АҚШ Сенатының Қарулы күштер комитеті (Senate Armed Services Committee) жариялаған Жылдық қорғаныс есебінде АҚШ-тың Тайваньға қаратқан саясатында бірқатар түзетулер енгізілгені белгілі болды. Бұл түзетулер бойынша АҚШ-тың Тынық мұхит батыс жағалауындағы әскери кемелері Тайвань порттарына тұрақтауы мүмкін. Бұл ең алдымен ресми Бейжің тарабының наразылығына ұшырайтыны анық.
Сенаттың Қарулы күштер комитетіндегі екі партия мүшелері арасынан 21-ге қарсы алты адам қарсы дауыс берді. Тайвань жақ АҚШ теңіз әскери кемелерін кез-келген қолайлы портында қабылдауы мүмкін. Алайда, бұл жобада Тайвань кемелерін АҚШ-тың Тынық мұхит әскери қолбасшылық штабы қабылдап алуы туралы айтылмаған. Егер бұл шешімді Конгресс бекітіп өткізер болса, онда АҚШ пен Қытай арасында қол қойылғанына 40 жылдан асқан «Үлкен Қытай» келісімі (Тайвань Қытайдың бір провинциясы деп қаралатын келісім) күшін жойғанмен бірдей.
Аталған Қорғаныс есебі қауіпсіздік саясаттарын және бюджеттің шығыс дамытуға бағытталған. Онда 2018 жылдың әскери шығыстарға бөлінген қаржысы 6,4 млрд АҚШ доллары деп көрсетілген. Сондай-ақ жаңа саясаты бойынша, Тайвань жергілікті су асты соғыс мүмкіндігін дамытуға көмектесу үшін қорғаныс істері жөніндегі бөліміне арнаулы міндеттер жүктелген. Оған қоса Тайваньмен стратегиялық ынтымақтастықты нығайту жобасы да бар.
Бұл туралы АҚШ-тағы Қытай елшілігі пікір білдіруден бас тартты. Уашингтонның Бейжіңге қаратқан позициясының салқындауы алдағы өңірлік қайшылықтардың ұлғаюына себеп болып қалмақ. Себебі, Солтүстік Кореяны келіссөз үстеліне әкелуде Қытай ара ағайын болғалы отыр. Бірақ, Қытайдың ара ағайындық жұмыстарына АҚШ-тың көңілі толмай отыр. Бұл әрекеттер бір жағынан Қытайдың Солтүстік Кореяға ертерек қысым жасауын тездету үшін жасалған қадамдар болуы мүмкін. Алайда, Қытай мен АҚШ арасы бүлінсе Шығыс Азия қайшылығы мидай былығады деген сөз.