Біздің елде көктемде қар еріп, жаңбыр жауатынын биліктегі атқамінерлер әлі күнге дейін білмей келе жатқанына біраз уақыт болды. Биыл Ақмола, Павлодар, Қарағанды облыстарын қар суы басып жатса, Алматы көшелерін кешеден бері жауған жауын бір-ақ күнде Венецияға айналдырып шыға келді.
Тауға тікұшақпен шығып, шаңғымен сырғанап түсетін Ахметжан Есімовтың кезінде Алматы халқы қыста қардың астында, көктемде судың ішінде жүретін еді. Ал, Бауыржан Байбек әкім болып келгелі оңтүстік астана көшелерінде не өзгерді? Кім, қандай өзгеріс байқады? Мысалы, біз мынадай өзгеріс байқадық. Автобустарда валидатор орынына оңай келді. Көшелерде жарнама билбордтары азайып, ақылы велосиппеттер көбейді. Автобустар ғана жүретін жол пайда болды. Есте қалған, көзге түскен өзгерістер осы. Енді не өзгермеді деген заңды сұрақ туады? Барахолка базары баяғыдай жылына бір, екі рет өртеніп тұрады. Алматы жұрты қыста шаңғымен, көктемде қайықпен жүруін әлі қоймады. Ал шұрқ тесік жолдар Алматының ғана емес, бүкіл Қазақстанның мәңгілік трендіне айналды. Есімовтан кейін Байбекке естелікке қалған дүниелердің басты рейтингін құрайтын мәселелер осылар.
Бірақ, біз бүгін Алматы қаласы мен шет аудандарындарының су астында қалғаны жайында айтпақпыз. Кешегі жауған жауынның салдарынан Наурызбай ауданында орналасқан «Достық» котедждер қалашығы, әл-Фараби көшесіндегі жер асты өткелдері, «Алматы Оптика» дүкені, «Азия» базары, «Ботагөз» балабақшасы су астында қалған. Осы жерде бұған кім кінәлі деген тағы бір сұрақ туады саналы адамның басында. Арықтарды дұрыс тазаламаған "Алматы тазалық" па, оларды дұрыс қадағаламаған Алматы әкімдігі ма, жоқ әлде табиғат па? Бұл сұраққа жауапты әкімдіктегілер алдағы уақытта бере жатар. Әзір бізге жаңбыр жауған сайын үйрек ұшып, қаз қонарлықтай су басатын Алматы көшелерінің әсем көркіне тамсанып жүруден басқа амал жоқ.
“The Qazaq Times”