The Times басылымының хабарлауынша, Еуроодақ пен Ұлыбритания сауда келісімі бойынша ортақ шешімге келе алмай жатыр.

Еурокомиссия вице-президенті Марош Шефчовичтің хабарлауынша, британ заң жобасы елдің Одақтан шығу туралы келісіміне кереғар. Ресми Лондон құжаттың Brexit келісімшартына еш әсері жоқ дейді.

Ұлыбритания үкіметі хатшылығының басшысы Майкл Гоув: «Біз Ұлыбритания құрамындағы Солтүстік Ирландияның жағдайы тұрақты екеніне көз жеткізгіміз келеді. Және Одақтан шығу туралы құжаттың толығымен орындалғанын көздейміз. Сондықтан қазіргі заң жобасын сақтық шарасы ретінде қарау қажет. Оны өкілдер палатасы қолдап отыр. Сондықтан құжат өзгеріссіз қалады», – дейді.

Таяуда Ұлыбритания үкіметі Brexit бойынша кей баптары халықаралық құқыққа қайшы келетін заң жобасын ұсынған. Қазір заң жобасы қызу талқыға түсті.

Уэльс пен Шотландия бұл құжат елдегі билікті орталықтандыруға арналған дейді. Еуроодақ басшылығы жаңа заң қос тарап бекіткен Brexit бойынша келісімді, Солтүстік Ирландия мәртебесі жөніндегі хаттамаға қайшы деп кесіп айтты.

Осы мәселеге қатысты пікір білдірген Еурокомиссияның вице-президенті Марош Шефчович: «Ұлыбритания билігінен Еуроодақтан шығу келісімін, оның ішінде Ирландия және Солтүстік Ирландия жөніндегі хаттаманы уақытылы әрі толығымен орындайтынын растауын сұрадым. Келісім бойынша Бірлескен комитеттің кезектен тыс жиналысын тез арада өткізуді ұсындым. Британиялық серіктестеріміз осы заң жобасы бойынша сауалдарымызға жауап беруі тиіс», – дейді.

Еурокомиссия басшысы пікірінше, Ұлыбританияның ішкі нарықтар жөнінде жаңа заң қабылдауы өзара сенімді бұзып, екіжақты сауда келіссөздердің өтуіне жол бермейді.

"The Qazaq Times"