«Bank RBK» АҚ өзінің қаржылық тұрақтылығын нығайтуға бағытталған шаралар кешенін әзірлеп жатыр. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі хабарлады. 

Қаржы институтының мәліметінше, шаралар "банктің қаржылық тұрақтылығына байланысты нарықтағы алып қашпа әңгімелерді назарға ала отырып" жасалып жатыр.

"Аталған шаралар кешеніне қаржы институтын капиталдандыру, қосымша өтімділікті қамтамасыз ету, бизнес-модельді жетілдіру және проблемалы қарыздармен жұмыс істеу кіреді. Банк акционерлерінің бірі Владимир Ким іс-шаралар кешенін әзірлеу үшін өзге акционерлермен, ҚР Ұлттық Банкімен және Қазақстан Үкіметімен келіссөздерге бастамашылық етті. Сондай-ақ мемлекет пен жеке бизнестің ынтымақтастығы аясында банкті капиталдандыру шарттары талқылануда", - делінген баспасөз хабарламасында.

Банктің мәліметінше, 2017 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша қаржы институтының активтері 1 017,3 млрд теңгені, несиелік портфель – 723,0 млрд теңгені, клиент қаражаты – 594,5 млрд теңгені құрады, оның ішінде жеке тұлғалардың салымдары – 206,7 млрд теңге. Банктің өзіндік капиталы 96,9 млрд теңгені, жарғылық капиталы - 64,4 млрд теңгені құрады. Банктің 2017 жылғы 8 айдағы табысы - 2,5 млрд теңге.

Айта кетейік, бұдан бұрын Владимир Ким Ұлттық банктің сауықтыру бағдарламасына қатысу үшін «Bank RBK» АҚ-ны капиталдандыруға 20 мрлд теңге жұмсайтыны туралы хабарланған. Сондай-ақ, «Bank RBK» АҚ мен «Qazaq Banki» АҚ акционерлерінің қаржы институттарын біріктіру туралы келіссөз жүргізгені мәлім. Егер екі банк бірігетін болса қаржы ұйымы Bank RBK деп аталуы мүмкін.

“The Qazaq Times”