Кеше Баян-Өлгий аймағының азаматтары Өкілдері Хуралы мен аймақ әкімі жанындағы кеңестің біріккен отырысы өтті. Онда 2016 жылғы үздіктерді анықталған. Сол қатарда Эмпати мектебінің оқушысы, бүркітші Айшолпан Нұрғайыпқызын «Баян-Өлгий аймағының мәдениет саласының жыл үздігі» деп таныды. Бұл туралы KAZNEWS хабарлады.
«Н.Айшолпанның «Бүркітші» деректі фильмі арқылы Моңғолия қазақтарының мәдениетін, салт-дәстүрін, саятшылық өнерін дүниежүзіне танытып, әлемнің түпкір-түпкірінде өтіп жатқан кино-фестивалдерге қатысып, еліміздің, аймағымыздың туризм саласының дамуына қосып жатқан үлесі зор» дейді хабарламада.
Естеріңізге салсақ, 87 минутқа созылатын «Бүркітші» фильмінде 2000 жылға жуық тарихы бар саятшылық өнері дәріптеледі. Фильмде Айшолпанның бұл өнерді әкесінен үйренгені көрсетіледі. Және де бүркітшілер фестивалінде өзінен жасы үлкен бүркітшілермен сайысқа түсіп, жеңімпаз атанған сәті суреттелген.
Бұл фильмге арнап Австралиялық әнші Сиа соундтрек жазған.
Ал, өз тарапымыздан, осы кішкентай ғана қыз Айшолпан бүкіл бір институттың жүгін арқалап, барша қазақты әлемге танытуда үлкен еңбек атқарып жүр деп айтар едік.
«The Qazaq Times»