Соңғы уақытта Ресейде келмеске кеткен Кеңестер одағының басшысы Иосиф Сталинді жақтаушылардың саны артып келеді. Қазір Ресейде Путиннің орынына әлем жұртшылығы алдында қатігездігімен есте қалған Сталин сынды адамды көргісі келетіндердің қарасы көбейген.
Маусым айында жүргізілген әлеуметтік сауалнама бойынша, Ресей халқының 62 пайызы Сталинді қолдап, оның жүргізген саясатын насихаттауды, ескерткіш тақталарын орнатуды қолдайтындарын айтқан. Ал 65 пайызы бұқаралық ақпарат құралдарында Сталин жайында жағымсыз дүниелердің жариялануына қарсы екендіктерін білдірген. Бір қызығы сауалнамаға қатысқан азаматтардың ішінде Сталинді қолдайтындардың 77 пайызы 18-24 жас аралығындағы жас буын өкілдері.
Мәскеу өзі басқарып отырған Кеңестер одағынан тәуелсіздік алып, азат ел атанған жылдары Ресей қоғамында Сталинге деген жағымсыз көзқарас басымырақ болды. Бірақ бұл көзқарас айналасы 26 жылдың ішінде сүйіспеншілік пен қолдауға айналып шыға келді. Ол кезде Кеңестер одағының алғашқы және соңғы президенті Михаил Горбачев та, сол одақты құлатқан Борис Ельцин де Сталинді қылмыскер деп есептеген. Ал билік басына Владимир Путин келгелі бері Сталин ерліктің, күштің символына айналды. 2000 жылдарға дейін Ресей телеарналарынан, газет-журналдарынан Сталиннің жасаған қылмысы жайында айтылып келсе, қазір оның «жамандығы жасырылып, жақсылығы асырылып», ерлігі мен фашизимге қалай қарсы тұрғандығы жайында жиі айтылып жүр. Тіпті Ресей мектептерінде 1930 жылдары Сталин жасаған «қызыл террор» жай ғана болмашы дүниеге теңеліп, «социалистік демократия ұстанымдарының бұзылуы» деп қана оқытылып жүр.
Сталин құрған басқару жүйесін настихаттау қазір Кремльге өте тиімді болуы мүмкін. Өйткені Сталин жүйесі әскери лагерь негізінде құрылған басқару формасы. Бұл жүйеде билік қоғам алдында істеген істері үшін еш уақытта жауап бермейді. Жауап берсе де, өзінің жіберген қателіктерін сыртқы күштердің әсерінен болды дегеннен әрі аспайды. Егерде бұны 2000 жылдардан бері Кремль ұстанған саясаттың бір көрінісі деп қарастыратын болсақ онда болашақта бұл саясат сол Кремльдің өзіне ауыр соққы болып тиюі мүмкін. Себебі қазірдің өзінде Ресей жастары әлеуметтік желілерде: «Путиннің орынында Сталин болғанда Украинаға басып кірер еді», «Сталин болғанда Донбасс пен Луганскіні Украинадан тартып алар еді» деген пікірлерді жиі айтып жүр. Бұл әзірге Путин құрған билік жүйесіне қарсылықтың виртуалды түрі ғана. Ал болашақта ол неге ұласатынын ойлаудың өзі қорқынышты. Өйткені мұндай көзқарастағы адамдар демократияны аңсап қазіргі билік жүйесіне қарсы шығып жүрген оппозициялық топтармен мүлде сәйкес келмейді.
Ал енді Ресей қоғамында болып жатқан бұндай жағдайлардың Қазақстан мен бұрынғы Кеңестер одағының құрамында болған елдерге әсері қандай болмақ? Қазірдің өзінде осындай қатігез, қанқұмар Сталинді пір тұтып жүрген Ресей жұртшылығы ертең өзгеге не істемейді. Бүгінде Жириновский, Лимонов сынды империялық көзқарастағы саясаткерлер «Қазақстанның солтүстік облыстары біздікі» деп «ауызбен орақ орып» жүрсе, олардан кейінгі ұрпақ бұл сөзді іске асырғысы келмейтініне кім кепіл? Ресей мен Қытайдың ортасында, қос алыпқа жалтақтап отырған Қазақстанға қазірден бастап осы екі алып күшке қарсы тұруға көмек қолын соза алатын одақтас іздеген дұрыс шығар.