Өткен жылы оқу бітірген 553 жас өз мамандығы бойынша мемлекет жолдаған өңірлердегі жұмыс орындарына барудан бас тартқан. ҚР «Білім туралы» заңына сәйкес, ауыл квотасымен педагогикалық, медициналық және ветеринарлық мамандықтар бойынша білім алған студенттер, оқудан соң 3 жыл көлемінде мемлекет нұсқаған орында қызмет етпесе, өздеріне жұмсалған бюджет шығындарын толықтай өтеуі тиіс. Ал студенттер оқуға құжат тапсырған кезде, мұндай міндеттемелер жүктелетінін ешкім ескерткен жоқ дейді.
Қолына дипломын алып, өзінің туған өңірінің жұмыспен қамту орталығына келген жасқа оның мамандығы бойынша бос жұмыс орны табылмаса, отбасылық жағдайына байланысты бала күтімінен босай алмаса, не оқуын ары қарай магистр дәрежесімен жалғастыратын болса, олар мемлекет алдындағы «қарызынан» біржола босайды. Сондықтан жыл сайын ғылыми зерттеу жұмыстарын жаны сүйіп, өз саласына инновациялық жаңашылдық әкелемін деген талпынысы болмаса да, төрт жылдық оқуын тәмәмдағандардың басым көпшілігі «ғылым магистрі» дәрежесін алу үшін білімін жалғастыруға жанталаса ұмтылады. Магистратура үшін гуманитарлық салаға бөлінетін мемлекеттік гранттар саны шектеулі болғанымен, техникалық, ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерін дайындауға әр мамандыққа орта есеппен 70-100 грант шамасында беріледі. Бұл оқу бітіргендердің 50-60 пайызы көңілі қаламаса да, қамсыз өмірін жалғастыру үшін университет табалдырығын тағы да екі жыл тоздырады деген сөз.
Әлемдік SCImago рейтингінде Қазақстан ғылыми жарияланымдардың саны бойынша 239 мемлекеттің ішінде 76-орынға тұрақтап, Орталық Азияда көш бастап тұрса да, отандық ғылымның дамуы неліктен көш ілгерілемейтінін енді түсінген шығарсыз.
Өз өлкесіне оралып, туған еліне еңбек сіңіруге ниетті жастың бірі Мансұров Бектөре Ерғалиұлы биыл оқу орнын орман шаруашылығы мамандығы бойынша аяқтаған. Арыс қаласынан кәсібіне сай қызмет орнын таба алмаған соң, оны Қызылорда қаласына жергілікті зауыттың біріне лаборант көмекшісі болуға бағыттапты. «Сыр өңірінде бірде бір танысым не туысым жоқ, еңбек өтілінсіз берілетін бастапқы жалақы мөлшеріне баспана жалдап, ас-суым мен киімімді түгендеп, қалай күнелтемін деп, барудан бас тарттым», -дейді енді не істерін білмей дағдарған университет түлегі.
Алматы қаласында 138 мың студент бар. Олардың 75 пайызын құрайтын 80 мың студент өзге қалалар мен ауылдардан келген. Қала халқының 30 пайызы жастар болса, алып шаһарда білім алушылардың әрбір 1,5 мыңы ауыл жастарының санатында. Аталған деректерге жыл сайын Алматыға арман қуып, жақсы өмір іздеп келетін 30 мың жасты қосыңыз. Ауылды өңірлерден келген жастарды жаңа ортаға бейімдеу, қала өмірінің қиындықтарын еңсеруге көмек көрсету мақсатында, Алматыда тегін ағылшын курстары мен кәсіптік білім беру бағдарламаларын қамтитын «Бағдаршам» жобасы жұмыс істейді. Онан бөлек, сауда қатарларында еңбек ететін жастардың бос уақытын ұтымды ұйымдастыру үшін қолға алынған «Жексенбілік футбол» ойындары да дәстүрге айналып отыр. Алматы қалалық жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы Елнұр Бейсенбаевтан, ауыл жастарының мәселесі туралы пікір сұрағанымызда, ол жуырда «Ауыл шақырады» акциясы аясында Алматы облысындағы елді мекендерге барған сапары мен өзі куә болған бірнеше оқиға туралы әңгімелеп берді:
– Бір байқағаным, ауылда жастар өте аз. Жазғы оқу демалысы кезінде де жастардың басым көпшілігі қосымша қаражат табу үшін қалаға жұмыс істеуге кеткен. Бір шаңырақтағы жалғыз ұлын жұмысқа шығарып салып отырған ата-ананы да көрдік. Бұл қалай деп таңданғанымызда, олар: «Ауылда жұмыссыз, сергелдеңге салынып жүргенше, қалада ел қатарына қосылудың қамын жасасын» деген жауап қайырды. Оқу бітірген көп жастың туған ауылына қайтуға құлықсыз болып, қалада қалып қоюының себебі де осыдан сияқты. Мәселен, ОҚО-да Таукент деген ауылда болдым. «Қазатомпром» өндірісі жүріп тұрғандықтан, жергілікті халық баласын жақсы жалақысы бар зауытқа, өз жанына алдыруға тырысады. Уран өндіретін Шолаққорған ауданында да жастардың біршамасы кәсіпорында қызмет етеді. Ауылды жерде тұрақты әрі қазіргі нарық талаптарына сай деңгейдегі жалақы беретін жұмыс орны, тұрмысқа қажетті өзге жағдайлар болса, жастар өз өңірлеріне оралуға қарсы емес.
Өткен жылы Алматы қалалық жастар саясаты жөніндегі басқарманың бастамасымен жүргізілген сауалнамаға қатысқан жастардың 93 пайызы оқу орнын аяқтаған соң, осында қалуға ынталы екендіктерін білдірген. Ал ресми деректерге сүйенсек, жыл сайын еңбек нарығын толықтыратын, қолында «маман» екенін растайтын куәлігі бар түлектердің 75 пайызы Алматыда қалып қояды. Дәл осы тұста Республиканың мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы Қайрат Қожамжаровтың «Өткен жылы ауылдық өңірлердегі 5 мың бос жұмыс орнының небәрі 3,5 мыңына ғана мамандар тартылған. Ұзақ уақыт бойы жалпы жұмыс орындарының 25 пайызы бос тұр» деген мәлімдемесін естеріңізге салуды жөн көріп отырмыз.
Бірақ үлкен қалада өз өмірін құру үшін күресіп жүрген жастарды әлеуметтік дамуы кенжелеп қалған ауылдарға бармағаны үшін жазғыру дұрыс емес дейді саясаттанушы Айдос Сарым:
– Қазақта «Ауылым – алтын бесігім» деген қастерлі ұғым болғанымен, бізге санамызды жаңғыртып, көзқарастарымызды жаңа заманға сәйкес бейімдейтін уақыт жеткен сияқты. Еліміздегі ауылдардың көбінің кезек күттірмей шешуді қажет ететін мәселелері шаш-етектен. Сондықтан, сонда туғаны үшін ғана жастарды ауылға қайтадан оралуға мәжбүрлеу дұрыс емес құбылыс. Осыдан бірнеше жыл бұрын, өндірісі жоқ, қиын жағдайда қалған ауылдардағы тұрғындарды өзге жерге көшіріп, «болашағы жоқ» елді мекендердің санын қысқартуға жұмыс істейтін бағдарлама болып еді. Тіпті, 20-30 ауылдың жабылғанын да естідік. Кейіннен осы мәселе аяқсыз қалғанға ұқсайды. Меніңше, шалғай өңірдегі, өркениет жетістіктерінен жырақта өмір сүріп отырған халықты әлеуеті зор, мүмкіндіктері кең аймақтарға көшіріп, оларды дамытуға күш салу керек. Егер ауылдағы жағдай қаладан кем түспейтін деңгейде болса, жастардың елді мекендерден жаппай қалаға қоныс аударуы бәсеңдер еді.
Қазақстанның Ауыл Жастары Одағы төрағасының орынбасары Жанар Досымова ауыл жастарының ең маңызды мәселелерінің қатарына білім сапасының төмен болуы, жұмыссыздық, қалаға жаппай көшу, бос уақытын тиімді ұйымдастыру мүмкіндіктерінің жоқтығын жатқызады. Бұл пікірмен Алматы облыстық жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы Айдын Нұрмаханбет те келіседі.
«Ауыл жастарының көбі маусымдық жұмыстарға тартылып, қалған уақытта бос жүреді. Олардың уақытын тиімді ұйымдастыратын мәдени клубтар мен үйірмелер, тегін курстар мен өзге де мүмкіндіктер жоқтың қасы. Қазір осы олқылықтың орнын толтыру үшін, ауылдардағы пайдаланусыз тұрған ескі ғимараттардың тізімін жасап жатырмыз. Оларды күрделі жөндеуден өткізіп, мәдени орталықтарға айналдырсақ дейміз», -дейді ол.
Жастарды ауыл не қаланың тумасы деп жіктегенмен, айналып келгенде бәрі – бір Қазақстанның болашағы. Сондықтан олардың рухани дамуы мен тұлғалық қалыптасуына жағдай жасау, қолда бар бағдарламалардың орындалу механизмдеріндегі кедергілерді анықтау – мемлекеттің әлеуметтік рөлін айқындайтын маңызды қадам.