Астанада "Қазмұнайгаз" өкілдерімен келіссөзге қалған жаңаөзендік 10 мұнайшы Азаттыққа он күн өтсе де келісімге келмегенін, 20 сәуірде келіссөз өтпей қалғанын айтты. Бұл туралы олар 20 сәуірде Астанада өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, – жеп жазды Азаттық радиосы.

"Қазмұнайгаз" өкілдері әлдебір "комиссия" құрылып, Жаңаөзенге кеткенін хабарлаған. Комиссияға кімдер кіргені, не үшін құрылғаны белгісіз дейді мұнайшылар.

Ал "Қазмұнайгаз" 20 сәуірде Жаңаөзенде осы компания өкілдерінен құралған “арнайы жұмыс тобы” іске кіріскенін хабарлады.

"Оларға қаланың еңбек ұжымдарымен кездесу өткізу, жұмысшылардың еңбек жағдайымен, сатып алу қызметімен және кәсіпорындар жұмысының басқа да тұстарымен танысу міндеттері қойылды. Жергілікті компаниялар қызметкерлерінің келісімшарт талаптарының бұзылғаны жөніндегі шағымдары, соның ішінде Астанада өткен арнайы комиссия жұмысы кезінде "БерӘлі Маңғыстау Company" компаниясының бұрынғы қызметкерлері мәлімдеген шағымдар жеке қаралатын болады" деп жазылған компания хабарламасында.

"Қазмұнайгаз" комиссия жұмысының қорытындысы бойынша "экономикалық және әлеуметтік мәселені шешу үшін" жоспар құрылатынын айтады.

Сәуірде Жаңаөзенде "ҚазМұнайГазға" сервистік қызмет көрсететін "БерӘлі Маңғыстау Company" кәсіпорны тендерде жеңіліп, 100-ден астам адам жұмыссыз қалған. 10 сәуірде олар Астанаға барып, биліктен "ҚазМұнайГазға" тиесілі "Өзенмұнайгаз" сынды ірі компаниялардан тұрақты жұмыс талап еткен еді.

"ҚазМұнайГаз" жұмысшыларға тендерде жеңген "Кезби" және Ai-Bis жеке компанияларынан бұрынғыдай жалақы алатын жұмыс ұсынған. Бірақ жаңаөзендіктер "аз уақыттан соң қайта тендер болып, тағы жұмыссыз қаламыз" деген.

11 сәуірде кешкісін арнайы жасақ оларды ұстап, басым бөлігін 12 сәуірде Жаңаөзенге қайтарған. Астанада "Қазмұнайгазбен" келіссөз жүргізу үшін он шақты мұнайшы қалған.

Астанадан Жаңаөзенге оралған мұнайшылар "Өзенмұнайгаз" компаниясына күнде келіп, жұмыс мәселесін шешуді талап етіп жүр.