Абай «атадан алтау ма» еді? Жоқ, жетеу болатын. Құнанбайдың бәйбішесі Күңкеден Құдайберді, екінші әйелі Ұлжанан Тәңірберді(Тәкежан), Ибраһим(Абай), Ысқақ, Оспан, үшінші әйелі Айғыздан Қалел мен Смағұл. Құнанбайда осы жеті ұл болды. Абайдың «атадан алтау, анадан төртеу» деген өлеңі 1889 жылы жазылған. Осы тұста үлкен ағасы Құдайберді жоқ, ол 1867 жылы өлген. Інісі Қалиолла да жоқ болатын. Құдайбердінің өзі жоқ болғанымен, оның төрт ұлы бар болатын және ол бәйбішеден туған ағасы, сондықтан оны есептен шығармады. Үйленбеген және өзі де жоқ Қалиолланы өлеңде қоспаған болуы керек. Абай осы аға-бауырларымен өте жақсы силасып, тату өткен. Інісі Оспан үш әйел алса да, бала көрмей қам көңіл болғанда, өзінің үлкен ұлы Ақылбайдан туған немересі Әубәкірді Оспанға бала қылып берген.
Ысқақтың дәулеті азырақ болып, балаларын қаладан орысша оқыта алмай қиналғанын көрген Абай: «Кәкітайды оқыт, оның барлық қаржысын мен берейін» деген және оны қамқорлығына алған. Сонымен Кәкітай Абай балаларымен бірге, Абайдың көмегінде оқыған. Кәкітай Абайдың үмітін ақтады. Кейінтінде Абай өлеңдерін баспаға дайындап, 1909 жылы Петербургта таныстары бар үлкенірек қазақ оқығандары қол үшін беріп, көмектескен болуы керек.
Абайдың үлкен ағасы Құдайберді 37 жасында қайтыс болып, балалары жетім қалады. Құнанбайдың тапсыруымен Абай Құдайбердінің Шәкерімін ден қоя тәрбиеледі. Күткеніндей-ақ Құнанбай ұрпағынан Абайдан кейінгі ұлы ақын осы Шәкәрім болғандығы жұртқа мәлім. Шәкәрім айтады: « Ибраһим мырза, мұсылманша, орысша ғылымға жүйрік һәм Алланың берген ақылы да бұл қазақтан бөлек дана кісі болды. Ержеткенсоң ол кісіден тағылым алып, әртүрлі кітаптардан оқып, насихатын тыңдап азғана ғылымның сәулесін сездім. Ибраһимның тұрағы қазақ іші болғандықтан қадірі аз білінді. Олай болмағанда дәнішпан, ғұлама, философ кісі еді» (Шәкәрім шежірісінен).
Абайдың туыстарынан орысша шырқап оқыған Қалиолла еді, ол байғұс жастай өліп кетіп, білімі ел игілігіне жармай қалды. Құнанбай ұлдарынан болыстыққа сайланбағаны жоқ, тіпті бір уақытта Абай, Ысқақ, Оспан үшеуі үш елге болыс болып сайланған кезі де болды. Шәкәрім және басқа немерелері де болыс болған. Бір қырынан қарағанда, осының өзі де бәсекеде ұтып шығып отырған олардың мықтылығын көрсете ме, қалай деп ойлап қаласың.
Теңдессіз суреткер, ұлы ғалым Мұхтар Әуезов аса бір қиын-қыстау кезеңде анталаған шабуылдан Абайды жансала қорғап, арашалап қалды. Қазақ әдебиеті, тіпті дүние әдебиеті тарихында оны тиісті орынға шығарды, Абай танудың кемелді ғылымын жасады. Мұхтар Абайдың зерек бала, кейін сыншыл-ойшыл ақын болып жетілуінде оған ана тәрбиесінің, нағашы жұрт мінездемесінің елеулі ықпалы болғандығын айтты, Абайдың әкесі мен бауырлары жөнінде нақ шындықты айналып өтуге мәжбүр болды. Ол түсінікті де. Өйткені, Мұхтар, «байшыл, ұлтшыл» деген қаңқуды аз естіген жоқ. Өзінен бұрынғы әдебиетшілердің көрген күні, өз басының түрмеде көрген қысымы оған аян еді. 1930 жылдардың трагедиясын былай қойғанда, 1950 жылдар «Сталиндік силықтың иегері» , Акедемик жазушы болған Мұхтар не стемеді?! Күншіл достары мен бұйрықшыл әкімдер бірігіп алып қаһарын төкпеді ме?! Абай тану ғылымына келсек, үлес қосып келе жатқан Қайым Мұхаметханов 1951 жылы «Абайдың әлеуметтік мектебі» атты көлемді (380 беттік) дисертация қорғаған кезде, оны бағалап атақ берудің орнына жалақорлап айыптап, ақыры сотқа бергені бір жағынан Қайымды қолдайтын Әуезовке көрсетілген сес еді. Қайымды тыңдайық : талқы барысында « Әуезовті ұлтшыл, мені оның құйыршығы деген ауыр-ауыр сөздер айтты . . .». «ГПУ мені түрмеге апарғаннан кейін 35 жылға сотталдым. Тұрмеде мен Б.Сүлейменов, Е.Бекмаханов, Е.Смаиылов және Х.Жұмалиевтермен сегіз ай бірге жаттым. 1955 жылы ақталып шықтым. Өкінішке орай, тарихи ізденстерімнің көбі жойылып кеткен еді».
Мұхтарға қатер төніп тұрған осы тұста Ғылым академиясының президенті болып тұрған Д.А.Қонаев: « қазақтың бір өр тұлғасы үшін кеудемді «оққа» тоссам өкінбеймін» деген оймен, СОКОК-не дейін барып Мұхтарды аластаудан қалай құтқарып қалғанын өзінің «Өтті дәурен осылай» деген кітабында жақсы баяндаған. Сөйтіп, өр тұлғасы әлемге танылғаннан кейін де Мұхтарға тыныш ұйқы болмапты.
«Алтын жығаң болса да, жаға менен жең керек, асқан батыр болса да, ағайын мен ел керек» деген осы да. Сондықтан ғой, Мұхаң қайтыс болғанда ауылдағы Қази деген ақсақал : « талаптанып жас күніңнен, білім жолын қуып едің, шаңырағымыз Абай болса сен көтерген уық едің» деген еді.
"The Qazaq Times"