Нұрсұлтан Назарбаев «Мен жеке өз басым осы уақытқа дейін бір де бір рет Қырғызстан тарапына жаман сөз айтқан жоқпын» - деп мәлімдеді.
Бүгін Астанада Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековты қабылдаған Нұрсұлтан Назарбаев кездесу барысында қазақ-қырғыз қарым-қатынасы жайында әңгіме қозғады. Ол онда: «Біз сізді күттік. Келгеніңізге қуаныштымыз. Қазақстан тарапы сіз бастаған Қырғызстан делегациясының барлық сұрақтарын шешуге дайын. Біздің Тәуелсіз ел атанғанымызға 26 жыл болды. Осы уақыт аралығында мен бір де бір рет Қырғызстан тарапына жаман сөз айтқан емеспін. Бұл дұрыс та. Себебі біз келеміз, кетеміз, ал екі ел бізге дейін де болған, бізден кейін де болады» - деген.
Ал Сооронбай Жээнбеков өз кезегінде: «Мені Қазақстанға ресми іс-сапармен шақырғаныңызға үлкен рахмет айтамын. Ұшақ қона салысымен бізді өте жылы қарсы алды. Мен президент болып сайланғанымда сіз маған құттықтау хатын жолдадыңыз. Осы сәтті пайдаланып мен сізге рахмет айтқым келеді. Сіз біздің ақсақалымызсыз, үлкен ағамызсыз. Қазақ пен қырғыз бауырлас халық. Біздің жеріміз бір, жолымыз бір. Біз бір бастаудан су ішіп отырмыз. Мен біздің стратегиялық әріптестігімізді күшейту үшін бар күш-жігерімді саламын» - деген.
Естеріңізге салайық, бүгін Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыртуымен Астанаға ресми іс-сапармен келген болатын. Бұған дейін екі ел басшылары қараша айының аяғында Беларусь астанасы Минск қаласында кездескен. Аталмыш кездесуден кейін қазақ-қырғыз шекарасындағы дау шешіліп, Қазақстан мен Қырғызстан кеден қызметін ретке келтіретін «жол картасы» қабылданған.