
Көзіқарақты оқырманы, QT редакциясы қазақ құқығының білгірі Салық Зимановтың жетекшілігімен жарық көрген «Қазақтың ата заңдары» атты көптомдығының екінші кітабының басты мақаласын назарыңызға ұсынады. Мақала атауы «Қазақ құқығын бағалау тарихы туралы» айтып тұрғандай зерттеу тарихнамасы туралы. Бұған дейін алғашқы том бойынша «Қазақтың ата заңдары және оның бастаулары» мақаласын жариялағанбыз.
Қазақ құқығының зерттелеуінің үш кезеңі, ондағы жинау және ғылыми бағалау мәселелері, зерттеушілердің объективті талдауы, ұлттық құқықтың өміршеңдік себептері туралы толығырақ қаныға аласыз.
Көрнекті қазақ заңгері, ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, қазіргі қазақ құқықтану ғылымының негізін қалаушылардың бірі және қазақтың дәстүрлі құқықтық жүйесін зерттеуде орасан зор үлес Салық Зиманов дайындаған «Қазақ ата заңдарының» 10 томдығынан таңдамалы мақалаларды қазақ және ағылшын (сайттың ағылшын тіліндегі нұсқасынан көруге болады – QT) тілдерінде ұсынуды жөн көрді.
Салық Зимановтың жетекшілігімен жарық көрген «Қазақтың ата заңдары» атты 10 томдық жинақ – осызаманғы Қазақстанның құқықтық тарихындағы аса маңызды ғылыми еңбек. Бұл жинақ қазақ халқының дәстүрлі құқықтық мәдениетін, билер сотының рөлін және тарихи құқықтық нормалардың эволюциясын жан-жақты талдап, заңдық құжаттар мен тарихи деректер арқылы негіздейді.
Бұл жинақ қазақ даласындағы құқықтық жүйенің тек көшпелі өркениетке ғана емес, әлемдік құқықтық мәдениетке қосқан үлесін де көрсетеді. Қазақстанның қазіргі құқықтық жүйесінің түп-тамыры қазақтың дәстүрлі заңдарында жатқанын дәлелдеп, ұлттық құқықтық жүйенің сабақтастығын көрсетеді.
***
Қазақ құқығын бағалау тарихы туралы
Зиманов С.З.
Астана қаласында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты ғимаратының алдында XVII ғасырдың екінші жартысы мен ХVIII ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген үш биге: Төле, Қазыбек, Әйтеке билерге қатар отырған түрінде көрнекті ескерткіш орнатылған. Олар көшпелі шығыс халықтарынын әдетінше төбе басында орналасқан. Олардың бірі сол колын жүрек тұсында ұстап халқына тәжім еткендей түрде отыр, екіншісі шешендігімен көрініп, жартылай жұмылған оң қолын алдына тосуда, ал үшіншісінің қолында қағаздары бар. Бұл көрініс әрбір қазаққа жақын, әрі түсінікті. Бұл Республикамыз тәуелсіздік алғаннан бері «ресми мойындалмаған» қазақ мемлекетінің символына айналуда. Бұл билерге арналған ескерткіш көпшілік халық тағзым ететін орынға да айналып отыр. Ешбір мемлекетте сот әділдігі өкілдерінің бейнесі мемлекеттік символға дейін көтерілмеген. Бұл халық санасында тарихи тұрғыда қалыптаскан «дала демократиясының» құқықтық жүйесіне берілген жоғары баға.
Қазақ құқығының тарихын түбегейлі зерттеу соңғы он жыл ішінде, яғни Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бері (1990 жылдан бастап) ғана колға алына бастады. Оған осы томға енгізіліп отырған зерттеушілер мен мәдениет кайраткерлерінің еңбектері айғақ.
Қазақ халқының өз-өзін тануда, тарихын тануда «идеологиялық бұғау» болған, ғасырларға созылған дәуірдің жойылуы нәтижесінде қазақ рухы көтеріліп, көптеген зерттеушілердің еңбектеріне арқау болуда.
І
Қазақ құқығы жер шарының Батыс Сібір және Орталық Азиялық бөлігіндегі кең далада қалыптасып орныққан кошпелі түркітілді өркениеттің мәдени құндылықты құбылыстарының бірі. Бұл аймак тарихи әдебиеттерде кыпшақтардың отаны – Ұлы Дала деп, немесе осы жерлерді мекендеген әтникалық бірлестіктердің атымен Қазақия деп аталды. Бұл Ұлы Даланың дамуында өзіндік ерекшеліктері болды. Олар мынадай еді: а) бұл мыңжылдыктар бойы көптеген тайпалар мен әтностар көшіп-қонып жүрген кең де «еркін аймақ» болды; б) бұл жерлерді мекендеген халыктар негізінен дамыған көшпелі мал шаруашылығымен айналысты; в) Осы «еркін аймақта» қазақ-түркі әтносының біртұтас тілдік мәдениеті және көшпелі қазақтардың өзіндік мейлінше дамыған демократиялық құқықтық мәдениеті қалыптасып, бекіді.
Қазақ құкығы, құндылыктары – бостандық, әділдікке негізделген қасиеттері «Далалық Демократия» шеңберінде дамыды. Сот билігі беделінің өсуі, жоғары сатыға көтерілуі, билердің халық ілтипатына бөленуі қазақ құқығының өзіндік кырып ангартады. «Шығыстық» тирандық зандардың қазақ сахарасында орын алмауы, олардың ықпалының әлсіздігі бұл да қазақ құқығының ерекшелігі. Қазақ құқығында өлім жазасы, түрмелер (зындандар) бас бостандығынан айыру, денеге зақым келтіру, қылмыстық қудалау болған жоқ. Барлық даулар азаматтық-құқықтық сипатқа ие болды және олар үшін мүліктік жауапкершілік қолданылды.
Қазақ құқығы нормаларын ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші, әрі реформаторы, сот билігін ел бірлігіне арнаған, көне дәстүрді берік ұстаған билер деп аталатын ерекше тап еді. Бұл қазақ билері Шығыстағы басқарушы-билерден өзгеше болып қалыптасты. Олар әрі ақын, әрі шешен, философ, әрі ойшыл, әдет-ғұрып күқығының білгірі және оның реформаторы, әскери қолбасшы және басқарушы еді, ал көзқарасы негізінен өз кызметінде жергілікті ру мүлделерінен бұрын Қазақия халқының мүддесін жоғары ұстаған, сонымен бірге олар қоғамдық пікірдің бакылауында болды. Қазақ биінің моральдық-құқықтық мәртебесі халықтың «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деген талабынан көрініс тапты. Дәл осы пікірді XVIII ғасырдың басында өмір сүрген атақты Әйтеке би: «Өмірім өзгенікі, өлім ғана өзімдікі» деп әдемі айшықтаған болатын.
Қазақ құқығы бойынша сот әділдігін іске асыру әділдік, халықтық және адамгершілік идеологиясына негізделді және оның түп мақсаты дауласушы жақтарды татуластыру болып табылды. Қазақ құқығында бауырласу және некелік одақ құру институты кеңінен қолданылды. Дауды қарастырудағы қарапайымдылық, сот әділдігімен дәлелдеу бостандығының қамтамасыз етілуі, тараптардың және процеске қатысушылардың әрқайсысының өкілдерінің іске қатысу мүмкіндігінің шектелмеуі, тараптарды татуластыруға тырысу және соттық шешімдердің, тіпті кінәлі тарапқа қатаң жаза тағайындалған кезде де қоғамның алдындағы әділеттігі мен логика заңдарына сай болуын қамтамасыз ету билер сотының нысаны мен мазмұнын құрады.
Қазак құқығының негізгі қайнар көзі Ұлы Даланың нормативтік ережелер жүйесі қаншама ғасырлар бойы тікелей және жанама түрде әр түрлі мемлекеттер тарапынан қысым көріп, олардын идеологиясының әсерін сезінсе де, өзінің таңқаларлық өміршеңдігін сақтап келді. Әрине, қазақ қоғамы осындай күштердің әсерінен елеулі түрде өзгеріске ұшырап отырған, бірақ оның құқықтық мәдениеті мен тіл мәдениетін ешкім, ешбір күш өзгерте алмады. Олар мұндай қиын-қыстау жағдайларда, тек өзін-өзі сақтап қана қоймай ішкі күшке ие болып нығая түсті. Ұлан байтақ қазақ даласында болған өзгерістер мен төңкерістерге қарамастан, күні бүгінге дейін сақталып, өзінің бастапқы «мәйегін» жоғалтпаған қазақ құқығының өміршеңдігін, оның негізі, құрылымының өзегі табиғи еркіндік, әділдік, өнегелік идеяларымен үндестікте болуымен түсіндіруге болады.
Көшпелі мемлекеттің мәдени және демократиялық дәстүрлеріне негізделген Қазақ құқығы өзін тудырған дәуірлерден өтіп қана қоймай, оны нешеме белестерге артына тастап үлгерді. ХІХ ғасырға дейін, кейбір жағдайларда ХX ғасырдың басына дейін өзінің реттеушілік мәнін жоғалтпай сақтап келді. Қазақ құқығының бұлай ұзақ өмір сүруін екі негізгі жағдаймен түсіндіруге болады: біріншіден, көшпелі өркениеттің шаруашылық-тұрмыстық, дүниетанымдық негіздері қазақтың кең даласында жаңа дәуірге дейін сақталды. Екіншіден, қазақ құқығы халықтың тыныс-тіршілігінің өзегімен қисындас болатын, халықтың өзіне жақын-тәндес, жалпы адам баласының мәңгілік рухани бітім-болмысына, талабына сай болатын.
II
Қазақ құқығын, оның тарихын, нормативтік құрылымын, көшпелі өмірдің демократиялық мәдени құндылықтарын зерттеу кеш басталды. Еуропа үшін қазақ көшпелі әлемі XVIII ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың басында ғана белгілі бола бастады. Бұл жағдайды бірнеше себептермен түсіндіруге болады: 1) ұлан-ғайыр Орталық Азияның «еркін» даласын мекендеген қазақ қоғамы Азия мен Еуропаның біраз бөлігін ертеде дүр сілкіндірген ірі саяси және соғыс науқандарынан тыс қалып отырды. Осыған орай әйгілі саясаткерлер мен өзара мемлекет қатынастарының, зиялы қауымның назарына ілінбеді; 2) қазақ қоғамы ғасырлар бойы негізінен мал шарушылығымен айналысқан көшпелі, жазу-сызудан гөрі ауыз әдебиетіне, еркіндік пен бейбіт өмірге бейімделген халықтардан құралды. Өркениетке сыртын беріп елеусіз қалған қазақ қоғамында шаруашылықты жүргізудің көшпелілік тұрақтылығы көп уақыттар бойы сақталынды; 3) көшпелі қазақ қоғамы Сөз бен Заңнын үстемдігін қолдаған өзіндік ішкі идеология негізінде калыптасты. Бұндай Кең дала сипаттары еркіндік пен бостандықты пір тұтқан заң ережелерінің, әдеттік-құқықтық жүйенің еркін орнығуына негіз болды.
Отарлаушылық-экономикалык мүддені көздеген шет мемлекеттердің сыртқы саясаты XVIII ғасырдан бастап Қазақстанға деген қызығушылығы мен қысымын күшейте түсті. Сонымен бірге қазақ құқығын тануға, дендеп зерттеуге кеңінен жол ашылды. Бұл бағытта көрші Ресей патшалығы зор белсенділік көрсетті. «Артта қалған» Қазақияның ішкі дүниесі Еуропалық деңгейде білім алған зиялы қауымдардың, шығыс халықтарының тарихына әуесқойлардың назарына іліне бастады. Олардың ішінде тәжірибелі зерттеушілерге қазақтың құқықтық мәдениетінің, оның өзіндік бітім-болмысы мен құндылығы ерекше әсер етті. Олар құнды пікірлер білдірді. Орыстың шығыстанушы-зерттеушісі А.Левшин қазақтың құқықтық өмірінде «Алтын ғасыр» дәуір болғандығы туралы алғаш пікір білдірді (1832 ж.). Қазақияда бірнеше жыл болған Польша сая-хатшысы А.Янушкевич (ХІХ ғасырдын ортасы) шешендігімен және дүниетаным қабілетімен көпшілікті таңдандырған дала Демосфендері мен Цицерондарын өркениетті әлем кезінде, алдағы уақытта мойындауға мәжбүр болады деп көрсеткен.
Қазақ құқығын зерттеуде үш кезеңді бөліп көрсетуге болады. Оның бірінші кезеңі Қазақ Даласын патшалық Ресейдің отарлауымен байланысты.
Хронологиялық түрде ол ХVIII-ХХ ғ. басын қамтиды. Екінші кезең – Кеңес өкіметімен тұстас (1917-1989 жж.). Үшінші кезең тәуелсіз қазақ мемлекеті – Қазақстан Республикасы (1990 жылдан бастап) құрылған кезден басталады. Алғашқы екі кезенде казақ құқығының мәселелерін қарастыру патшалық Ресейдің отарлау саясатына, кейін Кеңестік мемлекеттің империялык саясатының бағытына сай жүргізілді. Әдет-ғұрып ережелеріне негізделген қазақ құқығын жүйелі, объективті түрде зерттеу тек соңғы жылдары – үшінші кезеңде бой көтерді.
Патшалық Ресей Қазақстанды отарлау саясатын жүргізу барысында, орыс шенеуніктерінің өздері мойындағандай, ежелгі қазақ ата заңдарының, сондай-ақ саяси өмірдегі және қоғамдық сана-сезімдегі билер соты рөлінің мықтылығы оларды таңқалдырады. Патшалық Ресейдің отарлау саясаты неғұрлым белсенді жүргізілсе, қазақ даласының ежелгі құқық құрылымының оған қарсылығы соғұрлым күшті болды. Кешікпей-ақ қазақ қоғамына ықпалын күшейту үшін, оның құқықтық жүйесін тұсауламай, оны өзінің отарлаушылық пиғылына ынғайламай отарлау саясатын жүзеге асыру мүмкін еместігіне патшалық өкіметтің көзі жете бастады. ХІХ ғасырдың 20-шы жылдарынан бастап патша өкіметі өзінің отарлау саясатын күшпен енгізе алмайтындығын түсініп, ендігі жерде қазақтың құқықтық мәдениетін, құқықтық болмысын түсіну, зерттеу мақсатымен қазақ даласындагы құқықтық нормаларды жинау, оларды бір жүйеге келтіру жұмысын жүргізу туралы бұйрық береді. Мысалы, И.А.Козлов Петербург университетінің заң факультетін бітірген соң (1877 ж.) өзінің сұрануы бойынша Омбы қаласына Қазақ Даласының «Сібір басқармасына» жіберіледі. 80-ші жылдары оның бастамасы бойынша қарамағына Орталық Қазақстанның біраз бөлігі кіретін Батыс Сібір генерал-губернаторы мақұлдаған «Құқықтық әдет-ғұрыптар туралы мәліметтерді жинау» жұмысы басталады. Ол өзінің 1882 жылы жариялаған алғашқы мақалаларының бірінде «билер сотын» жоюдан сақтап қалудын қажеттілігі туралы жазған еді. Ол: «В сознании народа звание бия принадлежит тем немногим, которые отмечались безукоризненной честностью, с природным умом, соединяют глубокое познание в коренных обычаях народа. Бий есть живая летопись народа, юрист или законовед его» [1] – деп жазған. Ол өзі редакторлық еткен «Особое прибавление к Акмолинским областным ведомствам» (1888-1894 жж.) газеті арқылы «Дала зандары» туралы мақалалар жіберуін сұрап, қазақ-әдет-ғұрып құқығының жергілікті білгірлеріне өтініш жібереді [2]. Қазақ құқығы туралы дәл осындай пікірді орыстың тағы бір жас зерттеуші-шенеунігі Н.Н.Максимов та ұстанған. Ол да А.И. Козлов сияқты Петербург университетінің заң факультетін бітірген. 1883-1898 жж. аралығында ол Дала Өлкесінде (Омбы қаласында) жұмыс істеді, қазақтардың арасында ел аралап, билердің кызметімен, қазақ әдет-ғұрып құқығымен, оның болмысымен танысып, оны зерттеумен айналысты. Ол жариялаған мақалалар мен жазба деректерінің көпшілігінде билердің рөліне және «дала құқығына» жоғары баға берілген, сондай-ақ олардың ежелгі маңызының бүгінде төмендеуінің себептерін өзінше түсіндіруге тырысқан. Соған қарамастан ХІХ ғасырдың соңында да бидің шешімі «мүлтіксіз орындалуы тиіс» екендігін байқауға болатындығын жазды [3]. Өзге де озық ойлы орыс чиновниктері сияқты ол да қазақ «әдет-ғұрып құқығының жинағын» құрастыру қажеттілігіне патша әкімшілігінің көзін жеткізуге тырысып бақты. Өзінің бұл идеясын дәлелдеуде ол қазақ құқығының аз зерттелгендігін, оның нормалары мен институттары түрлі сыртқы әсерлердің салдарынан өзгеріп бара жатқандығын тілге тиек етті, бұрынғы билердің азайып бара жатқандығын түсіндірді. Ол мұсылман құқығы – шариаттың қазақтардың құқықтық өміріне қолданылуына қарсы болды [4]. Осы және өзге де пікірлерді негізді деп тапқан патша үкіметі, ХІХ ғасырдың 40-60-шы жоне 80-ші жылдарында қазақ қоғамындағы басқару жүйесін және ондағы билердің рөлін зерттеу жөнінде бірнеше рет арнайы комиссия құрған болатын. Патшалық комиссиялардың бірқатар кызметінің нәтижесінде қазақтардың әдеттік-құқықтық ережелері туралы көлемді материалдар жиналады. Бұл материалдардың ғылыми-танымдық бағасы өте зор болды. Жиналған материалдардың біраз бөлігі кезінде қазақ әдет-ғұрып құқығы нормаларының жинағы түрінде жарияланды. Қазақ әдет-ғұрып құқығы туралы көптеген мағлұматтар КСРО-ның және Ресей Федерациясының, Мәскеу, Петербор, Омбы, Орынбор, Ташкент, Томск, Алматы қалаларының мұрағаттық қорларында сақталған. Осы кезде қазақ әдет-ғұрып құқығы туралы: «Сборник обычного права сибирских инородцев» (Самоквасов Д.Я. Вар-шава, 1876); «Народные обычаи, имевшие, а отчасти и ныне имеющие в Малой киргизской Орде силу закона» (Баллюзек Л.Ф. Оренбург, 1871); «Обычное право киргизов» (Козлов И.А. Омск, 1886.); «Материалы для изучения юридических обычаев киргизов» (Маковецкий К.Е., 1886); «Обычное право киргиз» (Леонтьев А. М., 1890) және тағы басқа да зерттеулер, жинақтар бірінен соң бірі шыға бастады.
Қазақстандағы отаршылық-әкімшілік жүйенің мекемелерінде жұмыс істеген білімді орыс шенеуніктерінің, әсіресе жас буын арасында «артта қалған», «мешеу» қазақ қоғамымен етене жақын танысу, оның құқықтық мәдениетіне деген өзіндік қызығушылықтарын тудырады.
Қазақ құқығы нормаларын жинаудан оларды зерттеуге көшуге бетбұрыс екінші кезенде 1917 жылғы Ресейдегі төңкерістен кейін жасалды. Ұйымдық тұрғыдан Қазақ ССР-нің Ғылым Академиясы мен оның құрамында Құқық бөлімінің (1946 ж.), Философия және құқық институтының (1958 ж.), оның негізінде – Ұлттық Ғылым Академиясының құрылымындағы Мемлекет және құқық институтының құрылуы (1992 ж.) Қазақстан Республикасындағы тарихи-құқықтық зерттеулерге елеулі тың серпін берді.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Қазақ құқығы, оның көне институттарын зерттеуге деген ғылыми құлшыныс белгі берді. Алғашқыда бұл «Қазақстан тарихының» очерктерін, кейінірек көп томдық басылымдарын дайындау үстінде жүргізілді және онда Қазақстанның Орта ғасырлардагы қазақ тарихын жазуда сол кездегі құқықтық жүйеге ат басын бұрмай өту мүмкін емес болатын. Сонымен бірге арнайы зерттеулер де жүргізіле бастады. Осы жылдары Т.М. Күлтелеевтің, С.Л. Фукстің арнайы құқықтық зерттеулері, «Материалы по обычному праву казахов» т.1 (1948 ж.), «Материалы по политическому строю казахов» т.1. (1960 г.), «Проблемы казахского обычного права» (1989 г.) атты еңбектер жарық көрді. Әсіресе Қазақстанның тәуелсіз мемлекет дәрежесін алғаннан кейін құнды, күрделі еңбектер, зерттеулер жарияланды. Еліміздің саяси және құқықтық тарихына арналған бірталай кандидаттық және докторлык диссертациялар қорғалды. Олардың ішінде докторлық зерттеулер: З.Ж. Кенжалиевтің «Көшпелі қазақ қоғамындағы дәстүрлі құқықтық мәдениет» (1996 ж.), Н.Өсеровтің «Қазақ құқығы және мұсылман құқығының нормалары» (1998 ж.), М.А.Құл-Мұхаммедтің «Алаш» партиясы қайраткерлерінің саяси-құқықтық көзқарастары» (1999 ж.), С.Өзбекұлының «XVII ғасырдан ХХ ғасырдың басына дейінгі Қазақстандағы қоғамдық-саяси және құқықтық ой-пікірлер» (1999 ж.). Ал кандидаттық диссертациялардың ішінен: К.А. Абишевтің «Русская передовая интеллигенция Западной Сибири в истории политической и правовой мысли Казахстана» (1990ж.), Н.А. Ахметованын «Институт «кун» в обычном праве казахов», Ш.А. Андабековтың «Билерлің төтенше съездері» (1995ж.), Г.З. Ыдырысовтың «М.Сералиннің саяси және құқықтық көзқарастары» (1985 ж.) және т.б. атап өтуге болады.
Кеңес өкіметі дәуірінде жасалған зерттеулер қаншалықты маңызды болса да, «таптық көзқараспен» шектеліп, қоғамның қанаушылар мен қаналушылар деген бөлінуіне негізделген тар идеологиялық мақсаттарды көздеді. Сондықтан да, билердің, шешендердің, қазақ ата заңдарының білгірлерінің көпшілігі халықтың ауқатты бөлігінен шыққандықтан, оларға деген көзқарас та теріс болды. Қазақ қоғамы және ондағы құқықтық құрылымдар Кеңестік дәуірде «үлкен саясатқа» қарсы жүйелер ретінде бағаланды.
Кеңес өкіметі тұсындағы жаппай қуғын-сүргінге ұшырату науқаны кезінде халықтың көзі ашық оқыған зиялы қауымның қолында сақталған көненің көзі саналатын құнды қолжазбаларды да өртеп, құртып жіберді. Кейінгі кездегі елімізде жүргізіліп жатқан қуғын-сүргін құрбандарын ақтау «ежелгі қазақ құқығын» қайта түлетуге мүмкіндік тудырды.
III
Қазақ қоғамында Сөз құдіретін жоғары бағалаған. Дауласқан даугерлерді, жауласқан ішкі жауларды бір ауыз сөзбен тоқтатқан. Шешендік өнер адамдардың қарым-қатынастарының барлық деңгейлерінде отбасылық, рулық, мемлекеттік – негізгі атрибуттардың бірі болып есептелді. Сөздік қордың байлығы, оны пайдалана білу ерекше бағаланды. Қазақи сот билігі билер соты шешендік сөз күш-құдіретіне негізделген. Би қазақ құқығы нормаларының білгірі, əpi шешен болған. Шешендік өнердің бастапқы қайнар көзі, оның сақтаушысы, әрі реформаторы соттық билікті жүзеге асырған билер болатын. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев XVII-XVIII ғ.ғ. өмір сүрген қазақтың атақты үш биі – Төле, Қазыбек, Әйтеке билер туралы: «Үш данагөйдің өнегелі өмірі, ел қамын жеген адал еңбегі, топ бастаған көсемдігі, от ауызды, орақ тілді шешендігі, мүлтіксіз әділдігі жөніндегі айтар әңгіме аз емес» деп жазды. Кезінде бұл пікірді Ұлттық Ғылым Академиясының бірінші Президенті, белгілі академик-ғалым Қ.И.Сәтбаев та айтып еді. Билер туралы бізге жеткен: «Ханда қырық кісінің ақылы болса, биде қырық кісінің ары, білімі бар» – деген халық даналығы жоғарыда айтылған ойдың шындыққа жанасатындығын білдіреді. Халықаралық дәрежеде танымал жазушы Ә.Нүрпейісов: «С годами я, все чаще оглядывая мысленно скрытые пласты веков казахской истории, все более и более поражаюсь... Три мудреца, чьи имена сегодня не сходят с уст благодарных потомков – Толе, Казыбек, Айтеке, не только были наделены Богом великим ораторским искусством. Они точно так же, как Цицерон в древнем Риме, исполняли широкий круг государственных обязанностей в том числе судей-биев, утверждая тем самым своими деяниями принципы демократии Великой Степи» - деп жазды. Қазақстандық сыншы-жазушы Г.Бельгер қазақтың үш биі туралы айта келіп, оларды «үш пайғамбар» деп атайды.
Осы томға енгізілген, соңғы он жыл ішінде жарияланған отандық және шетелдік авторлардың көптеген зерттеулері Қазақияның рухани тарихымен Ата Заң-ережелерінің ерекшеліктерін, байлықтарын мейлінше ашып көрсетеді. Осы арада төмендегі белгілі ғалымдар мен жазушылардың, қоғам қайраткерлерінің пікірлері құнды ойларға толы. Көрнекті зерттеуші Б.Адамбаевтың пікірі бойынша: «Қазақ шешендік өнері ХІІ-ХІІІ ғасырларда Майқы би мен Аяз билерден басталады». Аты әлемге әйгілі жазушы, ғалым, әрі қазақ тарихының білгірі М.О.Әуезов: «Әрбір хан өз қасында ақылшы болатын биді таңдағанда, ең алдымен сөз тапқыш өткір деген шешеннен, судырлаған ақыннан алатын», – деп жазды. Ұлттық әдебиет тарихын зерттеуші Р.Бердібаев: «Ұлы билер барлық кезде үлкенді-кішілі іс-әрекетінің бәрінде ел мүддесін өз бастарының мүддесінен жоғары койған» – деп жазды.
Қазақ ата заңдарының мәнін тек қана Қазақияның әтномәдени шекарасындағы өзіндік нормативтік рөлімен түсіндіруге, шектеуге болмайды. Онда біз аясы кең қазақ құқығын белгілі қысаңдықтың бұғауында қалдырарымыз хақ. Ол бір мезгілде бірнеше функция (қызмет) аткарды: реттеушілік, басқарушылық, біріктірушілік, қоргаушылық және адамгершілік. Ол кең мағынада алғанда заң да, билік те, қоғамдық болмыс пен өнегеліктің қайнар көзі де, рухани құндылық та болды. Осындай өзіне тән тұрақты сипаттарының арқасында «Қазақ құқығы» өзіндік қоғамдағы күшін ғасырлар бойы сақтап қалды. Мұсылман құқығының, монғол құқығының, тегеуіріні мықты орыс заңының ықпалында кетпей өзінің бет-бейнесін сақтап қалды. Көршілес елдердің құқық жүйелерінің Қазақ құқығына әсері болса да оны жоятын күшке ұласа алмады. Қазақ құқығының түбегейлі құрылымы кешегі жаңа заман дәуіріне дейін қоғамдағы ықпалын жоймады. ХІХ ғасырдың ортасында Шоқан Уәлиханов айтқандай: «Билер соты, 50 жыл бойғы орыс саясатының әсеріне қарамастан, бізге дейінгі жүздеген, бәлкім, мындаған жылдар бұрын қандай болса, сол қалпында қалды».
Қыпшақтардың Ұлы Даласының ерте құлдырауы – қазақ даласындағы құқықтық мәдениеттің құлдырауына соқтырған жоқ. Бұл қарама-қайшылықты процесте оның ұлан-ғайыр «еркін» даладағы өмірі өз әсерін тигізген болуы мүмкін. Бірақ ортағасырлық қазақ даласының шаруашылық, мәдени тұрғыдан басқа елдермен салыстырғанда артта қалуы да қоғамға өз әсерін тигізбей қалмады. Ұлан-байтақ орталық Азиялық аймақ әлемдік тарихтың сахнасынан ығысып, ұзақ уақыт бойы ұмыт қалған болатын. Бұны да ескерген жөн.
Қазақтың дәстүрлі құқықтық мәдениетін зерттеу бастапқыда Сталин қайтыс болғаннан кейінгі кезеңде, кейін Кеңес өкіметі тарағаннан соң Республикамыздың өзекті мәселелерінін біріне айналды. Оған тіл мамандары, әдебиетшілер, тарихшылар мен заңгерлер де қатысты. Біртіндеп ортағасырлық қазақ тарихында «соттық-құқықтық өркендеу» кезеңінің тұтас бейнесі құрылды.
Қазақ құқығы мен бидің билігін әр түрлі тұрғыдан зерттеу оларды көшпелі түркі цивилизациясының құнды мұраларының бірі ретінде сипаттайды, олардың құқықтық мәдениет аясындағы орны мен ерекшеліктерін ашып көрсетеді.
- Материалы по обычному праву казахов. Алма-Ата, 1948. С. 224.
- Особое прибавление к Акмолинским областным ведомствам. Омск, 1888. № 14.
- Максимов Н.Н. Народный суд у киргизов // Журнал Юридического общества при Импера-торском Санкт-Петербургском университете. 1897. Кп. 7. С. 65.
- Максимов Н.Н. О необходимости приступать к составлению сборника Киргизского обыч-ного права: Отчет о деятельности Западно-Сибирского Русского географического общества за 1897 год. Омск, 1899. С. 9-12.