Бесінші рет өтіп жатқан Ұлттық құрылтай да әдеттегідей «маңызды кезең», «тарихи сәт», «жаңа серпін» деген жылтырақ сипаттамалармен қорытындыланды. Алайда мазмұнына үңілсек, бұл жиын тағы да басты мәселені айналып өткенін көреміз: билік пен қоғам арасындағы нақты жауапкершілік қай деңгейде тұр, ал адам құқығы бұл жүйеде қай орында?

Өтіп жатқан құрылтайдың толық жарияланымының тікелей трансляцияланбауының өзі көп нәрсені аңғартады. Қоғамға ашық болуы тиіс алаң жабық форматта өтті. Ал бізге үзіп-жұлынып жеткен ақпараттың негізінде ғана ой қорытуға мәжбүрміз. Бұл ашықтыққа ұмтылған саяси жүйенің емес, бақылауды қолдан шығармауға тырысқан биліктің белгісі.

Құрылтайда айтылған ұсыныстар мен бастамалардың бәрі бір орталықтан сүзгіден өтіп отырғаны жасырын емес. Қазақстанда саяси жүйенің барлық тармағы түптеп келгенде бір фигураға Президентке барып тіреледі. Сондықтан бұл құрылтайды да, одан туындайтын кез келген «реформаны» да «ұлттық келісімнің көрінісі» емес, президенттік бақылаудағы саяси процесс ретінде қабылдауға тура келеді.

Соңғы ұсыныстардың бірі алдағы бір палаталы парламенттің атауын «құрылтай» деп өзгерту идеясы. Бұл бастама қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бір тарап күмәнмен қарайды, енді бір тарап биліктің бұрыннан қалыптасқан жарнамашы тобы оны асыра мадақтауға кірісті. Бірақ негізгі сұрақ сол күйі жауапсыз қалды: атауды қазақшалау арқылы біз шын мәнінде ұлттық мазмұнға қол жеткізе аламыз ба?

Тарихтағы құрылтай билікті заңдастыратын емес, билікті шектейтін саяси механизм болған. Ол ханның да, сұлтанның да шешімін таразылайтын кеңістік еді. Ал бүгін ұсынылып отырған «құрылтай» билікті тежей ме, әлде биліктің дайын шешімдерін рәсімдеп беретін символдық органға айнала ма? Қазіргі белгілер екінші нұсқаның басым екенін көрсетіп отыр.

Атауды қазақшалау арқылы мазмұнды ұлттық ету мүмкін емес. Ұлттық идеология ұран мен терминнен емес, азаматтың құқығы мен еркіндігінен басталады. Ал дәл осы адам құқығы мәселесі Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында да ашық әрі жүйелі түрде көтерілмегені айтылып отыр. Бұл кездейсоқ олқылық емес, саналы түрде таңдалған үнсіздік.

Ескі де, жаңа Қазақстан тарихындағы Конституцияның қайта-қайта өзгеруі де қоғамда заңды алаңдаушылық тудырады. Конституция билікті шектейтін негізгі құжат емес, билікке ыңғайлы тетіктер жиынтығына айналып бара жатқандай әсер қалдырады. Бір кездері Назарбаев тиімсіз деп алып тасталған вице-президент институтының қайта оралуы оң өзгеріске бастама деген нық сенімді білдіре алмаса керек-ті. Мемлекеттік кеңесші әлде мемлекеттік хатшы қызметтерінің жойылып, олардың орнына жаңа атаулардың ұсынылуы да жүйенің жаңаруынан гөрі билікті қайта конфигурациялау процесін еске салады.

Бұрын Ассамблея болды, кейін Ұлттық кеңес, енді құрылтай Халық кеңесіне айналуы мүмкін деген әңгіме айтыла бастады. Бірақ атаулардың ауысуы мазмұнның өзгергенін білдірмейді. Егер бұл құрылымдар халықтың емес, биліктің кеңесіне айналса, онда біз кезекті декоративті институттың ғана куәсі боламыз. Қазақстан саяси тәжірибесінде мұндай мысалдар жеткілікті.

Осы тұста біз шынымен саяси өзгеріске бет алып отырмыз ба, әлде кезекті косметикалық әрлеудің куәсі болып отырмыз ба, деген сұрақ туындайды. Егер алдағы парламент те иә, құрылтай да тәуелсіз шешім қабылдай алмаса, сот билігі саяси ықпалдан арылмаса, оппозиция үшін тең мүмкіндік жасалмаса, ал адам құқығы мемлекеттік саясаттың өзегіне айналмаса — онда кез келген реформа атауы өзгерген, ал мазмұны сол күйі қалған процесс болып қала береді.

Мұндай жағдайда жауапкершілікті тағы да сол «жүйеге» жаба салу қисынсыз. Себебі Қазақстанда жүйені де, реформаларды да, олардың жүзеге асуын да Президент толық қадағалап отыр. Анығында Ұлттық құрылтай төменнен көтерілген қоғамдық сұраныстың нәтижесі емес, жоғарыдан ұйымдастырылған Ақорданың өзіне ғана тән саяси алаңы. Демек, оның нәтижесі де, шектеуі де сол саяси ерікке тікелей тәуелді.

Егер Ұлттық құрылтай тағы да сол билікті мадақтайтын мінбер күйінде қала берсе, ол қоғамның сенімін арттырмайды. Ал егер ол шынымен ұлттық әрі мемлекеттік сипат алсын десек, биліктің өзі ашық сынға дайын болуы тиіс. Өзіне сын айтқандарды, басқаша ойлағандарды қудаламауы керек. Құрылтай халықтың үнін тыңдайтын алаңға емес, халықтан қолдау жинайтын құрлымға айналса, оның тарихи атауы да, символдық мәні де сол баяғы ескі жырымен қала бермек.

Бесінші Ұлттық құрылтай тағы бір мүмкіндікті пайдалана алмады деуге болар. Қазақстан бүгінде өзгеріс кезеңінде емес, өзгерісті қатаң бақылауда ұстау кезеңінде тұрғандай. Ал бұл екі жағдай мазмұны жағынан мүлде басқа ұғым.

Шынайы өзгеріс Президент бақылауындағы құрылымдардан басталмайды. Ол сол бақылаудың әлсіреуінен, биліктің қоғам алдында есеп беруге мәжбүр болуынан басталады. Ал бізге жеткен құрылтайда көтерілген тақырыптарға қарап-ақ, мұндай күн тәртібінің әзірге жоқ екенін аңғаруға болады.

Егер билік шынымен Ұлттық құрылтайды тарихи институт ретінде тірілткісі келсе, ең алдымен өзінен бастауға тиіс: бақылауды әлсірету, пікір алуандығына жол беру, өзіне қолайсыз сұрақтарға дайын болу. Әйтпесе «құрылтай» атауы халықтың жадында кеңес емес, кеңестік тәсілмен басқарудың жаңа нұсқасы ретінде қалып қояды. Ондай жағдайда бұл алаң ұлттың болашағын айқындайтын тарихи институтқа емес, биліктің кезекті өздерін заңдастыру рәсіміне айналады. Ал тарих мұндай құрылымдарды өтірік өзгеріс жасағаны үшін емес, шынайы өзгерісті кейінге қалдырғаны үшін есте сақтайды.