Қазіргі таңда Қазақстан сияқты Ресейде өтпелі кезеңде тұрғаны белгілі. Біздің солтүстіктегі алып көршіміздің жағдайы бізден асып бара жатқан ештеңесі жоқ деп айтуға болады. Ол жақта Владимир Путиннен кейін билік басына кім келуі мүмкін деген сұраққа жауап таппай «басын тауға да, тасқа да соғып» жүргендердің қарасы қалың. Біз де бүгін "солтүстіктегі көрші елдің билігіне Путиннен кейін кім келуі мүмкін?" деген сұраққа жауап іздеп көруді жөн көрдік.
Шілденің 21-і күні Владимир Путин Ресей оқушыларымен кездесуде қойылған «Сіз қашан зейнетке шығасыз?» - деген сұраққа, «мен президенттік қызметтен кету жайында әлі ойламаппын» - деп жауап берді. Владимир Путиннің бұл жауабы 2018 жылы өтетін президент сайлауына тағыда қатысамын дегенді меңзейді. Яғни Путин 2018 жылы сайлауға қатысу арқылы өзінің президенттік өкілеттілігін 2024 жылға дейін создыруды қазірден бастап ойластырып отыр деген сөз. Қазіргі уақытта ресейліктердің 80 пайызы Путинді қолдайтынын ескерсек, онда ол 2018 жылы өтетін сайлауда міндетті түрде жеңіске жетеді және 2024 жылға дейін ел конституциясын өзгертпей-ақ билік басында қала алады. Владимир Путиннің неге билік басынан кетуге асықпайтынын соңғы уақытта Ресейдің алдынан шығып жатқан проблемаларына қарап түсінуге болады. Бұлай дейтін себебіміз шикізатқа құрылған Ресей экономикасы қазірдің өзінде мұнайдың арзандап кетуі мен батыс елдерінің салған санкциясы әсерінен әбден титықтап біткен. Оның үстіне Кремль маңында шоғырланған топ Путиннен кейін билік басына біреудің келуі жайында ойлаудың өзін артық санайды. Өйткені Путин билік басынан кететін болса, олардың осы уақытқа дейін жинап-терген миллиардтаған қаржыларын қорғайтын билік жүйесі құрдымға кететінін олар жақсы біледі.
Бірақ Владимир Путин 2018 жылы президент сайлауына жеңіске жеткен күннің өзінде ол 2024 жылы 72 жасқа келеді. Путин маңында жүрген олигархтар шоғыры жабылып жүріп оның билік өкілеттілігін созғаныменен олардың алдынан сол баяғы келесі «мұрагер» кім болады деген ауыр сұрақ шығатыны хақ.
Шетелдік сарапшылардың айтуынша, қазіргі уақытта Ресейде Путиннің орынан басатын үш адам бар. Біріншісі РФ қорғаныс министрі Сергей Шойгу. Бірақ ол халық арасында танымал болғанымен ішкі, сыртқы саясатта жұмыс істеуде аса тәжірибесі жоқ. Шойгу өмірінде әскери қызметтерден әрі асып көрмеген саяси тұлға. Оның үстіне ол таза орыс емес, Монғолиямен шекаралас Тува өңірінің тумасы. Ал орыстан өзгесін екінші дәрежедегі адамға санайтын қазіргі Ресей қоғамына қарасаңыз, оның президент болу мүмкіндігін «нөлге» теңеуге болады. Мұрагерлікке үміткерлердің екінші легі Мәскеу қаласының қазіргі мэрі Сергей Собянин мен премьер-министрдің орынбасары Юрий Трутнев. Бұл екеуінің ішінде ресейліктер арасында танымалдылығы жағынан Сергей Собянинді ерекше атауға болады. Ол мықты менеджер, ұйымдастырушы, бұған дейін мұнайға бай Ханты-Мансийск автономиялық округін басқарған. Бірақ оның да Сергей Шойгу сияқты бір кемшілігі бар. Олда таза орыс емес. Осы жерде көпшілік мәңгілік премьер Дмитрий Медведев мұрагерліктен тыс қайда қалды деп ойлауы мүмкін. Бұл сұраққа жауапты оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдан сұраған жөн. Өйткені Навальныйдың «Он вам не Димон» атты фильмінен кейін Медведевтің халық арасындағы рейтінгі құлдыраған болатын. Навальный Медведевтің шетелдердегі қаржы активтері мен миллиондаған доллар тұратын виллаларын осы фильмде жұрт назарына ұсынған болатын. Бұл фильмді YouTube желісінде қазірдің өзінде 24 миллионнан астам адам тамашалаған. Сондықтан «Димонның» билік басына келуі екі талай.
Қорыта келгенде Владимир Путинді жұрт қанша жамандағанмен ол Ресейге белгілі бір дәрежеде тұрақтылық орнатты. Оның билік басына келуімен Ресейде ислам терроризмі мен шешен сепаратизмі тоқтатылды. 1990 жылдармен салыстырғанда халықтың күнкөріс деңгейі жоғарлады. Ресейдің сыртқы саясаттағы салмағы артты. Бірақ көп саясаттанушылардың ойынша, Путинге президент өкілеттілігін 2024 жылға дейін созбай, билік басынан қазір кеткені дұрыс. Өйткені 2024 жылы 72 жасқа келген Путиннен қазіргідей ешкім сескенбейтіні анық. Ал бұл кезінде Борис Ельциннің Михаил Горбачевқа істеген ісіне алып келуі мүмкін. Себебі тарих қайталанады.