2018 жылдың 19 ақпанында ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев  қол қойған әліппе нұсқасы алдынғы екі нұсқадан әлдеқайда жақсы. Бірақ бұл нұсқаға да  реформа қажет деп ойлаймын, себебі  мұнда пернетақта,  қала атаулары, веб-сайт атаулары, электрондық пошта және т.б. мәселелер өз шешуін дұрыс таба алмайды. Ал нұсқаның ең басты кемшілігі - егер біз Әлемдік АҚШ клавиатурасына бейімделмесек, латын әліппесінің жағдайы қиындай түседі.

Себебі латын әліппесіне көшкенде қазақ  латын әліппесі қосымша тіл болып қосылады.  Ағылшын тілі  жүйенің тілі,  оны біз алып тастай алмаймыз.  Орыс тілі  экомикамызға  сіңіп кетті, ол да жанымызда болуы тиіс.  Төртінші тілді айтпағанда,  үш тілде- ақ бір уақытта компутермен жұмыс  істеу  ыңғайсыз және Президент  көтеріп отырған Цифрлы Қазақстан бағдарламасы қазақ тілі үшін арманға  айналып, айдалада қалатыны сөзсіз.

Бұл жөнінде аздаған ұсыныстарым бар:

  • АҚШ-тың халықаралық пернетақтада бізге Ǵ, Ń, ǵ, ń басуы қиындық туғызады. Ал бұны ұсынған шешу жолдары өте мардымсыз.
  • Интернет желісінде Ғ, И, Ң мазмұнын білдіретін толық атауларды жаза алмаймыз, мысалы Интернет желісінде ғылым, ғалым... веб-сайт атауларын, электрондық пошта т.б. жазу мүмкін емес.Біз У, Ұ, Ү әріптерін пайдаланатын жерлерде жиі шатасамыз: жұмбақ , жұрнақ, жұмыс,  сол тұста, түс, тыс., сондықтан «Ү» әріпіне қол тигізбеген жөн,  оны  Ý деп белгілесек, сол үйренген  қалпында  жеңіл қабылдаймыз және сөзге сән мен мән береді. Мысалы: Үй- Ýi,  Үкімет Үйі - Ýkimet Ýii .
    Және   Ә, Ө,Ү,Ұ  әріптерін  латын әліппесімен  Á, Ó, Ý, Ú таңбаласақ, бұл    әріптер  26  латын әріптен тыс болғандықтан,  оқырманға қазақ дыбыстары екендігін көрсетеді. Сол себептен бұл әріптерге ережелер қолдануға болады.

Йй-Yy, Ii  сөздің сoңында, ортасында  Айтуар-Aytuar, егер й әрпі Ә, Ө, Ү, Ұ-дан кейін тұрса, онда  і  жазамыз  Үй-Ýі, күйініп-kýiinip,  арай-aray, Бурабай – Burabay, Айыртау-Ayyrtau

Мысалы:  Аида –Aida,  Саида-Saida.  Бала қойларды  айдап барады- Bala qoylardy aydap barady.   Жылқылар сайда жүр – Jylqylar sayda jýr.

Ұ әріптің орнына U жазу қолайсыз, себебі біз бүкіләлемдік дайын деректер банкісінен алшақтаймыз.  Оған  қоса орыс тілі Инернет саласында төртінші тіл болып саналатынын есте сақтаған жөн.  Мысалы, жиі қолданылатын университет сөзі–ақ орысша да, ағылшынша да   қазақ тіліне керісінше әсерін тигізеді.

  • У әріптің орнына Ý жазу қолайсыз,  себебі біз  бүкіләлемдік дайын деректер банкісінен алшақтаймыз. Ал деректер банкісі дегеніміз әлемге әйгілі ағылшын тілімен және осы тілге бейімделіп жасалған кез-келген күнделікті программалармен байланысты.  Бүгін кез келген қала аты, өзен аты  тіпті кез келген нәрсенің аты интернетте 26  латын әріпте ғана беріледі, сол себептен У әріпті біз акутсіз жазамыз. Сонда кез келген сөз Интернет саласында қысқа (й) не болмаса (ы) оқылады, себебі Интернет қолданушылар браузердегі сөз жолын ағылшынша қабылдайды.  Мысалы Көкшетау, Ақтау, Атырау, Шу, Ақсу  Интернетте Көкшетай, Ақтай, Атырай, Шы, Ақсы болып оқылады, басқаша оқылуы мүмкін де емес.  Өйткені Интернетте  соңғы нұсқамен біз былай жазамыз:

kokshetay.kz  aqtay.kz  atyray.kz  shy.kz   aqsy.kz. Ал ең қызығы  бүгінгі күні бұлар Интернетте kokshetau.kz  aqtau.kz  atyrau.kz  shu.kz   aqsu.kz   деп жұмыс істеп жатыр. Енді бұған миллиардтан астам электрондық пошталарды қосайық... Біз оған үйреніп қалдық. Қазақстанның Интернеті әсіресе қазақ тілінде  контенті ақсаңдап жүргенде  бұл салаға өзіміз қиындық туғызсақ ертеңгі күніміз не болмақ?

  • И,Й әріптердің орнына I, Í  жазу қолайсыздық туғызады, себебі біз  бүкіләлемдік дайын деректер банкісінен алшақтап, латын әлемінде адасып қаламыз. Себебі мұнда да  орыс тілі Инернет саласында төртінші тіл болып саналатынын, орыс тілінің біздің экономикамызға  және басқа ұлт түгілі өзіміздің қазақ ұлт өкілдерінің санамызға кіріп кеткенін ескеруіміз қажет.  Біз I, Í  әріптерімен қолдана бастаған күннен  өзімізге өзіміз пәле сұрап  аламыз

Латын әліппесіне көшіп жатырмыз, ал оған "Ресейдің ойы қандай?" деген сұрақ туар. Менің өз жауабым, біріншіден біз Тәуелсіз мемлекетпіз  және Ресейдің бар айналдыратыны Қазақстан,  егер олар бізге осы жолы да ықпал жасағысы келсе,  жақын жолдасын жоғалтып алуы мүмкін және бұған ресми өкілдері жауап берді. Бірақ біз бұны ұйқы қалпында  түсінбейік. Себебі бәрімізге мәлім ақпан айында Алматыда  Цифрлық форум өтті. Алматыда болған сақылдаған сары аязға қарамастан, Медведев мырза модератор болды деп санаймын. Бұл форумның фундаменті осыған қатысқан мемлекеттерді цифрлы түрде қауымдастыққа біріктіру. Енді ойланайықшы, бүгінгі күні Интернеттен  басқа қандай байланыс ұтымдылау?!  Біздің электрондық үкіметті қоя тұра,  үкімет пен парламентіміз қазақ  тіліне енді көшіп жатса, бұны біз қай қалпында қабылдаймыз?

Бұл салада, менің ойымша, ең бірінші қадам-электрондық саланы қолға алу. Бізде Зерде  дейтін мемлекеттік ақпараттық-коммуникациялық холдинг бар. Кезінде бұл холдинг  Самғау боп құрылған, оның бірінші бастығы Серік Бүркітбаев болған. Бұл холдингтің маңыздылығын түсінсек, қазақ тілі осы мекемеден басталуы тиіс.

Егер  кез -келген істі кадр мәселесі шешеді десек, біріншіден  бұл салада  жұмыс істейтін адамдарға жұмысқа тұрар кезде ерекше конкурс ұйымдастыру керек. Мысалы, қазақша, ағылшынша тест тапсыру қажет. Ал бұл іс гумандық түрде  өту үшін басқа ұлт өкілдеріне бастапқы уақытта жеңілдік болуы тиіс.

Мысалы:

Қазақ ұлт өкілдеріне тестпен қоса, шығарма жазу қажет.

Түркі тілдес өкілдеріне жеңілдеу шығарма.

Орыс ұлт өкілдеріне диктант.

Бұл істі әділетті өткізу үшін тест компьютерде өтуі тиіс. Президенттің  "Қазақстанның келешегі қазақ тілінде" деген сөздерін іске асыратын болсақ,  ең бастысы Цифрлы Қазақстанды жедел түрде мемлекеттік тілге бұруымыз қажет.  Қазір біз Медицина саласын  цифрға көшіруге асығып жатырмыз, тіпті осы жылдың аяғына дейін бүкіл медицинаны цифрлы жүйеге көшірмекпіз. Бұл жаңалық емес, бірақ қазақ тілінің ауқымы қанша екен бұл салада? Бұны міндетті түрде ескеру қажет.  Айта кететін жағдай, егер дәрілер латын әліппесінде жазылатын болса, қандай әліппені қолданамыз деген сұрақ тағы да туындайды.

Жанат Аймағанов

“The Qazaq Times”