Менің Ана- Отаным,
Қақпанымен балтыр қауып қарлы ақпан,
Босап шыққан адамдайсың Карлагтан,
Аузыңды ашсаң қайғы иісі бұрқырап,
Кірпігіңе түйір-түйір қан қатқан.
Уызыңа жарымаған аш балаң,
Күллі әлемге уын жая бастаған.
Тырнағымен ақ төсіңді айғыздап,
Омырауыңды шайнап-шайнап тастаған.
Көне көйлек көркіңді бір жүдетіп,
Аяғыңда жұлым-жұлым жүр етік,
Тағы бір ұл астындағы тағы үшін,
Сені жатқа бергісі бар күң етіп.
Анам өзің, панам өзің, әй, жалғыз,
Солып бітті толықсыған айдай жүз.
Есеңгіреп сен жығылып жатсаң да,
Жаулығыңды жұлып қашып ойнаймыз.
Текті едің ғой жаның - бейіс, арың - күн,
Біз деген бір - қамсыз тобыр, қалың мұң.
Хауанадай боздайсың-ау сен әлі,
Құлпытасын құшақтап кеп Әбілдің.
Оу Анашым, тарқатылған бұрымы,
Опасыз ұл бір бармағы бүгулі,
Жалаңдатып қолындағы кездігін,
Енді сенің кесіп алмақ тіліңді.
Тауан қайтып тайғақ кешу, тар жолдан,
Сен сорлыға бола алмадым мен қорған, -
мен едім ғой өлген ақын у ішіп,
мен едім ғой тіл ұшынан тамған қан...
Заты бөлек зәузатыңа тоналып,
Қайыршыдай қайтпас жаққа жол алып,
Сен бір күні ғайып болар ма екенсің,
Қос бұрымың ақ кебіндей ағарып...


















Алматыда жаңа заманауи кітапхана ашылды
24 қазан – Кітапханашылар мерекесі құтты болсын!
Мемлекет және қоғам қайраткері Жасарал Қуанышалин өмірден озды
Жазушылар Одағы жаңа төраға сайлады. Ол «жазушылар оппозиция болмасын!» деді
Астанада қалған жаңаөзендік жұмыссыздар "Қазмұнайгаз" келіссөзді тоқтатып тастады дейді
Бақытжол Кәкеш. Алтайда қалған Ақиық