Қырғызстан ақсақалдары ел президенті Алмазбек Атамбаевтан «Республика Ата-Жұрт» партиясының басшысы Өмірбек Бабанов пен Талас облысы және Қазақстан халқынан кешірім сұрауды талап етті.

Бүгін Талас облысының ақсақалдары Бішкек қаласына бітімгершілік делегациясын бастап келді. Олардың сөзінше, 15-ші қазан күні өткен президент сайлауынан кейін, Талас облысының халқы сайлау нәтижесімен келіспейтіндіктерін айтып бейбіт шеру өткізген. Шеруге ел президенті атынан келген Даир Кенекеев халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізудің орнына белгісіз себептермен халық алдында «Манас» жырынан үзінділер оқып кеткен. Бірақ шеруге жиналған жұрт оны тыңдамаған. Осыдан кейін Алмазбек Атамбаев Талас халқын Манас батырды сыйламайтын Шығыс ұрпақтары деп сынға алған. Ол осы сөздерінің арасында президенттікке үміткер болған Өмірбек Бабановты да сынаймын деп Қазақстанға да тіл тигізіп кеткен. Талас облысы ақсақалдарының ойынша, Атамбаев өзінің осындай мәлімдемелері арқылы ел халқын аймақаралық және ұлтаралық қақтығысқа итермелеуде.

Айта кететін бір жайт, Қырғызстанда 2010 жылы өткен сәуір революциясы мен Бакиев кланына қарсы көтеріліс дәл осы Талас облысынан басталған болатын. Бір қызығы жеті жыл бұрын Алмазбек Атамбаев жақтастарын қолдап шыққан Талас облысы халқы осы жолғы сайлауда Атамбаев мұрагері Жээнбековты емес Өмірбек Бабановты қолдаған. Оған облыс халқының 86 пайызы дауыс берген.

“The Qazaq Times”