Мен Қазақстанда болған кездерімде «Шәкәрімнің Өр Алтайда ізі бар» деген мақаламды оқыған Шәкәрімді зерттеуші ғалымдар тарабынан «Шәкәрімнің Шынжаңда басылған шығармалары болды ма?» деген сұрақ қойылған еді. Мен оларға: «бар, бірақ, бұл сұраққа атүсті жауап беру қиын, қазірше мынаны айтайын: 1982 жылдан бері қарай «Алтай аясы» журналында бірқанша өлеңдері басылған. Оның датасын анықап, кейін нақтырақ айтып беруіме болады» деген едім.

Төменде біраз сөз осы туралы; Шынжаңда қазақ тілінде шығып келе жатқан газет-журналдар аз емес. Бір адамның оның барлығын көріп тұруы да мүмкін емес. Мен өзім тұрған Алтай аймағында шығатын «Алтай аясы» деп аталатын әдеби журнал 1982 жылдан бастап «Аға-буындар әуені» деген айдармен («Шәкәрімнің өлеңдерінен» деген қосымаша тақырып қойып) көп өлең жариялаған.

Атап көрсетсек, 1982 жыл 1 санында осы журнал Шәкәрімнің «Насихат» қатарлы 75 шумақ өлеңін басқан, келесі №2 санында тағы сексен неше шумақ өлеңін берді. Редакция Жеменей ауданынан Зәкихан Омарұлы деген азамат жібергендігін ескертті. Көңіл бөлерлік бір жайт, сол №1 санында басылған өлеңдердің соңында 4 шумақ қолжазба нұсқасы бар. Жолдаушы адам: «Осы Шәкәрімнің өз қолжазбасы» дегенді айтыпты. Ол өлең оған қайдан келген? Кім сақтаған? Ол туралы түсінік жоқ. Мен сұрастырсам, Зәкихан қайтыс болғалы талай жыл болыпты. Анықтау мүмкіндігі болмады.

1986 жылы №1 санында «Алтай аясы» Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деген өлеңін басты. Өлеңді жазып жіберуші Жеменей ауданынан Бисара Әбдіхалымқызы деп ескерткен.

«Алтай аясы» маусымдық әдеби журнал. Журналдың 1980 жылдар ішіндегі басқа сандарында да «Шәкәрім өлеңдері» («Материалдан алынды» деген ескертумен) атымен бірқатар өлеңдерін басқан. Ол қандай материал? Тағы да қолжазба ма? Басқа бір басылымнан көшіріліп алдынды ма? Ол жері анық айтылмаған.

Маған анық бір факты мынау: сол жарияланған өлеңдердің басым көбі, тіпті барлығы – Қазақстандағы баспасөзде Шәкәрімнің әдеби мұрасына қандай мәміле боларын білмей «әліптің артын бағып» отырған кезде басылған болатын. Ал, Қазақстанда Шәкәрім шығармаларын 1988 жылдан кейін ғана жаппай жариялай бастағаны белгілі. 1995 жылы 7 қаңтар күні «Шынжаң газеті» «Шыңғыс тауындағы үш заңғар шың» деген тамаша мақала басты. Авторы Су Жу Чиоң деге қытай жазушысы екен. Қытайшадан аударған Қанатбек Жұмабайұлы. Бұл мақалада Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында және қытай тілінде басылғандықтан оны миллиондаған адам көрді деуімізге болады. Мақалаға қосып үш заңғардың – Абайдың, Шәкәрімнің және Мұхтардың суреті басылған. Менің көзім шалған Шәкәрім шығармаларының басылу фактілері осылар. Қытай азат болардан бұрын қытайдағы баспасөзде Шәкәрім шығармаларының басылғандығына көзіміз жетпейді.

“The Qazaq Times”