Үкімет Ұлттық пантеон туралы ережені бекітті. Ережеге сәйкес, мұнда мемлекеттің, ғылымның, мәдениеттің аса көрнекті қайраткерлерінің, сондай-ақ Қазақстанның дамуына үлес қосқан тұлғалардың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында негізі қаланған, мемориалдық маңызы бар сәулет объектісі болып табылатын қайтыс (қаза) болған тұлғаларды жерленеді.
Пантеон астананың жергілікті атқарушы органының қарамағында, Астана қаласының аумағында орналасқан.
Сонымен ереже бойынша Пантеон аумағында мынадай тұлғалар жерленеді:
- Қазақстан Республикасының президенттері және олардың отбасыларының мүшелері;
- Қазақстан Республикасының премьер-министрлері және олардың орынбасарлары, Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының төрағалары және олардың орынбасарлары, Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшылары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшылары, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төрағалары;
- министрлер, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімдері;
- «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарына ие болған тұлғалар;
- «Алтын қыран», «Отан», «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев», үш дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерімен марапатталған азаматтар;
- «Кеңес Одағының Батыры», «Социалистік Еңбек Ері» атақтарына ие болған азаматтар;
- «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» құрметті атағына ие болған азаматтар;
- Қазақстан Республикасы Президентінің ерекше шешімі бойынша басқа да азаматтар;
- Пантеонда жерлеуге жататын тұлғалармен олардың кейін қайтыс болған жұбайлары жерленуі мүмкін.
Пантеонда құлпытас құрылыстарын орнату және безендіру бірыңғай нысанда орындалады. Өз еркімен жерлеу, жанұялық (рулық) зират құру және қайта жерлеу Пантеонда жүргізілмейді.
Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Айта кетейік, 2016 жылдың мамыр айында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев «Пантеонға ақша жоқ. Биыл да, келесі жылы да бұл мақсатқа қаражат қарастырылмаған», деген еді.
Ал осы жылдың ақпан айында Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Ұлттық пантеонның құрылысы басымдық берілген республикалық инвестициялардың тізіміне енгізілгенін мәлімдеген.