Халық банктің басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова Ұлттық банктің банк секторының қаржылық тұрақылығына қатысты бағдарламасына баға берді. Ол бағдарлама бойынша банктерге берілетін қаржының біраз бөлігі жоғалып кетуі мүмкін екенін жоққа шығарған жоқ. 

"Жалпы, банк секторына арналған бағдарлама қолайлы, мен оны оң бағалап, қолдаймын. Бірақ мұндағы мәселе банктердің бағдарламаны қалай қолданатынында болып отыр. Бұл туралы менің нақты сұрақтарым бар. Кейбір қаржы институттарына қолдау бағадарламасы көмектесетініне сенімдімін. Өйткені оларға қорлары мен капиталын реттеу үшін қаражат қажет.  Егер ол банктің жақсы бизнес моделі болса, қандай өнімдерден, клиенттерден табыс табуға болатынын түсінсе, бұл көмек шынымен пайдалы болады. Алайда бизнес модельдері жоқ және қызметі бойынша кейбір кемшіліктері бар ойыншылар болса, онда оларға көмек көрсету пайдасыз. Алдағы уақытта қаражат жоғалуы мүмкін", - деді ол кеше Халық банктің бас кеңсесінде өткен баспасөз конференциясында.

Сондай-ақ, Үміт Шаяхметова журналистердің "Ұлттық Банктің өз өкілеттігін арттыруы мүмкін екенін қалай бағалайсыз, бұл орынды ма?" деген сұрағына: "Бұл әрине, даулы мәселе. Қазіргі уақытта әлі талқылаулар болып жатқандықтан, алдын ала пікір білдіргім келмейді. Қазақстан - бұл субъективизмі тым көп әрі әлі де жемқорлық жойылмаған мемлекет.  Белгілі бір шараларды қолдану, мысалы пайымдауға негіздеп лицензияларды беру - бұл біз үшін әлі де үлкен тәуекелдерге бару", - деп жауап берді.

Айта кетейік, бұдан бұрын Ұлттық Банк төрағасы Данияр Ақышев  банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру бағдарламасын іске асыру барысы туралы хабарлап, алдағы уақытта 4 банктің мемлекеттен қаржылай көмек алатынынын мәлімдеген.

“The Qazaq Times”