Ресей 2013 жылы құлаған «Протон-М» зымыраны үшін Қазақстанға өтемақы төлейтін болды.
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың сөзінше, Ресей тарапы 2013 жылы құлаған «Протон-М» зымыраны үшін Қазақстанға өтемақы төлеуге міндетті. Ол журналистер алдында сөйлеген сөзінде: «Мен «Протон-М» зымыраны құлаған күннің ертеңінде оқиға орнында болдым. Ол жерде ресейліктер бөлек тілде, біз мүлдем бөлек тілде сөйлестік. Өйткені ғарыш айлағында кімнің заңы жүретінін біз білмедік. Олар өз заңдары бойынша сөйлейді, біз өз заңымыз бойынша сөйлеміз. Бірақ кейіннен ғарыш айлағында Қазақстан экологиялық кодексі бойынша жұмыс істейтін болып келістік. Қазір Қазақстанға тиісті өтемақы төлеуге байланысты келіссөздер жүргізілуде. «Ресей өтемақы төлей ме?» - деген сұрақ бұл жерде мүлдем болмауы тиіс» - деген.
Естеріңізге салайық, «Протон-М» зымыраны 2013 жылдың шілде айында Байқоңыр ғарыш айлағынан әуеге көтерілген бетте апатқа ұшыраған болатын.