Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ғылыми кадрларды даярлауды жетілдіру және академиялық ортаны жақсарту тетігі жайлы өзінің facebook  желісіндегі ресми парағында жазба жариялады.

Аймағамбетовтың айтуынша, жаңа қадамдардың көбі министрлік жанындағы жас ғалымдар кеңесінің ұсынысы негізінде әзірленген. Сәйкесінше диссертацияны қорғау үшін қажетті басылымдарға қойылатын талаптарды өзгерту бойынша ведомство бұйрығының нобайы дайындалды.

Министрліктің №127 бұйрығына сәйкес, докторантқа қорғауға жолдама алу үшін  міндетті түрде жеті мақала жариялау керек, бұл ретте сапасы бойынша ерекше талаптар қойылмайды.

«Бүгінге дейін басты назар тек сандық көрсеткішке аударылып, мақалалар сапасы күмәнді журналдарда жариялана бастайды. Кейін ғалымдарымыздың мақалалары халықаралық базалардан шығарылған белгісіз бір журналдарда басылып шыққанда таң қалып жатамыз. Әлбетте, қалыптасқан бұл дәстүрді өзгерту керек. Яғни, сұранысқа ие емес «әлсіз» журналдарда мақалалардың көп жариялануына қарағанда, беделді журналдарда сапалы жарияланымдар аз шыққаны жақсырақ деп анық айтуға болады», – дейді ол.

Сонымен қатар диссертациялық кеңес туралы үлгілік ережеге кеңес мүшелеріне қойылатын талаптарды арттыру жөніндегі жаңа норма енгізіледі. Кеңес мүшелерінің кемінде 2/3 бөлігінде Хирш индексі мен рецензияланатын халықаралық ғылыми журналдарда кемінде үш жарияланым болуы тиіс. Әлеуметтік-гуманитарлық бағыттар үшін бұл көрсеткіштер төмен болады.

Сондай-ақ магистрлік және докторлық диссертация жетекшілеріне қойылатын талап та өзгереді.

Аймағамбетов өз жазбасында «Мәселен, егер бүгінгі таңда докторанттан күшті журналдарда жарияланым талап етілсе, онда ғылыми жетекшінің де осындай жарияланымы болуы тиіс. Қазіргі уақытта іс жүзінде тиісті талаптар жоқ», – дейді.

"The Qazaq Times"