған адамның ішерге асы жоқ. Әскери әрекеттерге дереу нүкте қойып, дүниежүзілік деңгейде бірлесіп әрекет етуіміз керек. Назарларыңызға ұсынып отырған Ғаламдық баяндама басымыздағы дағдарыстың ауқымын көрсетіп қана қоймайды, сонымен қатар егер біз саяси күшіміз бен жаңа технологияларымызды біріктірсек, қазіргіден әлдеқайда тұрақты да тыныш, әрі бейбіт планета орната алатынымызды білдіреді. Сол үшін уақыт жоғалтпауды өтінемін" , - деді Бүкіләлемдік азық-түлік бағдарламасының атқарушы директоры Дэвид Бисли.

 

“The Qazaq Times”