Испания Соты Каталонияның тәуелсіздігін қолдап, референдум ұйымдастырған екі сепаратисті абақтыға жапты. Каталония Ұлттық Ассамблеясының басшысы Хорди Санчез (Jordi Sánchez) бен Omnium Cultural ұйымының басшысы Хорди Кьюксарт (Jordi Cuixart) Испанияда болған саяси дағдарысты ұйымдастырғаны үшін айыпталып отыр. Бұл туралы ВВС ақпараттық агенттігі жазды.
Каталония дербестігі үшін өткізілген референдум жеңіске жеткенімен, автономия басшысы Карлес Пуджемонт Тәуелсіздік туралы Декларация қабылдаймын деген шешімін Мадридпен келісімге келгенге дейін екі аптаға шегерген еді. Испания билігі оның алдына позициясын анықтау бойынша нақты талаптар қойып, бір апта уақыт берген. Енді әлі де Каталонияның жеке мемлекет болуын қолдайтыны не оны Испанияға қарасты аумаққа айналдыратыны жөнінде соңғы үкімін жарияламаған Карлес Пуджемонт өзінің твиттер парақшасына: "Испания Каталонияның азаматтық қоғам басшыларын бейбіт шеру ұйымдастырғаны үшін түрмеге жапты. Өкінішке орай, бізге саяси түрмелер қайта оралды", - деп жазды.
Қолға түскендердің бірі Хорди Кьюксарт (Jordi Cuixart) осыдан бұрын әлеуметтік желі арқылы халыққа арнаған үндеуінде: "Үміттеріңізді үзбеңіздер, Каталония өз болашағын жеңіп алды" деп жазған болатын. Қос бірдей қоғам белсенділері сонымен қатар 20-21 қыркүйекте Испанияның ресми өкілдерін Каталония Үкіметіне кіргізбей қойғаны үшін де кінә арқалап отыр.
Осыдан бұрын референдум кезінде жергілікті полиция бөлімшесі халықты таратуға тырысқан Испанияның қауіпсіздік қызметкерлеріні жұмысына кедергі келтіргені үшін қамауға алынған Каталония полиция күштерінің басшысы Жозеп Луис Траперо босатылды.
ВВС-дың жергілікті тілшісі Каталонияда тәуелсіздікті қолдайтындардың арасында жаңа шерулерге шақыру акциясы жүріп жатқанын жазады.