ҚР Ұлттық банкінің бұрынғы төрағасы, Астана халықаралық қаржы орталығының басшысы Қайрат Келімбетов саясаттанушы Досым Сәтпаев пен «Қаржылық еркіндік» қамқоршылық кеңесінің басшысы Ботагөз Жұманованың Әзербайжан халықаралық банкіндегі зейнетақы қаржысына қатысты қойған сұрақтарына жауап берді.
Келімбетов проблемалы банктегі зейнетақы қаржысы туралы айта келіп, алдағы күндері Әзербайжанның Халықаралық банкі қайта құрылымдау процесі бойынша барлық кредиторларға ұсыныс жіберетінін атап өтті. Бұдан бұрын банк жүзеге асуы мүмкін болатын механизмдерді жариялаған.
"26 мамыр күні Лондонда барлық кредиторлармен кездесу өтіп, ұсыныстар жарияланған. Бірінші ұсыныс - негізгі қарыз көлемін белгілі бір деңгейге түсіріп, белгіленген уақытта қайтару. Екіншісі - негізгі қарыз сомасы қалады, бірақ оны өтеу мерзімі ұзаққа созылады. Үшіншісі - ескі облигацияларды әзірбайжандық банктің жаңа облигацияларына алмастыру.
Біріншіден, екі ұсыныс бойынша айырбастау әзірбайжан үкіметі мен қаржы министрлігінің еурооблигацияларына қатысты болады. Бұл жерде маңызды болып тұрғаны борышкер ауысады. Біздің ақпаратымызша, осы қайта құрылымдау жоспары бойынша кредиторлар қауымын қолдауға басымдық беріледі деп ойлаймыз. Ал қолдау табу үшін 60% дауысқа ие болсақ жеткілікті", - деді Келімбетов.
Сондай-ақ, спикердің сөзінше, проблемалы банкке 79 млрд теңге емес, 45 млрд теңге салынған.
"2014 жылдың қазан айында шамамен 45 млрд теңге инвестицияланған. Естеріңізде болса ол кезде доллар курсы 180 теңге болды. Сондықтан 250 млн доллар сатып алынды. Яғни бұл қаржы 2014 жылдың қазанында барлық девальвациядан, алда болатын девальвациядан қорғалған. Сондай-ақ, олар өтеле бастады. Қазіргі таңда купондық төлем бойынша 50 млн доллар қайтарылған. Бірақ бұл ақпарат айтылмай отыр. Бүгінгі курс бойынша бұл 17 млрд теңге. Яғни 45 млрд салдық, үштен бір бөлігінен артығын - 17 млрд-ын қайтардық. Енді Әзербайжан үкіметі "сіздерге бәрін қайтарамыз" деп отыр", - деді ол.
Спикердің сөзінше, қарызды енді Әзербайжан үкіметі қайтарады.
"Қаржы арнайы кесте бойынша толық көлемде зейнетақы қорына қайтарылады. Енді біздің борышкер Әзербайжан үкіметі болады", - деді Келімбетов.
Айта кетейік, осыған дейін БЖЗҚ-ның 71,3 млрд теңгесі немесе 200 млн доллар Әзербайжан халықаралық банкінің облигациялары үшін салынғанын айтқан болатынбыз. Bloomberg агенттігінің мәліметінше, Әзербайжанның халықаралық банкі елдегі валюталық дағдарыс пен валютаның жетіспеушілігіне байланысты сыртқы қарыздарын төлеуді тоқтатқан және кредит берушілермен келіссөз жүргізуді бастайды.
Осыдан соң Әзербайжан билігі проблемалы банкке салынған қазақстандық зейнетақы қаржысы қайтарылатынын мәлімдеген. Қарыз Ұлттық қор қаражатынан қайтарылуы мүмкін.