Қоғамтанушы ретінде айтарым: қазақта лингва ұлтшылдық пен діншілдік көтерілуі ықтимал, бірақ бұл ертеңгі күн мәселесі. Екінші жақтан, бүгін туған күнде экзистенциалдық еркіндік-индивидуалдық пен персонализм күшеймек. Екі үрдіс қала тұрғындарына және жеке меншікшіл қоғамға тән құбылыс. Баяғыда қазақ ру басына, махалля жамағатына тәуелді болды. Кейін колхоз председателіне, ауылсовет бастығына, управляющийге, бригадирге, бухгалтерге тәуелді еді.
Кеңес одағы қазақ үшін отаршылдық билік еді. Қазақ қызметте шеттетілді, тілден кемсітілді, ашаршылықта нәубет болды, әскери жазалаушылар қазақты әскермен қырды. Бұл геноцид еді. Бүгін бұл туралы аз айтылады. Сол тұстағы мемлекет КСРО деп аталатын, бірақ билік іс жүзінде - Ресей империялық отаршылдық мемлекеті еді. КСРО қазақтың қалаға көшіп келуін шектеді, прописканы талап етті, пропискасыз қара жұмыс та, қызмет те жоқ. Бізге Мемлекеттік тәуелсіздік нарықтық қатынаспен қатар келді. Нарықтық қатынас бай алпауыттардан басқа ортаң қол, орта дәулетті қауымын қалыптастырды. Қазақтың 60%-дан астамы қалада тұратын болды. Енді Қазақстанда өз өзіне жеткілікті, тәуелсіз қауым мен сондай орта пайда болды. Бұл қауымда ханға сәлем бермейтін типаж көп тарайды.Себебі олардың тіршілігі ешкімге бағынышты емес. Оның үстіне қалада анонимдік ара қатынас. Көп адамдар бір біріне бейтарап, тіпті танымайды да, ұялмайды да билікке де бас ұрмайды.
Отаршылдық қызыл кеңес үкіметі - тоталитарлық еді. Кеңес үкіметінің орнына егемендік авторитаризм келді. Мен біздің авторитаризмді көзі ашық
авторитаризм деп атадым. Біздің авторитаризмнің негізгі жетістігі - егемендік пен территориалдық тұтастықты сақтағаны.Тағы бір зор еңбегі нарықтық қатынастарды пәрменді жолмен орнатқаны. Сол радикалды реформалардың әсерінен Қазақстан экономикасы, ішкі жиынтық өнім еселеп өсті. Қазақстанның Ішкі Жиынтық Өнімі Өзбекстаннан 4,2 есе артық, ал Алматының Өлкелік Ішкі Өнімі Қырғызстанның Ішкі Жиынтық өнімінен көбірек. Жетістіктер мен қатар негативтер де аз емес: біздің отаршылдықтың сеңінің дені бұзылмаған сияқты. Қазақ тілінің статусы қазақтың көңілінен шықпайды.
Иә, Қазақстанды отарсыздандыру 1970 жылдан басталып 1991 жылға дейін
экономикалық және әлеуметтік себептерге байланысты жүріп келді. Сонымен 1970-1991 жылдары отарсыздану өз өзімен жүрді. Қазақстанда еңбек қолы артық болғандықтан, Ресейде, Германияда, Грекияда, Израильде тұрмыс деңгейі жоғары болып, Қазақстаннан көшем деушілерге көшуге рұқсат болғандықтан, орыстар пен немістер, гректер мен еврейлер өз атамекеніне көшті, оларды ешкім қуған жоқ еді. 26 жыл егемендік тіршілікте қазақ отаршылдықтың зардабын ұмытты, ұлттық санада релакс-прострация, бейбіт өмір мен егемендік ұлттық сананы әлдилеп ұйықтатып тастады. Ұлттық талаптар күн тәртібінен шығып, есесіне әлеуметтік , тұрмыстық, экологиялық, сексуалдық мәселелер маңыздырақ көрінетін болды.
Тағы бір зауалды қауіп бар: ол Қазақстанда нарықтық саяси бағыттың бәсеңдеуі, мемлекеттік сектордың үлесінің өсу ықтималдылығы - мәселен Ресейде 70% меншік мемлекет қолында, тіпті одан ары өсіп келеді. Халық, қалың бұқара белсенділері жерге жеке меншікті қабылдағысы жоқ. Бұл адасушылық. Көрші жатқан шет мемлекетерге (Қытай, Ресей, Өзбекстан) арендаға және жеке меншікке бермей-ақ, өз азаматтарымызға жерге жеке меншік институтын тереңдету керек.
Жер нарықтық объект ретінде тиянақты финанстық институтқа айналғаны жөн. Фермерлердің басым көпшілігі қазақ (80%), сондықтан қазаққа қазақтың жерін қимау - қателік. Назарбаев жер латифундистерінің жер меншік көлемін шектеп, жерлерінің бір бөлігін сатқызып, фермерлерге арзанға сатқызбақ, бұл істі қолдау - дұрыс бағыт. Фермерлер алған жер иеліктерін жеке меншікке айналдырып, банктерге кепілдікке қойып несие алғаны әлемдік дамыған ел практикасы. Субвенция тәжірибесі фермерлер шаруасына қолдау болады. Ал халықта бейқамдық, бойкүйездік, бейтараптық психология басым. Қалай болса да, не десек те бүгінгі қазақ - мүлде басқа қазақ.