27 қаңтар. Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы азаматтық белсенді Мирболат Мырзатайұлына қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды. Бірінші инстанция соты шығарған төрт жыл түрме жазасы сол күйі сақталды. Апелляция үміт болды. Бірақ сот оны да жауып тастады.

Бұл істің формуласы қарапайым: бір адам мемлекеттік мекемеде қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап етті, ал мемлекет оны «ұлтаралық араздықты қоздырды» деп таныды. Медеу аудандық соты осы айыппен Мирболат Мырзатайұлын төрт жылға бас бостандығынан айырды. Апелляциялық сот бұл шешімді заңды деп танып, қорғау тарапының барлық өтінішін қанағаттандырмады.

Апелляциялық сот отырысына белсендінің өзі қатыстырылған жоқ. Оның тағдыры талқыланған сәтте, сол тағдыр иесінің дауысы естілмеді. Бұл жай техникалық жайт емес, қорғану құқығының мазмұнына қатысты ауыр сұрақ. Сот әділдігі ең алдымен адамды тыңдаудан басталуы тиіс еді.

Қорғаушылар сотта істің қолдан құрастырылғанын, айыптаудың нақты дәлелдерге емес, субъективті түсіндіруге сүйенгенін айтты. Олар Мирболат Мырзатайұлының әрекетін азаматтық ұстаным, заңды талап деп бағалауды сұрады. Прокурор бұған қарсылық білдірді. Сот алқасы прокурор позициясын қабылдап, үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Бұл шешім тек бір адамның тағдырына қатысты емес. Бұл мемлекеттік тілдің нақты мәртебесіне қойылған сұрақ. Егер Қазақстанда мемлекеттік тілде сөйлеуді талап ету қылмысқа теңестірілсе, онда Конституциядағы тіл туралы баптың өзі қағаз жүзінде ғана қалмай ма? Мемлекеттік тіл заңмен бекітілген норма ма, әлде тек салтанатты ұран ба?

Мирболат Мырзатайұлының ісі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Оның жақтастары белсендіні босатуды талап етіп, бұл істі сөз бостандығы мен азаматтық құқықтарға қысым деп бағалады. Құқық қорғаушылар да істің саяси және символдық сипатына назар аударып отыр. Алайда сот жүйесі бұл дауыстарды естімегендей кейіп танытты.

15 қаңтарда Мирболат Мырзатайұлы Алматыдан Тараз қаласындағы түзеу мекемесіне ауыстырылды. Бір адамның географиясын өзгерту оңай. Ал әділеттің орнын ауыстыру мүмкін емес. Әділет не бар, не жоқ. Бұл істе сот оның бар екенін дәлелдей алмады.

Үкім өзгермеді. Бірақ қоғамның сұрағы өзгерді. Мемлекеттік тілді талап еткен адам түрмеге жабылатын елде заң кім үшін жұмыс істейді? Сот кімнің сөзін тыңдайды? Ал әділет қайда?

Бұл сұрақтарға апелляциялық сот жауап берген жоқ. Бірақ оларды қоғам ұмытпайды.

The Qazaq Times