
Іргелі жобаның уәде етілген мерзімі
2021 жылы Қазақстанда мемлекеттік тарихи жадыны жаңғыртуға бағытталған ерекше ғылыми жоба басталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сол жылғы 5 қаңтарда жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы негізінде әзірленген бастама – «Ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі Қазақстан тарихы» атты 7 томдық академиялық басылым — мемлекеттік деңгейде аса маңызды міндет ретінде айқындалды. Бұл көптомдық Қазақстанның тарих ғылымындағы тұтас бір кезеңді қамтып, мемлекеттіліктің арғы-бергі негіздерін терең зерттеуге бағытталды.
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты жариялаған «Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы» академиялық басылымның VII томдық етіп әзірлеу» бағдарламасында «жобаның басталатын және аяқталатын болжамды күні: 01.04.2021 ж. – 31.12.2023 ж.» деп көрсетілген. Десе де одан бері Қазақстанда қанды Қаңтар оқиғасы болды, Ресей Украинаға басқыншылықпен соғыс ашты, Кремль ресми түрде ортақ тарих туралы бірнеше мәрте мәлімдеме жасап үлгерді.
Алайда жоба аяқталуы тиіс болған 2023 жылдың соңында, томдар әлі жарық көрмегені белгілі болды. Осыған орай Qazaq Times ақпарат агенттігі ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне ресми сұрау хат жолдап, жобаның нақты жай-жапсары мен кешігу себептерін анықтауға тырысты.
Уәделі мерзімнен неге кешікті?
Ғылым және жоғары білім министрлігінің жауабында жобаның кешігуіне бірнеше себеп көрсетілген. Ең бастысы – жобаның ауқымдылығы мен мерзімнің тым қысқалығы дейді.
Салыстырмалы түрде алғанда, бұған дейінгі 5 томдық «Қазақ КСР тарихы» еңбегін әзірлеуге 10 жылдан астам уақыт кеткен (1977-1980), ал кейінгі 5 томдық 17 жылға созылған (1996-2010). Ал қазіргі 7 томдық небәрі 2,5 жыл ішінде әзірленуі тиіс болды. Бұған қоса, мазмұндық көлемі бұрынғы еңбектермен салыстырғанда шамамен 30%-ға артық екенін атап көрсеткен.
Сондай-ақ орындаушылар құрамындағы өзгерістер де жұмыстың баяулауына әсер еткен-мыс. Ғалымдар қатарында өмірден өткендер, денсаулығына байланысты жобадан шыққандар, өз еркімен қатысудан бас тартқандар болған.
«Орындаушылардың (авторлардың) саны объективті себептерге байланысты өзгерді (бірқатар авторлар өмірден өтті, кейбірі денсаулық жағдайына байланысты жұмыстан бас тартты, өз еркімен жобадан шыққандар болды және т.б.). Мазмұндық бөліктің сапасын күшейту мақсатында ішкі және сыртқы рецензенттердің ұсыныстары бойынша бірқатар авторлар енгізілді. Авторларды ауыстыру – халықаралық ғылыми тәжірибеде кеңінен қолданылатын қалыпты жұмыс үдерісі», – деп жазған ғылым комитеті төрағасы Ғалымжан Жанқуатов Жандосұлы.
Ғалымдар құрамы мен институттар: Қандай өзгеріс болды?
Жоба басталған сәтте оған 300-ге жуық отандық ғалым қатысады деп мәлімделген еді. Алайда 2025 жылдың қаңтарында өткен Қазақстан тарихшылары ұлттық конгресінде жобада 250 ғалым және 5 ғылыми-зерттеу институтының жұмыс істеп жатқаны жарияланды.
Бүгінде жобаға қатысып отырған мекемелер мен зерттеушілер тізімі мынадай:
Институт атауы | Отандық орындаушылар саны | Шетелдік ғалымдар саны |
Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты | 35 | 3 |
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты | 114 | 31 |
Жошы Ұлысын зерттеу ғылыми институты | 15 | 25 |
Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты | 24 | 1 |
Мемлекет тарихы институты | 37 | 2 |
Комитет төрағасының берген ақпаратына қарағанда, жобаға 18-ден астам шетелдік ғалым тартылған. Олар Жапония, Түркия, АҚШ, Ресей, Болгария, Италия, Австралия сынды елдерден келіп, өз салалары бойынша (генетика, түркітану, советология және т.б.) жобаның мазмұнын байытуға атсалысқан.
Ұлттық ғылым академиясына қарайтын Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директоры Зиябек Қабылдинов Ермұханұлы жобаға жетекшілік етеді.
«Көптомдық академиялық басылымды әзірлеу гуманитарлық бейіндегі ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми құзыреттері мен зерттеу бағыттарына сәйкес бекітілді: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, орындаушылар саны – 38 адам, оның ішінде 3 шетелдік; Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, орындаушылар саны – 25 адам, оның ішінде 7 шетелдік; Жошы Ұлысын зерттеу ғылыми институты, орындаушылар саны – 40 адам, оның ішінде 25 шетелдік; Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты, орындаушылар саны – 25 адам, оның ішінде 1 шетелдік; Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, орындаушылар саны – 61 адам, оның ішінде 6 шетелдік; Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, орындаушылар саны – 59 адам, оның ішінде 18 шетелдік; Мемлекет тарихы институты, орындаушылар саны – 41 адам, оның ішінде 2 шетелдік. Бағдарламаны сапалы іске асыру мақсатында 2021 жылы орындаушылар ретінде жоғарыда аталған 5 ғылыми ұйым айқындалды», – делінген ресми ақпаратта.
Соңғы белгілі ақпаратқа сай, басылымның ғылыми-редакциялық алқасының құрамында Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры Ақан Оңғар, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас директоры Зиябек Қабылдинов, Жошы Ұлысын зерттеу институтының директоры Жақсылық Сәбитов, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты жанындағы Тарихи материалдарды зерттеу республикалық ақпараттық орталығының директоры Меруерт Әбусейітова, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері Болат Көмеков, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Бүркітбай Аяған, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бас директорының орынбасары Ержан Торайғыров және басқа да мамандар бар.
Қазір жоба қай кезеңде?
Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта 7 томдықтың жобалық макеті толық әзірленген. Қолжазбалар әдеби өңдеу, беттеу жұмысы жүріп жатыр.
Сонымен бірге, әр том көпдеңгейлі рецензиялау кезеңінен өтуде, бұл дегеніміз – әрбір мәтіннің сапасын ішкі және сыртқы ғылыми сарапшылар жіті тексереді деген сөз.
«Қазіргі уақытта жаңа көптомдық академиялық басылымның қолжазбалары дайын, оларды мұқият көпдеңгейлі рецензиялау жүргізілуде», – делінген комитет жауабында.
Бүгінгі күнге дейін жоба аясында 83 ғылыми еңбек жарияланған:
- 2 монография
- 20 мақала (Web of Science және Scopus базаларында)
- 24 мақала (ҒЖБССҚК журналдарында)
- 9 мақала (РҒДИ тізіміндегі журналдарда)
- 16 мақала (Халықаралық конференция материалдарында)
- 2 конфжинақ (конференция материалдары жинағы)
- БАҚ-та 54 материал
Бұл жоба – тек басылым емес, сонымен қатар Қазақстан тарих ғылымының өзекті мәселелерін ғылыми айналымға енгізуге арналған кең көлемді зерттеу алаңы ретінде де жұмыс істеп отыр.
Қанша қаржы жұмсалды?
Жоба бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жүйесі бойынша 2021-2023 жылдар аралығында қаржыландырылған. Министрлік мәліметіне сәйкес, қаржы көлемі туралы нақты деректер Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының ресми сайтында ашық жарияланған-мыс. Бірақ сайтта қаржы есебі туралы ақпаратпен танысу мүмкін емес.
Қаржы мына бағыттар бойынша бөлінген:
- Авторлар мен рецензенттерге қаламақы
- Ғылыми-зерттеу жұмыстары
- Ғылыми іс-шаралар ұйымдастыру
- Материалдық-техникалық шығындар
Кәсіби әрі «қоғамдық мүддені» көздейтін журналистика қағидаттарына сай, бұл мәліметтер – қоғам үшін ашық әрі бақылауға жататын ақпарат болуы тиіс. Жобаға бөлінген қаржының тиімді жұмсалуын бақылау – тек мемлекеттік органдардың емес, ғылыми қауымдастық пен бұқаралық ақпарат құралдарының да жауапкершілігі.
Жоспарлы мерзім: Кітап қашан жарық көреді?
Министрлік мәліметі бойынша, барлық 7 том 2025 жылдың соңына дейін баспаға жіберіліп, жарық көреді деп жоспарланып отыр. Бұл мерзімге дейін мәтіндерді әдеби өңдеу, беттеу, рецензиялау және баспаға дайындау жұмыстары толық аяқталуы тиіс.
«Көптомдық академиялық басылымның қолжазбалары көпдеңгейлі рецензиялаудан өткізіліп, мәтін бойынша техникалық жұмыстар аяқталғаннан кейін 2025 жылдың соңына дейін баспаға жіберу жоспарлануда», – деп хабарлайды үкіметтік комитет басшысы.
Үміт пен жауапкершілік
«Ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі Қазақстан тарихы» – еліміздің ғылым, тарих және қоғамдық санасын жүйелеуге арналған аса маңызды жоба ретінде аталып жүр. Уақтылы жарық көрмегеніне қарамастан, жобаның кешігуі тек бюрократиялық себептерге емес, ғылыми сапаға қойылған жоғары талаптар мен жұмыс көлемінің ауқымдылығына байланысты делінеді. Сонымен қоса, сарапшылар мен тарихшылар Ақорданың Кремльге жалтақтауынан, Ресей-Украина соғысының соңын аңдауынан туындаған саяси астары бар шешім деп те бағалап жүр.
Азат көзқарастағы объективті-мемлекетшіл академбасылым жобасы – тек тарихшылар үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін маңызды. Себебі, өз тарихын дәл әрі жан-жақты тану – ұлт болашағының негізі.
Былтыр желтоқсанда өткен редакциялық алқа отырысында көптомдықтың жарық көруіне жауапты мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин академиялық басылым барлық мектеп пен университет бағдарламаларына енетінін айтқан. Игі бастаманың амалға асар-аспасы ендігі уақыттың еншісінде.
Кремль көзіндегі «ортақ тарих» объектив бола ала ма?
Ресей-Қазақстан тарихын ортақ мүддеге ұйыстыру контексін Тоқаевтың Назарбаевтан билікті қабылдап алған сәтінен көруге болады. Азаттық Радиосының жазуына қарағанда, 2019 жылғы 3 сәуірде президенттігінің үшінші аптасында Тоқаев Мәскеуге барып, Путинмен кездесуінде ортақ тарихты «қаралауға» жол бермеу туралы келісім жасасты. 2022 жылғы сәуірде РФ сыртқы істер министрі Сергей Лавров Қазақстандағы әріптесі Мұрат Нұртілеумен кездесіп, екі елдің тарихшыларының бірлескен жұмыс тобының жұмысын күшейтуге уағдаласқан. Соның жемісі көп ұзамай көрінді, 28 қарашада Тоқаев Мәскеуге тағы барып, Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл құрметіне арналған декларацияны қабылдады. Кремль сайтына жарияланған құжаттың 37-тармағында екі елдің ортақ тарихын бұрмалауға, қайта жазуға және қаралауға жол берілмейтіні және Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихи шындығын сақтайтыны жазылған.
2024 жылы 20 қыркүйекте Путин кей елдер тарихты бұрмалап, Ресейге қарсы саясат жүргізе бастағанына алаңдаушылық білдіріп, дабыл қаққан. Қауіпсіздік кеңесі шұғыл шақыртылған талқыда Лавров пен Мединский баяндама оқыған. Арада бір аптада өткенде Ресей Ғылым академиясының бір топ ғалымы ТМД елдері қатарында Қазақстан тарих оқулықтарында Кремль отаршыл етіп көрсетілді деген сыни қорытындысын жариялаған. Олар «постсоветтік елдер тарихында Ресей отаршыл мемлекет ретінде жағымсыз образбен сипатталған» деген қорытынды шығарды. Осы қорытындыдан кейін бірден, 29 қыркүйекте Путиннің тарихи-идеологиялық көмекшісі Владимир Мединский Астанаға ұшып келіп, Қаринмен кездескен.
2024 жылғы 6 қараша Астанада өткен Қазақстан-Ресейдің сыртқы істер министрлерінің ресми кездесуінде Сергей Лавров тарихшылардың біріккен жұмыс тобын құру келісімі жасалғанын мәлімдеді. Кейіннен қазақ жағынан ресми өкілдер бұл топтың бірнеше жыл бұрын құрылғанын айтып түсіндіруге тырысты.
Былтыр қыс түсерде Ресей президентінің Қазақстанға сапары аясында, дәлірегі 26 қарашада Астанадағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан мен Ресей тарихшыларының біріккен форумы өтті. БАҚ назарынан тасада өткен жиынға қатысқандар қатарында екі елдің тарихшы ғалымдарымен қатар саяси тұлғалар да болды. Мысалы, Қазақстаннан ғылым министрі Саясат Нұрбек пен Астананың Мәскеудегі елшісі Дәурен Абаев, Ресейден Путин әкімшілігіндегі мемлекеттік саясат басқармасының жетекшісі Владимир Бочарников пен Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин.
Отарлау, ашаршылық, репрессия тақырыбын айналып өткен, тек Ұлы отан соғысы мен тың игеру тақырыптары талқыланған форумның қазақ тарихшылар тобының жетекшісі, мәжіліс депутаты Еркін Әбіл екі елдің ортақ тобын құруға Ресей архивтеріне кіру мүмкіндігін жеңілдету үшін қазақ жағы бастамашы болғанын айтқан. Қазақ үкіметі, мемлекеттік кеңесші жұмыс тобын «таза ғылыми байланыс» деп түсіндірген. Құрамында екі елден 14 ғалымнан бар тарихшылардың бірлескен жұмыс тобының ендігі кездесуі биыл жазда Ресейдің Қазан қаласында өтеді.
Ресей депутаттары мен тарихшылары, медиа өкілдері тұрмақ Путин он бір жыл алдын бір сөзінде Қазақстанның мемлекеттілігі жайлы да кереғар пікір білдірген. 2014 жылы ресейлік жастар форумында Путин Қазақстанның сол кездегі президентін мадақтай отырып: «Ол ешқашан мемлекет болмаған аумақта мемлекет құрды. Қазақтарда ешқашан мемлекеттілік болмаған» деген. Артынаша Ақорда келесі жылы мемлекеттік деңгейде Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтті.
Кейінгі он жылдағы риторика динамикасында Кремльдегі саяси тұлғалардың Қазақстанмен тарихи әріптестікте белсене түсуі, елімізде отарлық кезең мен ашаршылық сияқты тақырыптардың ашық талқыланбауы қоғамда алаңдаушылық тудырып, бұл жағдай Мәскеудің Қазақстандағы тарихи нарративке ықпал етуге талпынысы бар ма деген сұрақты күн тәртібіне шығарып отыр.