Қазақстанда Конституцияны тағы да өзгерту мәселесі күн тәртібіне шықты. Бұл жолы әңгіме жай техникалық түзетулер туралы емес, мемлекеттік биліктің бүкіл архитектурасын қайта құруы мүмкін қадам жайында болып отыр. Алда Қызылордада Ұлттық құрылтайдың 20 қаңтардағы жиынында бір палаталы парламентке көшуге байланысты референдум өтетін күн жариялануы мүмкін екенін айтылуда. Егер бұл болжам расқа айналса, Қазақстан соңғы бірнеше жылда Негізгі заңын кезекті мәрте түбегейлі қайта қарауға қадам жасамақ.

Бір палаталы парламент идеясы алғаш рет былтыр қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында айтылды. Ол кезде бұл ұсыныс саяси жүйені оңтайландыру, шешім қабылдауды жеделдету секілді уәждермен түсіндірілген еді. Алайда сол сәттен бастап бұл бастама тек институционалдық реформа ретінде емес, биліктің ұзақмерзімді стратегиясының бір бөлігі ретінде талқылана бастады.

Қазіргі таңда Қазақстанда екі палаталы парламент жұмыс істейді. Мәжіліс 2022 жылғы конституциялық өзгерістерден кейін аралас жүйе бойынша сайланады, ал Сенаттың жасақталу тетігі халықтан барынша алыстатылған: өңірлік мәслихаттар арқылы іріктелетін депутаттар және президент тағайындайтын он сенатор. Бұл модель билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдікке қатысты сұрақтарды бұрыннан туындатып келеді. Бір палаталы жүйеге көшу осы теңгерімді шынымен жақсарта ма, әлде керісінше орталықтандыруды күшейте ме бұл әзірге ашық тұрған мәселе.

Президент әкімшілігінің өкілдері мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен президент көмекшісі Ержан Жиенбаев — мемлекет басшысына реформаға қатысты ұсыныстар жеткізгенін Ақорда ресми хабарлады. Онда түпкілікті шешім халықтың өзі қабылдайтыны, яғни референдум өтетіні баса айтылды. Формалды тұрғыдан бұл — демократиялық процедура. Бірақ Қазақстан тәжірибесінде референдум көбіне алдын ала дайындалған саяси шешімді бекіту құралы ретінде қабылданып келгені де жасырын емес.

Ықтимал референдумнан кейін кезектен тыс парламент сайлауы өтуі әбден мүмкін. Демек, мұның астарында саяси емес, экономикалық логика жатыр. Мұнай бағасының төмендеу қаупі, бюджет тапшылығы және экономиканың шикізатқа тәуелділігі билікті жаңа саяси конфигурацияға тезірек көшуді ойлауға итермелеуі мүмкін. Яғни ықтимал экономикалық күйзеліс басталмай тұрып, жүйені «қайта жаңартып алу» әрекеті жатуы мүмкін.

Бұл геосаяси жағдай Қазақстан үшін қолайлы емес екенін, ал мұнай нарығында Венесуэла немесе Иран мұнайының пайда болуы бағаны құлдыратуы ықтималдығын, мұндай жағдайда халықтың әлеуметтік жағдайы нашарлап, билікке деген сенім төмендейді. Ал дәл сол кезде жүргізілген саяси реформалар билікке қосымша қолдау емес, керісінше наразылық тәуекелін арттыруы мүмкін.

Мұнда тағы бір маңызды қайшылық бар. 2022 жылғы Қанды Қаңтардан кейін Тоқаев аралас сайлау жүйесін азаматтардың мүддесін жақсырақ қорғайды деп негіздеген еді. Араға үш жыл салып, 2025 жылғы жолдауында ол қайтадан тек партиялық тізімге оралу қажеттігін айтты. Бұл өзгермелі ұстаным реформалардың логикасы эволюциялық емес, саяси конъюнктураға тәуелді екенін аңғартады.

Саяси шолушылар Конституцияны қайта-қайта өзгерту Тоқаевтың билікте қалу мерзімін ұзартуға немесе болашақта басқа лауазым арқылы ықпалын сақтауға мүмкіндік беретін жаңа модель жасауға бағытталуы мүмкін деген болжам айтады. Президент бұл пікірлерді жоққа шығарып, мұндай әрекетті «жауапсыздық» деп атады. Алайда мәселе жеке ниетте емес, институционалдық салдарда. Бір палаталы парламент, өзгерген сайлау жүйесі, әлсіреген өкілдік — мұның бәрі нақты саяси салмаққа ие.

Ең басты сұрақ бұл реформалар қоғамның саяси қатысуын кеңейте ме, әлде оны одан әрі шектей ме? Егер Конституцияға енгізілетін өзгерістер шынымен «жаңа Қазақстанның» негізі болса, онда олардың мазмұны ашық талқыланып, балама пікірлер естілуі кере еді. Ал егер бәрі кезекті референдуммен бекітіліп, артынан кезектен тыс сайлаумен аяқталса, онда бұл процесс реформадан гөрі жүйені өзіне ыңғайлап қайта құрастыруға көбірек ұқсап кетуі мүмкін.

Қазақстан Конституциясы соңғы жылдары тұрақтылықтың емес, үздіксіз эксперименттің құралына айналып бара жатқандай. Ал Негізгі заңға деген сенім жоғалған жерде, кез келген саяси құрылымның легитимдігі де әлсірейді. Реформа атаулының шынайы өлшемі — оның билікке қаншалықты ыңғайлы екенінде емес, қоғам үшін қаншалықты әділ және тұрақты бола алатынында.