Бүгін ҚР Президенті Қазақстан халқына арналған "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" атты кезекті жолдауын жариялады. Жолдауда әдеттегідей Қазақстан экономикасы, қаржы секторын "қайта жаңғырту", әлеуметтік жағдайды реттеу, білім, денсаулық саласы, жемқорлық мәселелері тағы бір мәрте айтылып, жауаптыларға тапсырмалар берілді. Биылғы жолдауда біздің көзімізге ерекше түскені Президенттің жемқорлыққа қатысты келтірген статистикасы болды. Яғни соңғы үш жыл ішінде Қазақстанда жемқорлық үшін 2,5 мыңнан астам адам сотталған екен. Ал бұл аз ба, көп пе? Президенттің 2011 жылдан бергі жолдауларында айтылған жемқорлыққа қатысты деректеріне шолу жасап көрдік.
ҚР Президентінің 2011 жылдың 28 қаңтарындағы "Болашақтың іргесін бірге қалаймыз" атты жолдауында "сыбайлас жемқорлықпен бітіспес күрес жүріп жатқаны" туралы айтылды.
"Қазіргі таңда халықаралық сарапшылардың бағасы бойынша Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасы ең тиімділердің бірі деп танылған. Тек 2 жылдың ішінде қылмыстық жауапкершілікке 40-тан астам республикалық деңгейдегі жетекші, облыстық және қалалық ауқымдағы 250-ден астам лауазымды тұлғалар тартылды, олардың арасында 39 әкім мен олардың орынбасарлары бар", - деген мәлімет келтірілді Президент жолдауында.
Мемлекет басшысы Қоршаған ортаны қорғау, денсаулық сақтау министрлерінің, статистика жөніндегі агенттік төрайымының, төтенше жағдайлар және қорғаныс вице-министрлерінің, «Қазақстан темір жолы» компаниясы басқарма төрағасының, «ҚазМұнайГаз», «Қазатомпром» компаниялары президенттерінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді.
"Үш жылдың ішінде біздің еліміз әлемдік антикоррупциялық рейтингтегі көрсеткішін бірден 45 сатыға жақсартты. Осы индекс бойынша біз бүкіл ТМД-да үздік позицияда тұрмыз", - деген Президент жолдауында.
2012 жылдың 27 қаңтарындағы "Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты" жолдауында Президент "жаңғыртудың маңызды мәселелерінің бірі - сыбайлас жемқорлыққа қарсы шешуші күрес" екенін атап өтті.
Сондай-ақ, Жолдауда осы бағытта жүргізілген іс-әрекеттерден мемлекеттік аппаратта жемқорлық деңгейі едәуір қысқартылғаны және бұл жөнінде халықаралық сарапшылардың баға бергені туралы айтылды.
Осылайша, жемқорлықпен күресудің жаңа стратегиясы әзірлену керектігі айтылып, Үкіметке сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрделі бағдарламаны үш айдың ішінде дайындауға және ұсынуға тапсырма берілді.
Алайда тапсырма беріліп, жемқорлықпен күрес жүргізіліп келе жатқанмен, бұл мәселе Президенттің келесі Жолдауында да айтылмай қалған жоқ. 2012 жылдың 14 желтоқсанындағы "Қазақстан-2050" Стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" атты жолдауында Президент "Мемлекет пен қоғам жемқорлыққа қарсы күресетін бір күш болуға тиіс" екенін еске салды.
"Жемқорлық – жай құқық бұзушылық емес. Ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді сетінетеді және ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер болып саналады. Біз түпкі мақсатымыз – жемқорлықты құбылыс ретінде жою үшін жемқорлыққа қарсы заңнамаларды жетілдіру арқылы жемқорлықпен күресті қатты күшейтуіміз керек", - деген еді Президент кезекті жолдауында.
2014 жылдың 17 қаңтарындағы "Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ" атты жолдауында Президент "аса маңызды міндеттердің бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегияны қалыптастыру және іске асыруды жалғастыру" екенін тағы бір мәрте атап өтті.
Ал 2014 жылғы 11 қарашашадағы "Нұрлы жол – болашаққа бастар жол" жолдауы мен 2015 жылдың 30 қарашасындағы "Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму" атты жолдауда жемқорлық мәселесі сөз болған жоқ. Есесіне осы екі жылда Қазақстанда ең шулы жемқорлық даулары басталды. Республика тарихында екінші рет премьер-министр "жемқорлыққа қатысы бар" деген айыппен сотқа тартылды. Бұдан бөлек Павлодар облысының бұрынғы әкімі мен Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің экс-төрағасы "жемқорлық дауына" ілінді.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылғы 31 қаңтарындағы "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" жолдауында: "Біз елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бағытында елеулі қадамдар жасадық. Алайда, басты назар көбіне сыбайлас жемқорлықтың салдарларымен күресуге аударылып отыр.
Сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту қажет", - деп мәлімдеді.
Ал осы жылғы жолдауда соңғы үш жылда "жемқорлық дауымен" сотталғандар туралы нақты мәлімет келтірілді.
"Жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күрес жалғаса береді. Көп жұмыс істеліп жатыр. Соңғы 3 жылда ғана жоғары лауазымды шенеуніктер мен мемлекеттік компаниялардың басшыларын қоса алғанда, жемқорлық үшін 2,5 мыңнан астам адам сотталды. Осы уақыт ішінде олардың 17 миллиард теңге көлемінде келтірген залалы өтелді", - деп мәлімдеді Президент өзінің жолдауында.
Міне, бұл Қазақстанның 7 жыл ішіндегі "жемқорлық дауының" көрсеткіші. Басқа статистиканы былай қойып, Президент жолдауындағы деректерді ескерсек, 2009- 2011 жыл аралығында елімізде 300-ге жуық адам жемқорлық ісімен сотталса, 2014-2017 жылдар аралығында сотталғандар саны 2,5 мың адамнан асып отыр. Әрине екі уақыт арасында бір жыл айырмашылық бар. Бірақ байқағанымыздай, 2011 жылмен салыстырғанда 2017 жылды қоса алғанда соңғы үш жылда жемқорлық деңгейі 6-7 есеге өскенін көреміз. Яғни жемқорлықпен күрес жұмыстары күшейген сайын оған жол беретіндер саны да артып бара жатқандай.