Қазақстан Тәуелсіздік алғалы ондаған жыл азаматтық қоғамның ірі өкілі ретінде белсенді күрескерлігімен көзге түскен оппозиция қайраткері Жасарал Қуанышалин дүниеден қайтты.
1991 жылға дейін де қоғам мен саяси өмірге белсене араласқан Жасарал Қуанышалин еңбек жолын журналист, оқытушы ретінде бастаған.
Батыс Қазақстандағы казактар бүлігін тоқтатуға, Тәуелсіздікті тездетіп жариялауға өзінше үлес қосты.
75 жасқа қараған шағында өмірден озған Қуанышалин 1994 жылы Қазақстан Жоғарғы кеңесіне депутат болып сайланып, конституциялық заңнама және адам құқығы комитетінің мүшесі болған. Желтоқсан шындығын ашуға көп күрескен.
Тіпті мемлекеттік қызметте де өзінің азаматтық пікірін ашық білдіріп жүрді. 1998-2003 жылдары Ақтөбе облыстық демография және көші-қон басқармасын, ақпарат және қоғамдық келісім басқармасын басқарды.
Азаттық Радиосының жазуынша, 2003 жылы күзде Ақтөбе облысының бір топ тұрғыны Қазақстан қоғамы мен бұқаралық ақпарат құралдарына үндеу жариялап, облыс әкімі мен президентті қатаң сынады. Содан соң ол біржола оппозицияға кетіп, елдегі адам құқықтары мен сөз бостандығы ахуалын өткір сынап жүрді.
2004 жылы «Ақ жол» партиясы екіге жарылғанда Алтынбек Сәрсенбайұлы, Болат Әбілев, Ораз Жандосовтар бастаған «Нағыз Ақ жол» жағына шығып, «Апта.кз» газетіне редактор болды. Кейін ұйым жетекшілерінің кейбір ұстанымдарымен келіспей, бөлек кетті.
2005 жылы сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевты «қазақта шекара болмаған» деген сөзі үшін оны «мемлекетке жасаған сатқындығы және ұлтқа опасыздығы үшін жауап беруі тиіс» деп сынады, сол сөзіне бола ол 2 жылға сотталып, рақымшылық заңымен босатылды. Бірақ Жасарал Қуанышалин өзін кінәсіз деп есептеп, рақымшылық заңын қолдануға қарсылық білдірді.
Бұл кезде саясаткер 2005 жылы күзде өтетін президент сайлауы алдында Қазақстан оппозициясы бірлесіп құрған «Әділетті Қазақстан» қозғалысына қосылған еді.
Оппозиционер 2005 жылы Алматыдағы «Шаңырақ» оқиғасы бойынша айыпталған адамдарды қорғаумен тікелей айналысты.
Кейін ол тіркелмеген «Алға» партиясының негізгі өкілдерінің біріне айналды. 2009 жылы «Алға, Азаттық!» қоғамдық бірлестігінің төрағасы ретінде белсенділігін жалғастырды.
Ол осы кезеңдерде Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев екенін мойындамайтынын, 1917 жылы Алашорда үкіметін басқарған Әлихан Бөкейханұлын зайырлы қазақ қоғамының алғашқы басшысы, ұлт көсемі деп танитынын мәлімдеген еді.
2010 жылы қарашада «Жаса, Азаттық!» қоғамдық бірлестігінің төрағасы ретінде келесі сайлауда президенттікке үміткер ретінде қатысатынын, тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козловпен саяси тандемде сайлауға түсетінін, кейін қалып жатса жолын әріптесіне беретінін мәлімдеді.
2010 жылы желтоқсан айында билікшіл күштер Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін 2020 жылға дейін созу туралы бастама көтергенде қарсы шыққандардың бірі Қуанышалин болды. Соның ізінше төрт жыл бұрынғы сұхбаты үшін оның үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Жасарал Қуанышәлин 2011 жылы желтоқсандағы Жаңаөзен оқиғасынан кейін «Жаңаөзен-2011» комитетін құрып, билік әрекетін тәуелсіз зертеуді талап етті.
2014 жылы ақпанда Жасарал Қуанышалин адам құқықтары мен сөз бостандығын қорғауға үлес қосқан азаматтарға арналған сыйлық «Азаттық» сыйлығына ие болды.
Жасарал Қуанышәлин 2017 жылы Мұхтар Әблязов құрған «Қазақстан демократиялық таңдауы» қозғалысын белсене қолдады. Қазақстан соты бұл ұйымға «экстремистік ұйым» деп тыйым салғанымен Еуропарламент резолюциясында «бейбіт сипаттағы ұйым» деп бағалаған еді.
2019 жылы Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кетіп, орнына Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырған соң да саяси өзгеріс болатынына сенбейтінін білдірді. Тоқаев билігі «саяси реформалардың бірі» деп атаған саяси партиялар туралы өзгерісі «көзбояушылық екенін дәлелдеу үшін» саяси партия құрып, тіркетуге тырысты. Алайда Жасарал Қуанышалин тіркемек болған саяси партияны Қазақстан билігі Қаңтар оқиғасынан кейін де түрлі себептерді алға тартып тіркемеді.
Азаттықтың Қуанышалинге арнаған хроникалық портретіне қарап отырып, оппозиция абызының өмірінің кейінгі 33 жылын қоғам игілігіне арнағанын көруге болады. QT редакциясы қайраткердің қазасына байланысты Алаш жұрты мен марқұмның туыстарына қайғыра көңіл айтады.