Қанас деген аты әйгілі көл бар. Алтай тауларының тар қойнауына орналасқан сұлу да сырлы көл. Қытай аумағына кіретін Қанас – Қытай бойынша ең терең көл саналады. Өзі Қазақстаннан онша қашық емес. Күршім ауданына қарасты Марқакөлден сәл жоғары бойлықта жатыр. Шекараға ары кетсе 30-40 шақырым аралықта.
Негізі, Қанас көлі орын тепкен Алтай аймағы тарихтан қазақтың жері еді. 1864 жылы Ресей мен Қытай арасындағы «Шәуешек келісімінен» кейін, бұл жерлер Қытай аумағына қарап кетті. Қазір осы өңірде этникалық қазақтар мол қоныстанған.
Қанас қазір жыл бойы неше жүз мыңдаған турист ағылатын атақты саяхат орны. Қыстың өзінде адам топаны азаймайды. Оны осыншалық атақты қылған не? Әрине, Алтай тауының сұлу жаратылысы; арынды өзен, асқар тау, көрікті жайлау, тылсым да сылқым табиғаты. Бірақ, Қанастың атын бұдан да алысқа жіберген тағы бір себеп бар. Ол – көл түбінде судың көзін басып жатыр делінетін алып жайын балық.
Қазақстан, Қытай, Ресей елдерінің шекарасы түйіскен аумақта орналасқан көл, жүйрік басын сонау Алтайдың қар жамылған шыңдарынан алады. Көлге солтүстіктен Дүргін, Ақ үлгін, батыс жағынан Терісаққан сулары құйылады. Өзге де ұсақ бастау, бұлақтар қосылып жатыр...
Әсілі, «Қанас көлінде алып балық бар деген жай сөз, саяхатшыларды тарту үшін шығарылған дақпырт» деген пікірлер бар. Негізі, алып балық дерегі 1985 жылы жұрт назарына жария болды. Бұл жайында 1989 жылы Қанас туралы «Жастүлек» журналына мақала жазған Байтен Ахметбаев та айтады. Автор 1985 жылы шілде айында қызмет бабымен Қанас көлінде болыпты. Сол кезде Қанастың өсімдік түрлерін зерттеуге келген Шыңжаң университеті биология факультетінің студенттері, көл айдынынан оннан астам алып балықтар шоғырын көргенін айтқан. Олар әлгі алып балықтарды «Нарөркеш» деп аталатын көлге жақын биік тау басынан көрген. Дүрбімен де қараған. Топаны түйенің белінен де үлкен, ұзындығы он бес метр, кейбірі одан да ұзын екенін байқапты. Студент балаларды тыңдап отырған қарт педагог, Темір Далынтайұлы көлге қатысты бала кезде естіген мына бір әңгімені баян етеді.
1916-1917 жылдары Қанас бойын мекен ететін моңғол төресі Серінжап Марқа, Шәңгіштай шекарасында тұратын Ресей солдаттарының офицерімен тоқтамға келіп, төлем алып, оларға көлден балық ұстауға рұқсат беріпті. Содан, он бес әскер екі жаз балық аулаған. Ескекті қайықпен құрма ау, сүзгі ау салыпты. Ағаш жәшіктен қалтқы жасап, жұтпа қармақ та тастапты. Қармақты қапқан балық жәшікті су түбіне алып кетеді екен. Екі-үш күн өткен соң, әлсіреген балық айдын бетіне шығады. Сол кезде оны ыспалап жағаға тартып, бірнеше адам жыбыла сере шаншып ұстайды екен. Мұны былайғы ел қасына баруға солдаттардан жасқанып, сырттай ғана тамашалаған. Кейін әскерлер кеткен соң, олардың жұртынан түйенің қабырғасынан да үлкен балықтың қабырға сүйектерін көрген. 1958 жылы жоғалған малын іздеген бір малшы көл жанындағы биік тауға шыққанда, су бетінен екі метрге дейін биіктікте шығып тұрған қызыл керме көреді. Сәлден соң ол бірте-бірте батып кеткен. Кейін малшы «әлгі нәрсе қызыл балықтың арқа қанаты екенін білдім» деп айтып келген.
«Көлде жайын балық бар екен, су ішкелі барған бір үйір жылқыны жұтып қойыпты» дейтін әңгімелер де бар. Қанастың тұңғиық түбінде алып жаратылыстың бар екенін мынадан да байқауға болады. Қанас көлі туралы 1987 жылы алғашқылардың бірі болып мақала жазған Тұрарбек Ниязбек көл туралы «көл – аққу-қаз, үйрек топ-тобымен жүзетін, алуан түрлі құстар мекені емес. Кездейсоқ, шет жағалап үйрек қонса да, байыздап еркін жүзбей тез ұшып кетеді» дейді. Бұның жайын жергілікті халық «аспан перілері қанас балығынан қорқатын болулары керек. Өйткені, қонып, қайта ұша жөнелген үйректің артынан су бетіне неше метр биікке атылған алып қызыл балықтарды көреміз» деген. Ал, бірі бастаулардан, бірі жер асты суларынан пайда болған Алтынақ, Мыңшұңқыр, Арасан, Самырсынбұлақ көлдері шулап-шұрқырап жататын құстар мекені. Олардың бәрі Қанаспен маңайлас жатыр. Т.Ниязбек Қанаста қара қызыл, ақ қызыл, заңбар (ит балық), қатырғы, ала қанат, қара шабақ, ақ шабақ, ала бұға қатарлы балық түрлері бар екенін жазады.
Ал, мына бір қызықты екі әңгіме Қанастағы алып балықтар туралы шындықты тіпті күшейте түсетіндей. Оны 1989 жылы Қанас тақырыбына қалам тартқан белгілі ақын, публицист Арғын Қанапияұлы Буыршын ауданының тұрғыны Смағұл деген балықшы, сереші қариядан 1956 жылы естіген екен. Смағұл жас кезінен Буыршын өзені бойында балық аулауды кәсіп еткен. Өзі асқан сереші. Буыршын – Қанас өзенінің жалғасы. Ал, Қанас өзені Қанас көлінен ағып шығатыны түсінікті болар.
«Анамнан туғалы өтірік айтып көргем жоқ» деген Смекең мына екі жайды баяндапты. «Отыз жас кезім еді. Бір күні таңертең ауылдың бір баласы өзеннен үлкен балық көргенін айтып, жүгіріп жетті» дейді ақсақал. Барса, өзеннің шетіне таяу терең иірімде ұзындығы үш метрге жуық қызыл балық тұрғанын көреді. «Су иесі Сүлейменнің» осындай алып балығы болатынына қайран қалады. Содан жалғыз ала алмайтын болған соң, басқа балықшы, серешілерді шақырып, жабылып ұстайды. «Бойым аласа да, биік те емес еді. Әлгі қызылдың үстіне мініп алғанымда, тізем жерге төрт елі тимей тұрды» дейді қария.
Екінші жағдай былай болған. 1940 жылдардың ішінде он күндей тоқтаусыз жаңбыр жауып, селден Буыршын өзені қатты тасыпты. Арнасынан асқан су Шұңқыр жазығын да басып қалған. Күн ашылған соң, тасқын қайтып, өзен сабасына түсіпті. Смағұл сереші әдеттегідей сересін тақымға басып, атпен өзен жағалап келе жатады. Сол сәт Нұрпейіс деген ауылдасының қыстауы тұсындағы өзеннің ортасынан бұрынғы балықтан да алып қызылды көреді. «Саған өтірік маған шын, көзі өзіміз көже ішіп жүрген үлкен кеседей екен» дейді өзі. Арқа қанаты су бетіне шығар-шықпас болып тұрғанын байқайды. Су тұнық болғанымен, алып балықтың екі жағы қатты ағын. Қайықпен де, атпен де бару мүмкін емес. Әлгі балық ғаламат үлкен. Ұзындығы есік пен төрдей. Шамасы төрт метрдей. Бұрын қиялына да келмейтін бұндай кереметті көрген ол «Буыршын мен Қанастағы балық біткеннің атасы, әулиесі осы шығар» деп ойлайды. Дереу барлық балықшы, серешілерге, тіпті өзеннің ар жағындағы орыстарға да жар салады. Қалай ұстауды ақылдасады. Орыстар «бұны тек гранатпен жарып өлтіру керек. Басқа амал жоқ. Бірақ, мынау киелі балық. Аулаған күнде де кісі өлімі шығады. Сондықтан, оған тиіспейміз» деп жайларына кетеді. Бұдан соң, басқа балықшылар да бата алмайды. Сонымен, қайрандап қалған балық не ары, не бері кете алмай он күндей тұрады. Тіпті, арқа қанатының ұшы күнге күйіп, қурауға айналады. Осы кезде құдіретше күн бұзылып, тағы екі-үш күн нөсер жауады. Өзен тағы тасиды. Жаңбыр басылып, су қайтқан соң барса, жаңағы балық жоқ болып шыққан. «Ағыспен құлдап кетті» деген балықшылар. Бірақ, көпті көрген қариялар «шілдеде балық құлдап жүрмейді, қайтадан Қанасқа өрлеп кеткен болу керек» деген.
Әрине, осындай үлкен балықтың Қанас көлінен келгені анық. Мүмкін, көл түбінде одан да алып жаратылыс иелері бар шығар. Олай деуге себеп те жоқ емес. Қанас көлі – шығыс-cолтүстіктен батыс-оңтүстікке қарай ағып тұтас өңірді кесіп өтеді. Көлемі 44 мың 780 шаршы метр. Көлдің ең терең жері 190 метрге таяу. Көлдің асты оңтүстігінен солтүстігіне қарай шүңеттеніп, тереңдей береді. Солай болғандықтан, оның тағаны табиғи аңғар ма, жоқ әлде орқашты тау қабаты бар ма, ол жағы әлі белгісіз. Батыс аумағы иірімденіп жататындықтан астына тартқан ағыс болуы мүмкін деген де жорамал бар. Сонымен қатар, батысы мен солтүстік жағы тіпті тұңғиықтанып, тереңдеп кетеді. Соған орай, көлдің жалғасы таудың астында болуы ғажап емес дейді зерттеушілер. Көл суы басқа көлдерден парықты дейді жергілікті көнекөздер. Себебі, оған түрлі арасан бастаулар да құйылады екен.
Бойына сыр жасырған Қанастай құпия көл әлем жұртының да назарын аударуда. Көл айдынында жүзіп жүрген алып махұлықтардың көрінісі бірнеше рет жарияланды. (Видеода).
Қытайдың және басқа елдің телеарналары сол туралы хабар таратты. Қытайдың іші-сыртына аты жайылған әйгілі саяхат орны, аса терең көлдердің бірі саналатын Қанас туралы әлі талай қызықты деректер шығатынына сенеміз.
«The Qazaq Times»