Каталония Үкіметінің басшысы Карлес Пучдемон жергілікті парламентке тәуелсіздікті жарияламай қоя тұру туралы ұсыныс жасады. Оның сөзінше, алдымен автономия Испаниядан шығу туралы Мадридпен болатын диалогты ретке келтіру керек. Бұл туралы ВВС агенттігі хабарлады.
Каталония басшысы атап өткендай 1 қазанда өткен референдум кезінде автономия тәуелсіз мемлекет болу үшін халық тарапынан мандат алған.
"Жергілікті миллиондаған тұрғын Каталония үшін жалғыз шешім "тәуелсіз мемлекет болу" деп есептейді", - деді Пучдемон.
Үкімет басшысы сөйлеген сөзінде Каталония "ешбір қауіп-қатерді жоспарламайтынын, тек шиеленісті бәсеңдетуді қалайтынын" атап өтті.
"Біз ешқандай қылмыскер немесе ақылсыз адамдар емеспіз, біз тек дауыс беруге мүмкіндік беруді сұрап отырмыз. Біздің Испания мен испандықтарға қарсы ештеңеміз жоқ", - деді ол.
ВВС журналисінің мәліметінше, сейсенбі күні Пучдемон мәлімдеме жасайтын уақытта Барселонада қауіпсіздік шаралары күшейген. Ал тұрғындар "демократия" деп жазылған плакаттар мен эстеладтар (тәуелсіздік жалаушасы) ұстап, Каталония парламенті ғимаратының алдына жиналған.
Айта кетейік, 1 қазанда Каталония азаматтарының 43,2 пайызы қатысқан референдумда дауыс бергендердің 90 пайызы тәуелсіздікті қолдайтындарын білдірген. Осыдан кейін Испанияның Конституциялық соты Каталония парламентінің тәуелсіздік туралы жиналысын тоқтатуға бұйрық берген. Конституциялық сот бұйрығы Испания партияларының біржақты тәуелсіздік жариялау ісін тоқтату туралы арыз-шағымдарына байланысты түсірілген.