ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев жоғарғы оқу орындарындағы оқу бағасы неге қымбаттап жатқанын түсіндірді.
Оның сөзінше, ЖОО-лардағы білім беру бағасының қымбаттауы осы саладағы жемқорлықтан және университеттердегі кезектен құтылуға мүмкіндік береді.
"Егер жоғары оқу орындары оқу бағасы қымбат болған жағдайда студенттер саны жеткілікті болады деп есептесе, ол дұрыс. Мен айттым, бұл нарық, бұл қызмет. Мен министрлік әрбір жеке оқу орнына барып қандай баға қою керектігін айтуға міндетті деп ойламаймын. Егер ондай болса бізде қайтадан университеттердегі кезек, жемқорлық сияқты даулар көбейеді", - дейді министр.
Оның айтуынша, мұндай жағдайда тек бәсекелестікке және нарықтық шарттарға үміт артуға тура келеді.
Айта кетейік, бұған дейін 2016-2017 оқу жылында қаржылық қиындықтарға байланысты 17 мың студент оқудан шығып кеткені айылған болатын. Олардың 11 мыңы жекеменшік оқу орындарының студенттері.