Ауылдағы қазақ тілді баланың білімі қаладағы орыс тілді баладан 3 жылға қалып қойған. Қазақ мектебіндегі 7 сынып оқушысының білімі, орыс мектебіндегі 4 сынып оқушысының біліміне жетпейді. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен «OYLA» (ОЙЛА) ғылыми-көпшілік журналының ашылу рәсімінде, басылымның ғылыми редакторы Алмас Ордабаев мәлім етті деп хабарлайды “The Qazaq Times”.
Еске сала кетсек, журналдың қазақ тіліндегі нұсқасы былтыр жабылып қалған. Себеп – оқырман саны аз болғандықтан. Биыл редакция ұжымы қазақ тіліндегі басылымды қайта қолға алыпты. Неге? Өйткені, қазақ мектептеріндегі оқушылар үшін қазақ тіліндегі ғылыми, біліми материал жоқтың қасы. Бұдан келіп, қазақ тілінде берілетін білімнің сапасы төмен, орыс тілді мектептің сапасы жоғары деген түсінік нығая береді.
«Бізде қазақ тілді материалдың сапасына сенімсіздік бар. Сондықтан, көбіне орыс тілді мазмұнға жүгінеміз. Тұрмыстағы қарапайым мысалды алып қарайық, біз әдетте банкоматтан ақша шығарар кезде орыс тілін таңдаймыз, себебі соған үйреніп қалғанбыз. Бірақ, жаңа өсіп келе жатқан ұрпақ бұндайға әдеттенбеуі керек, оларға қазақ тіліндегі сапалы ғылыми материалдарды ұсынуымыз керек. Біз осыған ұмтылып отырмыз. Қалыптасып отырған осы үрдіспен біз күреспесек, біз жөнге салмасақ, кім қолға алады? Барлығымыз атсалысып, қазақ тілінде оқитын балаларға бағыт беруге және көмектесуге тиістіміз. Осы жұмысты жалғастыратын болсақ, аз уақыттың ішінде қазақ тілінде оқитын балалар өздеріне керекті білімді сараптап, аяқтарынан нық тұрады деден сенімдеміз» дейді А.Ордабаев. Айта кетейік, Алмас химия пәнінің маманы, олимпиадаларға оқушылар дайындап, қазақ балаларының ғылым биігінен көрінуіне еңбек етіп жүрген тәжірбиелі ұстаз. «Үздік педагог 2016» республикалық конкурсының жеңімпазы.
Алмастың ойын журналдың бас редакторы Ғамзат Бияров толықтады. «Біз ғылым мен технологияның тілін үйреніп, оны балаларға жеткізгіміз келеді. Өйткені, өскелең ұрпақ оқу мен жасампаздықтан қорықпауы қажет. Біз қазақ мектептерінде оқитын балалар үшін мемлекеттік тілдегі ақпарат пен дәріс алудың өте маңызды екенін түсінеміз. Сондықтан, Қазақстанда шығатын бірден-бір ғылыми-көпшілік журналға қолдау көрсеткені үшін серіктестерімізге ризашылығымызды білдіреміз. OYLA журналы мектеп оқушыларының көңілдерінен шығады деген ойдамыз» деді журналдың бас редактор. Оның айтуынша, алғашқы нөмір 2500 данамен шығып, Қазақстандағы 200 мектепке тегін жеткізілген. Журналдың оқырманы болатын мектептер қатары әлі арта түседі дейді.
Енді басылым туралы қысқаша таныстыра кетейік. OYLA - Қазақстандағы орта және жоғарғы сынып оқушылары мен білімге құштар ересектерге арналған алғашқы ғылыми-көпшілік журнал. Журнал жаратылыстану ғылымдары – математика, физика, химия, биология, астрофизика бағытындағы мақалалардан, гуманитарлық ғылымдар – тарих, риторика, тіл ғылымдары бағытындағы және жалпы танымдық мақалалалардан, қызықты оқиғалар, теоремалар мен есептерді анықтау, өнертабыстар, ғалымдардың ашқан жаңалықтары туралы мазмұндардан тұрады. Басылым балаларға күрделі ұғымдарды жеңіл тілмен түсіндіруге бағытталған.
Қазірше жураналда қазақ тілді авторлар жазған түп нұсқа материалдар аз. «Себебі, қазақ тілді журналистер арасында, ғылми тақырыпқа маманданған білікті әріптестер жоқ» дейді журналдың редакциялық директоры Асем Жапишева. Сонықтан, басылымның бірінші санындағы мақалалар аудармаға негізделген. «Егер, сауатты, ғылыми тақырыпта жазатын қазақ тілді журналистер болса, бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз. Әзірге, авторларымыздың біразы шетелде тұратындар. Ғылым докторлары, кандидаттар» деді А. Жапишева.
Басқосуда медицина ардагері Талапқали Ізмұхамбетов жақсы ойларымен бөлісті. Журналды көріп риза болғанын, осындай ғылыми басылымдардың жас ұрпаққа берері көп екенін айтты. Кездесуге қатысқан «Қазақ география қоғамының» өкілі Қайсар Тұрсынқожа да, өз ұйымдарының жаратылыстану ғылымдары бағытында қолдау көрсетіп келе жатқандарын айтты. Мысалы, Дінмұхамед Майлыбай атты жасөспірімнің НАСА-ның жазғы мектебінде оқуына қолдау көрсеткен және т.б. «Бұл сондай шараның логикалық жалғасы. Қазақ география қоғамы» демографияны зерттеумен де айналысады. Соған сүйенсек, еліміздегі 1-6 жас аралығындағы балалардың 90-95 пайызы қазақша тілі шығады. Қазақ тілі бай, көркем тіл, оның аясын кеңітуді мақсат етіп отырған азаматтарды бәріміз қолдауымыз керек» деді ол.
Журналды таныстыру жиынында әлеуметтік мәселе де қағыс қалмады. Қазақ мектептерінің білім беру әлеуеті, қазақ тілді ғылми әдебиеттердің аздығы талқыға түсті. Редакция ұжымына журналистер сұрақ қойды.
Басылым қазірге мемлекет тарапынан қаржылық қолдау көріп отырған жоқ. Бұны журнадың құрылтайшысы «ТЕХНОБАТЫР» ЖШС директоры Ердос Төлегенов мәлім етті. Журналдың мемлекеттік тілде шығуы Қазақ географиялық коғамы мен Chevron, ForteBank және «Тенгизшевройл» компанияларының қолдауында жүзеге асқан. Алдағы уақытта журналдың Марина Шарипова бас редакторлық ететін сайты да іске қосылады.
OYLA ғылыми-көпшілік журналының редакция ұжымы қазақ тілді оқушылардың білім сапасын, дүниетанымын кеңейтуге бағытталған жұмысқа барымызды саламыз, оған қоғамның қолдауы да қажет дейді.
“The Qazaq Times”