Германияда Парламент сайлауы аяқталды. 2005 жылдан бері 3 рет қатарынан Германия канцлері қызметіне сайланып келген Ангела Меркель дауыс берушілердің қолдауымен, өз лауазымында тағы төрт жылға қалатын болды. Сайлаудың нәтижелері жөнінде ВВС ақпараттық қызмет талдап жазды. 

Бундестагқа өткен партиялардың көшін Ангела Меркельдің Христиан Демократиялық Одағы (CDU/CSU)партиясы 32,9 пайызбен бастап тұр. Одан кейінгі орынды 20,8 пайыз көрсеткішпен Социал-демократиялық партия (SDP), ал үшінші орынды Германия Альтернативасы (anti-Islam Alternative for Germany немесе AFP) партиясы иеленді.

2013 жылы құрылған Германия Альтернативасы партиясы жас саяси одақ болғанына қарамастан, 13,1 пайыз дауыспен Германия Парламентінде тұңғыш рет әрі үшінші орындағы партия есебінде енуі үлкен жаңалық болды.

Бундестагтағы қалған орындарды өзара бөліскен партиялар қатарында Еркін Демократтар партиясы (FDP) - 10,5%, Жасылдар (Greens) - 8.9%, Солшылдар (Left) - 8.9% бар.

Ангела Меркель дауыс берушілердің алдында сөйлеген сөзінде мұнан да жақсырақ нәтижеге үміт артқанын жасырмады. Германия Альтернативасы партиясының нәтижелеріне себеп болған миграциялық қызметті реттеу, ел экономикасы мен қауіпсіздігін нығайту алдағы төрт жылда қолға алынатын негізгі бағыттар екенін атап өтті. Германия Альтернативасына дауыс берген азаматтардың өзіне деген сенімін қайтару үшін, оларды толғандырған мәселелерді тыңдауға дайын екенін жеткізді.

ВВС-дің Берлиндегі тілшісі Jenny Hill Ангела Меркельдің 2015 жылы 900 мың босқынды Еуропа жерінде қабылдау туралы шешімі оның саяси беделіне едәуір әсер еткенін, ал бүгінгі сайлауда сол әрекеті үшін "жазаланғанын" айтады.

Ангела Меркельмен канцлер қызметіне таласқан Мартин Шульз "Бүгін біздің алға қойған мақсаттарымыз орындалмады!" деп наразылық білдіріп, өзінің Социал-демократиялық партиясы (SDP) Христиан Демократиялық Одағы (CDU/CSU) партиясымен Бундестагтағы одағын бұзатынын хабарлады.

Ангела Меркель бастаған Христиан Демократиялық Одағы (CDU/CSU) партиясы енді өзіне жаңа одақтас іздейтін болады. Сарапшылар Германияның Ұлттық Парламентінде ендігі кезекте "Ямайка" одағы құрылуы мүмкін деп болжайды. Бұл Ямайканың туының түсін  еске салатын Христиан Демократиялық Одағы (қара),  Еркін Демократтар (сары) және Жасылдардың (жасыл) әріптестігін білдіреді.

Партиялардың барлығы Германия Альтернативасы партиясымен жұмыс істеуден бас тартты.

Германия Альтернативасы партиясы Ангела Меркельдің босқындар саясатына еуропалықтардың наразылығын ұтымды пайдаланған саяси одақтардың бірі. Ол Ислам діні неміс мәдениетіне жат деп есептейді. Сайлауалды бағдарламасында мешіттердің азан шақыру мұнараларына тыйым салу туралы ұсыныс білдірген партияның көшбасшысы Фрауке Петри өзінің твиттер парақшасында "Германияда салыстыруға келмейтін "саяси жер сілкінісі" болды" , - деп жазды. Партияның тағы бір өкілі ВВС-ге берген сұқбатында: "Енд Германияның саяси жағдайы өзгереді. Бұрын Парламентте өкілі болмаған азаматтарға сөйлеу, пікір білдіру құқығы берілді. Біз енді Ислам туралы, миграция жөнінде пікір таластыратын боламыз" , -деді.

“The Qazaq Times”