Ирактағы Күрдістан автономиясының басшысы Масуд Барзани осы айдың 25 қыркүйегіне жоспарлаған жеке тәуелсіз мемлекет болу статусын анықтайтын референдум өткізу туралы ойынан бас тартпайтынын мәлімдеді. Ал Ирактың Президенті Фуад Масум (ұлты - күрд) Масуд Барзанидің бұл әрекетін "сауатсыз шешім" деп атаса, елдің Премьер-министрі Хайдер әл-Абади референдумға тосқауыл болу үшін тиісті шаралар қолданатынын хабарлады. Бұл туралы APF ақпараттық агенттігі жазды.
Күрдістан автономиясының басшысы жергілікті тұрғындарды референдумнан қалмай, дауыс беруге шақырды және Бағдадпен келіссөздер жүргізуге тырысқан әрекеті нәтижесіз аяқталғанын жеткізді. Ирак пен Күрдістан автономиясы арасында мұнайға бай Киркук қаласына қатысты территория дауы бар екені белгілі. Масуд Барзани алдағы 1-2 жыл көлемінде Иракпен мұнайлы аудандарға қатысты шекара бөлісу мәселесін талқылайтынын айтты.
Премьер-министрдің Ирактың тұтастығын сақтап қалу үшін қолынан келген істен аянбайтынын хабарлаған мәлімдемесінен кейін, Масуд Барзани күрдтерді арандатушылыққа ермей, террорлық актіден, ашық қақтығыстан аулақ болуға шақырды.
Иран Президенті Хасан Роухани мен Түркия басшысы Режеп тайып Ердоған телефон арқылы әңгіме барысында Ирактағы Күрдістанның тәуелсіздік алуы үлкен "хаосқа" алып келеді деп түйіп, Ирак Үкіметін қолдайтынын білдірді. Теһран Ирактағы Күрдістан үшін Ирактың сұранысымен әуе жолдарын жауып тастайтынын мәлімдеді.
Бүгін болатын референдумға 5 млн азамат қатысады деп күтіліп отыр. Жергілікті халық тәуелсіздікті қалайтындарын, бірақ референдумнан кейінгі жағдайдың ушығуынан қорқатындықтарын айтады. Мәселен, 30 жастағы мұғалім Камиран Анвар: "Мен ертең дауыс бермеймін! Өйткені онан кейін, біздің өңірге эмбарго салынып, ас-сусыз, азаматтық соғыстың астында қаламыз ба деп қорқамын. Бір күні таңертең көзімді ашып, түрік әскерінің қару асынып жүргенін көргім келмейді" деп ашып айтты.