Жер көлемі 12000 шаршы шақырымға жетпейтін, халық саны 2 млн айналасындағы Таяу-Шығыстағы Катар атты шағын ел 5 маусымда бүкіл әлемнің назарын өзіне аударды. Осы бір күннің ішінде Сауд Арабиясы, Бахрейн, Біріккен Араб Әмірлігі және Египет қатарлы елдер Катармен болған дипломатиялық қарым қатынасын үзді. Сонымен қатар теңіз және әуе жолдарын кесіп тастады. Іле-шала Йемен, Ливия, Мальдив қатарлы елдер де Катармен дипломатиялық қарым қатынасын үзгенін жария етті.
Мысыр, БАӘ қатарлы елдердің болжамы бойынша Катар «Мұсылман бауырлар» ұйымы бастаған өңірдегі террорлық топтарды қаржыландырған. БАҚ арқылы «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымының идеологияларын таратты деген айыптар тақты. Сондай-ақ, Мысыр мен БАӘ-ның қатынасына және ішкі істеріне кедергі келтіріп, аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылыққа қатер төндірді деген айыптар да бар. Ал, бұл аталған айыптарды Катар жағы мүлде жалған ақпарат деп теріске шығарды.
Бір күнде жеті бірдей араб елінің Катармен «ат кекілін кесісуі», сарапшылардың болжауынша, Сауд Арабиясы мен Катар арасындағы «көне кектің» ұшығы болып табылады екен. Қытайдың Орта-Шығыс мәселесінің сарапшылары бұған «Сауд Арабиясы Катарға терроризмге қарсы күресу желеумен өзге араб елдер арқылы шабуылдай бастады. Бұл бір жағынан өзінің аймақтағы ықпалын арттыру үшін жасалған шара» деп қарайды. Шын мәнісінде Сауд Арабия мен Катардың дипломатиялық қатынасының үзілуі көптен бері күтілген жағдай.
Шығанақ районы тарихтан бері дипломатиялық маңызға ие болып келеді. Бұл өңірде Сауд Арабиясы өзінің басымдылығын танытып отыр. Ал, көп жақты дипломатиялық байланыс орнатып отырған Катар мен Сауд Арабтың көп жердегі мүдделері қайшылыққа ұшырайды. Бұдан сырт соңғы жылдардан бері Катар Иранмен болған байланысты жақсартуға тырысты. Бұл Сауд Арабиясына жақпайтыны анық. Себебі, Сауд Арабиясы Иранмен көп жылдық ата жау деуге де болады. Сауд Арабиясы өзінің өңірдегі ықпалының басымдылығы үшін өзге араб елдерінің Иранмен болған қарым қатынасының жақсарып кетпеуіне мүдделі.
Катар мен Саудияның араздығының тағы бір жағы «әл-Жазира» арнасында болып отыр. «әл-Жазира» агенттігі мен оның хабар тарату арналары әлемдік деңгейге көтеріліп кетті. Ал, Эр-Рияд тарапы түбектегі Катардың ақпараттық күш алып кетуін де қалап отырған жоқ. Бұл Араб түбегінің тұтастығына жарақат салатын іс деп қарайды. Таяу-Шығыс елдері саяси мәселелерде ежелден сақтық пен әрі сезімтал қарап келеді. Катардың көп жақты дипломатиясы мен ақпараттық күш қуаты Сауд Арабиясының шынбайына батып кетті. Осы қатарлы себептер Сауд патшалығының Катарға бүкіл араб елдерін жабыла дағдарыс жасауына әкеліп соқты деуге болады.
Кей елдің сарапшыларының айтуынша бұған АҚШ пен Ресейдың Таяу және Орта-Шығыстағы сыртқы саясатының да ықпалы бар деп қарайды. Олай айтуының да жөні бар. Себебі, жақында ғана, яғни мамыр айының орта шенінде АҚШ президенті Дональд Трамп Таяу-Шығысқа сапарлай барып қайтты. Араб елінің астанасында болып, Сауд патшасымен кеңесте болды. Ең маңыздысы Эр-Риядқа жиналған өзге ел басшыларымен де Иранды саяси жақтан оқшаулау ісін сөз етісті. Алайда Иран мен Катар барған сайын тығыз қарым-қатынасқа көшті. Иранда қайталай сайланған президент Руханииды Катар әмір арнаулы құттықтады. Бұл АҚШ пен Сауд Арабиясының Иранды саяси оқшаулау ниетіне қайшы болып шықты.
Міне осылай Катар жеті бірдей бауырлас елінің тоң-теріс позициясына ұшырап, бір күннің ішінде дипломатиялық дағдарысқа ұшырады. АҚШ пен өзге Батыс елдерінің ықпалы болған күннің өзінде бұл әлемге Араб әлемінің «шектен тыс берекесін» анық көрсетті.