Үдемелі жаһандану үдерісі білікті мамандарға қол жеткізуде бәсекелестік тудырады. Анағұрлым «өтімді» мамандықтардың қатарына медицина қызметкерлерін жатқызуға болады. Денсаулық сақтау саласында дәрігерлер, медбикелер және басқа да мамандар мансапқа жету және жаңа мүмкіншіліктерді іздеу мақсатында миграция мүмкіндіктерін пайдалануға тырысады. Әсіресе, соңғы жылдары мұндай миграция деңгейі айтарлықтай өсіп келеді.
Әлемде денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлердің саны 60 миллионға жуық, оның үштен екі бөлігі медициналық қызмет көрсетеді, ал қалған бөлігі – әкімшілік және көмекші қызмет атқаратындар. Бұл қызметкерлер болмаса, аурудың алдын алу жұмыстарын жүргізу, науқасты емдеу, денсаулық сақтау саласындағы жетістіктер оларды қажет ететін адамдар үшін қолжетімсіз болар еді. Әлемдік денсаулық сақтау жүйесінде дәрігерлер мен халықтың саны жағынан теңгерімсіздік айқын көрініс табуда.
Ал, медицина қызметкерлерінің миграциясы осы сандық айырмашылықты одан әрі өршітеді. Табысы жоғары елдерде кадрлық ресурстардың дайындығы жеткіліксіз және медициналық қызметкерлерге деген сұраныс үнемі өсіп отырады. Сондай-ақ бұл елдерде медициналық-санитарлық қызметтерге сұраныстың өсуі халықтың қартаюымен, қант диабеті және жүрек-қан тамыры ауруымен ауыратындар санының өсуімен байланысты. Медициналық қызметкерлердің миграциялық үрдісіне сәйкес, барлық елдер негізгі екі топқа бөлінеді: бастапқы немесе тудырушы елдер (донор елдер) және қабылдаушы елдер (реципиент елдер).
Миграция нәтижесінде бастапқы елдер мамандардың көп бөлігін дайындауды жүзеге асырады, өз мамандарының миграциясын қолдайды және оны қамтамасыз етеді, экспорт саясатын ұстанады. Өз кезегінде қабылдаушы елдер отандық денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлерін лайықты жалақы және еңбек шарттарымен қамтамасыз етеді; отандық нарықты қорғау мақсатында жасанды тосқауылдар жасайды; денсаулық сақтау саласын қолдайды; өтемақы жүйесін әзірлейді; импорт саясатын ұстанады; бастапқы елдермен ортақ байланыс орнатады; айналым миграциясының мәселелерін шешеді.
Миграциялық саясатта маңызды бағыт – мигрант-қызметкерлердің құқықтарын ескеру. Осы үрдісте маңызды рөлді жалдау ісімен айналысатын жеке ірі агенттіктер және жіберуші елдер атқарады. Бұл денсаулық сақтау саласында халықаралық байланыстың өсіп келе жатқандығын білдіреді. Интеграция және жаһандану үрдістерінің аясында әлемдік еңбек нарығында маңызды өзгерістер байқалуда. Соңғы 30 жылдың ішінде көптеген еуропалық елде денсаулық сақтау саласындағы мигрант-қызметкерлердің саны жыл сайын 5 пайызға өсіп отырған. Қазіргі жағдайда әлемдік еңбек нарығында медициналық қызметкерлердің тапшылығы анықталған. Әлемдік еңбек нарығында жалпы медициналық персонал тапшылығы – 4,3 млн адамды құрайды.
Медициналық қызметкерлердің 86% шетелде – АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Германия, Австралия сияқты ірі бес елде жұмыс атқарып жүргенде, әлемнің 57 елінде қызметкерлердің жетіспеушілігі байқалды. Медициналық мамандар үшін басты бәсекелестер: АҚШ, Канада, Жапония, Австралия, Корея, Еуропа елдері. Соңғы жылдары денсаулық сақтау саласында кадрлардың Еуроодақтың құрамындағы жаңа мүше елдерінен Еуроодақ құрамындағы ескі мүше елдерге ауысуы жиі байқалады. Денсаулық сақтау саласындағы миграцияның негізгі бағыты – Германия және Ұлыбритания. Мұнда мигранттар мемлекеттік құрылымдарда яғни, емханаларда, үйлеріне барып та жұмыс жасауына тура келеді.
Жалпы алғанда, Еуропа елдерінің ішінде өзара бәсекелес мемлекеттер бар, олар: Германия, Ұлыбритания, Франция және Швеция. Еңбек миграциясының арқасында табысы төмен елдерге сырттан миллиардтап қаржы құйылады. Жағымды әсері – мигранттардың туыстарына жіберетін осындай қаражаты кедейшіліктің төмендеуіне себеп болады. Екінші әсері – денсаулық сақтау саласының қызметкерлері шетелде жинаған мол тәжірибесін өз еліне әкеледі. Алайда миграциялық үрдістердің негізгі кемшілігі – «әділетсіз» субсидиялау.
«Әділетсіз» субсидиялау – бұл кедей елдерден бай елдерге өтетін қаржылай трансферттер. Табысы жоғары елдегі денсаулық сақтау жүйесі шетелде оқып келген дәрігерлер мен медбикелерге байланысты. Мысалы, Экономикалық ынтымақтастық және Даму Ұйымы елдерінде дәрігерлердің 20 пайызға жуығы – мигранттар. Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты Парсы шығанағының кейбір елдерінде денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлердің 50%-ы мигранттар болып табылады. Ганадан келген медицина қызметкерлерін жалдау арқылы Ұлыбритания медперсоналды дайындау мен оқытуда 103 млн фунт стерлингті үнемдейді. Жалпы алғанда, африкалық медициналық персонал Ұлыбритания үшін 2,5 млрд фунт стерлингті үнемдейді. Мұндай субсидиялау денсаулық сақтау саласындағы әлемдік тепе-теңдікті бұзады, сондықтан өтемақы жүйесін қайта қарауды талап етеді.
Табысы төмен кейбір елдерде денсаулық сақтау саласының жоғары мамандандырылған қызметкерлерінің 50%-ға жуығы жұмысқа орналасудың анағұрлым жақсы мүмкіндігіне ие болу мақсатында өзге елге кетіп жатады.
Ләззат СПАНҚҰЛОВА,
экономика ғылымының докторы, профессор,
Нархоз университеті, Қаржы және технология мектебі
"The Qazaq Times"