Мьянма елдің Ракхайн шататындағы рокхинджа мұсылмандарына Біріккен Ұлттар ұйымы жіберген гуманитарлық көмекті қабылдамай, шектеу қойды. БҰҰ халыққа дәрі-дәрмек, су, азық-түлік жіберген. Бұл туралы Guardian газетіне сілтеме жасап Риа Новости хабарлады.  

Мьянмадағы БҰҰ резиденті өкілдерінің хабарлауынша, қауіпсіздік шаралары мен үкімет тарапынан болған шектеулерге байланысты және штатқа баратын жолдарда тыйым салынғандықтан көмек көрсетуге мүмкіндік болмай отыр.

Дегенмен БҰҰ тез арада гуманитарлық көмекті қайта жіберу үшін жергілікті билікпен тығыз қарым-қатынас жасап отырғанын мәлімдеді.

Айта кетейік, БҰҰ елдің солтүстік бөлігінде бір аптадан астам уақыт бойы ешқандай жұмыс жүргізбеген. Мьянма билігі тіпті халықаралық қызметкерлерге рұқсат беруден бас тартып, виза беруді кешіктірген.

Мьянмадағы мұсылмандарға бағытталған қырғыншылық 25 тамыздан басталған.  Мьянма үкіметінің мәлімдемесіне сілтеме жасаған басылымдарының ақпаратына сүйенсек, елдегі кейбір шағын исламдық топтар қауіпсіздік күштеріне шабуыл жасаған. Алайда мұны Мьянма үлкен қырғынға ұлсатырып жіберді.

Халықаралық көші-қон ұйымының мәліметінше, өткен аптаның өзінде 18 мың рохинджа мұсылманы Мьянмадағы зорлық-зомбылықтан қашып, Бангладешке өткен және қазіргі кездің өзінде ондағы босқындар лагеріне паналаған рохинджа  мұсылмандарының саны 76 мыңнан асып кеткен.

“The Qazaq Times”