2026 жылдың қаңтарында Иранда басталған жаппай наразылықтар ел тарихындағы ең қанды кезеңдердің біріне айналды. BBC Persian жариялаған куәгерлердің әңгімелері мен тәуелсіз құқық қорғау ұйымдарының деректері бұл оқиғалардың жай ғана әлеуметтік толқу емес, ұзақ жылдар бойы жиналған қайшылықтардың нәтижесінде туындаған жүйелі саяси дағдарыс екенін айқын көрсетеді.
Наразылықтың алғашқы ұшқыны 2025 жылдың 29 желтоқсанында Иран валютасының күрт құнсыздануынан кейін тұтанды. Экономикалық қысым, күнделікті өмірдің қымбаттауы, әлеуметтік теңсіздік халықтың төзімін тауысты. Алайда бірнеше күннің ішінде көшеге шыққандардың талабы тек тұрмыстық мәселелермен шектелмей, саяси ұрандарға ұласты. Бұл – қоғамның билікке деген сенімінің әлдеқашан шайқалғанының белгісі еді. Халық алаңға тек «нан үшін» емес, билік жүйесіне қарсылық білдіру үшін шықты.
Қаңтардың 8–10 аралығында Тегеран мен аймақтарда мыңдаған адам жиналып, елдің рухани көсемі — Аятолла Әли Хаменеи билігінің тоқтауын талап етті. Дәл осы сәттен бастап мемлекет тарапынан күш қолдану күрт күшейді. Бейбіт сипатта басталған шерулер қысқа уақыт ішінде қауіпсіздік күштерінің қатыгез әрекеттеріне ұласып, көшелер қанды алаңға айналды.
АҚШ-та орналасқан Iranian Human Rights Activists News Agency (HRANA) мәліметінше, үш апта ішінде кемінде 2400 бейбіт тұрғын қаза тапқан, олардың арасында 12 бала бар. Бұл – расталған дерек. Алайда нақты құрбандар саны бұдан да көп болуы мүмкін. Себебі Иран билігі интернетті толық дерлік өшіріп, ақпарат ағынын тұншықтырды. Мұндай жағдайда халықаралық БАҚ пен құқық қорғау ұйымдары ел ішіндегі ахуалды толық бақылау мүмкіндігінен айырылды.
Соған қарамастан, BBC Persian-ге жеткен куәгерлердің сөздері Иранда орын алған жағдайдың нақты соғыс көрінісіне ұқсас болғанын аңғартады. Куәлар қауіпсіздік күштерінің көбіне бастан, беттен көздеп атқанын, көшелердің қан иісіне толғанын, бұл әрекеттердің жай «тәртіп орнату» емес, жүйелі қырып-жоюға ұқсайтынын айтады. Қанды оқиғалар тек Тегеранмен шектелмей, халқы небәрі 50 мың болатын Тонекабон секілді шағын қалаларға дейін жетті. 18 жастағы студент Сорена Голгун, 23 жастағы дизайнер Робина Аминиан, 24 жастағы медбике Навид Салехи – қаза тапқандардың аз ғана бөлігі. Бұл есімдер Иран жастарының үзілген армандарының символына айналып отыр.
Мемлекет болса, наразыларды «террорист», «бүлікші» деп сипаттап, қауіпсіздік күштерінен қаза тапқандарды алға тартып, күш қолдануды ақтауға тырысуда. Мемлекеттік телеарналар өртелген автобус пен қиратылған ғимараттарды қайта-қайта көрсетіп, репрессияны заңдастыруға күш салады. Алайда мәйіттердің жасырын жерленуі, туыстарына қысым көрсетілуі, сот-медициналық орталықтарға мыңдаған дененің жеткізілуі — бұл әрекеттердің жеке оқиға емес, жүйелі репрессия екенін аңғартады.
Ирандағы бұл жағдай қоғамның қорқыныш шегінен өткенін көрсетті. Экономикалық күйзеліс, жастардың болашаққа сенімінің жоғалуы, саяси диалогтың толық тұйықталуы – барлығы бір нүктеде түйісті. Билік күшпен уақытша тыныштық орнатуы мүмкін. Бірақ мыңдаған отбасының қайғысы, елден үдере қашып жатқан жастар және интернеттен тыс әлемге бәрібір жол тауып жатқан шындық бұл жүйенің ұзақ мерзімде сақталуын күмәнді етеді.
Ирандағы қанды қаңтар – кез келген ел үшін ескерту. Экономикалық әділетсіздік пен саяси тұйықтық ерте ме, кеш пе, күшке тіреледі. Ал күш қолданылған жерде билік пен қоғам арасындағы сенім біржола жоғалады. Бұл атау бізге де таныс. Қанды қаңтар – осыдан төрт жыл бұрын біздің басымыздан өткен ауыр кезең. Сондықтан Ирандағы жағдай тек бір елдің трагедиясы емес, бүкіл аймақтың айнасына айналып отыр.


















Ирандағы қантөгіс пен сыртқы қысым: Трамптың екіұшты сигналы
АҚШ «тасадағы флотқа» тосқауыл қойды: Olina танкері және теңіздегі жаңа санкциялық соғыс
Венесуэладағы әскери операция: Трамптың мәлімдемесі және аймақтық тұрақсыздық тәуекелі
Украина соғыс жағдайындағы басқару моделін қайта қалыптастыруда: Буданов президент кеңсесіне келді
Йемен соғысының жаңа кезеңі: оңтүстіктегі қақтығыс және аймақтық державалардың ойыны
Бейбітшілікке бөгет болған логика: Украина–Ресей соғысының шешілмейтін түйіні