ЗІКІРХАН КӨГЕРШІН

 

Тем, тем үшін, тем үшін,

                                       Көгершін ұшар жем үшін.

Көне жырдан.

 

Уа, Көне Жыр, мен өзіңді үлгі еттім,

Туа сала сені ғана оқыдым.

Маңдайдағым – тесігі емес ілгектің,

Сырларыңмен жырларымды тоқыдым.

 

Осы жолы бұзылды бұл келісім,

Ағат кетсем, өлең-сөздің кеш құлын.

Көгершін тек ұшпайды екен жем үшін,

Таңда саһар шын арманын естідім.

 

Тырдай ғалам пырдай ұйықтап жатқанда,

«Алла – Һу-лап» тереземнің тұсынан,

Хақ зікірін шашу қылған ақ таңға

Арзу-құстан, шынымды айтсам, қысылам.

 

Құлақ түріп мына ақ тұнық әуенге,

Тазарады ылас жүрек, кір дене.

«Адам мен құс егіз ед, – деп, – әуелде», –

Есенғали біліп айтад бірдеңе.

 

Зарлап тұр ол мұсылманның тілінде,

Кептер жыры – менің таңғы тағатым.

Адам мен құс табысады түбінде,

Табады адам қырқылған ақ қанатын.

 

Адам мен Құс көшеді екен бір тілге,

Хаққа мадақ – таңда зікір салғанда! –

Ыңырсыған аруана-түн үрпінде

Бір һақ тамшы – Таң Жұлдызы қалғанда.

 

Қанатымды тағады ертең Ене-қыр,

Куә-дір боп көк кептер тұр шырлаған.

«Ұйқы – дұшпан!» – деуші еді ғой Көне Жыр,

Көгершіннен ұят болар, тұр, балам!..

 

21.01.10 ж.

 

 

 

ГӨТЕ. «ФАУСТ». УЛЬРИКА ЖӘНЕ МЕН

 

Тылсымында Гөте жазған «Фаустың»

Тағы, міне, бір күнімді тауыстым.

Тағы да бір кете барды күн батып,

Бұлт бүркеніп –

құйрығындай тауыстың.

 

Бұл бір жырды зерттемеді қанша абыз?! –

Бұл бір жырдан хабардармыз баршамыз.

Өтіл-сөзін[1] – адамзатқа арнаған

Елу сегіз жыл жазыпты, нансаңыз!

 

Жазып болып: «Жеттім, – депті, – арманға! –

Енді, тіпті, қарайламан – жалғанға!» –

Бірақ ақын ғашық болды жас қызға,

Өлеріне алты ай мерзім қалғанда.

 

Ульрика, сен бе жанның қуаты?

Сен бе тілдің,

Сен бе ділдің суаты?..

Осы сырды айтып тұрсам ауылда:

«Шал – мәледес-с!» – дейді досым қуақы.

 

«Шал – мәле-дес-с! – дейді тағы, – Кете шал,

Шыбыш көрсе, мекіренген теке-шал!..

Қарашы өзін!..

Қатын таппай біз жүрміз... –

Сол қызбенен қиылып па некесі, ал?..»

 

Досқа қарап беталбаты сөйлеген:

«Тәңір атқыр, сөзің құрсын!..» – дей берем.

Шынында да таңғаламын бұл жайға,

«Фаусты» оқып отырғанда кейде мен.

 

Бұл не өзі? –

Қайта оралған жастық па?

Не болмаса, даңқ-масы мастық па?..

Ашқалы тұр –

Мәңгіліктің қақпасын

Әзірейіл қолындағы тас-тұтқа.

 

Сөйте тұра, баяғыша бұлаңдап,

Үлбіреген жап-жас қызға жыр арнап;

Егер сол қыз бере қалса келісім,

Тар төсекте жатпақшы ма тыраңдап?..

 

Кәрі азбандай иек артқан байталға,

Ей, шайыр шал, шындығыңды, ал айт, онда.

Сөйтсең егер,

өзің болып шықпай ма

Кейіпкерің –

жанын сатқан сайтанға?..

 

Сауалы осы – Ішімдегі Дауыстың,

Күн батады құйрығындай тауыстың.

Сұрағыма тіл қатпайды ақын шал,

Тасасына тығылып ап «Фаустың».

 

Барлық ісі адамзатқа жария

Үн қатпайды сексендегі қария.

Осы бопты –

амалы оның бар тапқан,

Мәңгі ағызып кетерде Ажал-Дария.

 

Ғалам егер бұлақ болса – жалбыз-шал,

Адам егер құрақ болса – андыз-шал. –

Жетім рухы жете алмаған Құдайға

Қарманғаны: Ульрика – жалғыз тал.

 

Некелесіп сексен түгіл, жүзімен,

Қазағымның ұл таппаған қызы кем...

Бәлкім ақын көрген шығар Жар Нұрын –

Үлбіреген Ульрика жүзінен?

 

Кешір бізді ей, арулар – пәк сәби,

Бәрі де асық сұлулыққа – патша, би...

Бірақ қызға бағышталған жырлардың

Бәрі бірдей бола алмайды нәфсәни!

 

Бұл сөзіме талас, мейлі, таласпа,

Діл-құрдымнан кір пиғылды аласта:

Барлық ақын баянсыздың құлы емес,

Бәрі бірдей табынбайды – Эросқа!

 

Тұқымы едік біз де сойдың шынжырлы,

Арийден де әріден бар үлгім-ді.

Әр ақынның «Фаусты» бар әлінше,

Мен де жазып келем мәңгі бір жырды.

 

Әр іске де Аллам өзі себепкер,

Тірлік үйін келе жатыр жебеп – көр.

Сол жырымның қойғанымша тыңғысын:

Хақтан – илхам!

Пірден – мархам!! –

Медет бер!!!

 

Тарс айрылып тасқа түскен қарбыз-хәл

Жеткен шақта –

жанға жұпар тамғыз сәл.

Ұрған кезде Ажал-Дария толқыны,

Қарманғаным – Сәулең болсын жалғыз тал...

 

21.01.10 ж.

[1] Өтіл-сөз* – өлердегі сөз.

 

 

  «КЕЛІНШЕКТАУ» ХИКАЯСЫ

 

...Қара бура.

Келіншек нарға мінген.

Жасаулы көш.

Боз бота.

Арбалы інген...

Құл да, күң де күбініп жатыр бәрі,

Аттанбаққа сапарға қамға кірген.

Тазы ғана тынымсыз алабөтен,

Түннен ұлып,

жер тырнап,

таңнан үрген.

«Осы ит бүгін мазасыз», – деп қоямын,

Білгенім жоқ Атаның қарғарын мен.

Шолаққорған,

бір шеті Созаққорған,

Теріскей бұл – құшағы паң керілген.

Саудакенттен таң ата шыққан керуен,

Қақпасына Құмкенттің ол да кірген.

...Жүрек бүгін қобалжи берді неге,

Қосылғалы тұрғанда ардағыммен?

Бабатүкті Шашты Әзіз, Қарабура,

Иә, Баб ата, қолдай гөр әруағыңмен!

...Құда болды, әлқисса, екі мырза,

Арасында дорба емес, жорға жүрген.

 

Серт байласты болмаққа мың жыл құда,

Ырзаласып қыз жұрты, ұл жұрты да.

Теріскей мен күнгейді түгел жиып,

Той өткіздік қанжайлау – «Шың-құлпыда».

Қонаққа арнап мың жылқы сойылған соң,

Кетті айналып кейіннен «Мыңжылқыға».

Мұндай тойды көрген жоқ, ырас болса,

Түркі түгіл, арғы сақ, ғұн ғұрпы да!

Әлі күнге жыр қылып айтады оны

«Борсылдақ» пен «Арпаөзен» – сыңғыр-тұма.

 

«Сарымсақтың» бойында бал-құрақтар

Түскен сонда саясы талды мақтар.

Кетер еді, әйтпесе, таптап ұрып,

Тасты үгіткен құм қылып шаңды көкпар.

Теріскей мен күнгейдің жұлқысқанын –

Тау түсінде соны айтып сандырақтар.

Орамалын бүркеніп қымсынады

Ұйпа-тұйпа көйлегі сәнді бақтар.

Қарлы қатпар шыңдардың тасасында

Талай сырға куә-дір қанды жақпар.

 

Зиярат қып Бабаның мазарына,

Ел жөңкіді сол тойдың базарына.

Күн қысылып, туған-дүр Ай ұялып,

Қалыңдықтың қайыл қап ажарына.

...Мен – талансыз, білмеппін шалқып жүріп,

Түскен оның жан барын назарына.

 

Той тарқады.

Соңында шаңы қалды,

Отыз күнгі ойыны, әні қалды.

Елге қарай, бұйырса, аттанамыз

Жетекке алып ауытты сары нарды.

Тойдың туын тігеміз Күнгейдегі,

Асмар қылып қызықты тағы да әлгі.

 

Қайын атам, шығарды, ал ол да даңқын,

Бәрі алтыннан – сырға да, арба да алтын.

«Жалғыз қыздан аяйтын нем бар ед?!» – деп,

Қолын жайып, жинады маңға халқын.

...Қалыңдығым неге-дүр сұлық, бейбақ? –

Тұрыпты ойлап бөгдеге берген антын.

Сайтан басып жүрекке қара таңба,

Өзгерткенін ұқпаппын демде қалпын.

 

«Кем қылмадым пендеден несібеңді,

Жолға түсер, ал, балам, көшің енді.

Ырзасың ба, қарағым?..

Жай қолыңды,

Бар келгені қолымнан осы болды!..»

 

«Жоқ!..» – деді қыз, шаңқ етті алты белес,

Жад жоғалып,

қалыппын тәркі боп Ес. –

«Итаяғы тазымның күміс екен,

Неге күміс?

Ол неге алтын емес?!»

Тау жаңғырып барады,

шың шыңғырып,

Бәлкім, шындық бұл өзі, бәлкім, елес!..

 

Сол шыңғырыс жөнелді түзді көме,

Тұмсығымен жартасты сүзді кеме.

Аттанғалы тұрғанда Ұлы Жолға,

Атасының батасын бұзды неге?!

Әулиелер селк етті қабірінде,

Шайтан көміп жатқандай ізді көне!

 

Болды ілезде бағзы сән, кеніш ғайып,

Пір қарғады, тақты оған періште айып!

Қайынатамды соңғы ірет көріп қалдым,

Күбірлеген – қолдарын теріс жайып...

 

Алқымға – зіл,

жанарға жас байланып,

Жалт бұрылсам, керуенді бастай барып –

Алда – бура, арттағы – қыз да, көш те

Көз алдымда баратты тасқа айналып!..

 

Несін айтам бұл кептің енді дейік,

Кеттім қаңғып төбеме қолды қойып.

Қаратаудың басында – «Келіншектау»,

Сол қарғыстан қалған-дүр мәңгі бейіт!..

 

Әр аңыздан әр ұрпақ мән күтеді,

Бұл да бір көш – шешілмес мәңгі теңі.

«Самарқанның көк тасы» жібіген түн

Келіншекке дейді ептеп жан бітеді.

 

Шеменді шер, шерлі от бұл жырда қалған,

Қазыналы Қаратау – шыңда жанған.

Дәл сол түні шығып ап «Мыңжылқыға»,

Жұртқа жұмбақ мен талай сырға қанғам. –

Тыңда, қарғам, жұмсартып тас-діліңді,

Кімге де арман бұл бір Сыр!

Кімге – жалған! –

Келіншекке тұрады қимай қарап

Ақбоз атты бозбала – нұрға оранған.

Шырмап алған мұңынан босана алмай,

Тірлік іздеп тас тұғыр тұл ғаламнан!

...Менің улы қайғымды ұғынады

Тас жүрегін жібітіп тыңдаған жан!

 

Шың басынан жел болып айтам дастан,

Тыңдайды кеп сәп салып Ай талмастан...

Тіріліп-ақ Тас-Ғалам кетер еді,

Жүректерден таңба өшсе, – Сайтан басқан!

 

Сөзге нанбай кеттің ғой, көзге нанбай,

Кереметті көрсетем өзге қандай?! –

Айдың алтын сәулесі булағанда,

Көш те орыннан сыңғырлап қозғалардай...

 

Шағында бір сұхбаттың өте қызған,

Дауға айналад бұл бір кеп шеке қызған.

«Тасқа айналмай неғып жүр, – дейсің, досым, –

Бата бұзған сан сайқал, неке бұзған?!»

 

«Бұрынғыдай нұрлы ажар, қайда шырай?» –

дейсің тағы, –

аузыңда най, насыбай.

Бұлтыңнан – жалт,

ұлтыңнан Ант безгесін,

Қалай саған ұқтырам ай, досым-ай?

Сен де өліксің!..

Ұғар ең шыңға шығып

Қонып көрсең бір ірет Айға сыбай!

 

Сайтанат тұр салтанат құрып тағы,

Күл-қоқысқа көміліп ғұрып кәрі.

Келеді өріп –

Батадан жаралмаған

Жыбырлаған жын-пері ұрықтары!

 

Ел басына орнап тұр бұ қасірет,

Ібіліс жүр некеңнің куәсі боп.

Жерде – Кие, елде ие қалмаған соң,

Бата берер аузыңның дуасы жоқ!

Алмауыттың үйірін азбан алып,

Асауың мерт болып жүр, жуасың – ет!

 

Бәрі өлік боп күн кешсе жер басқанның, –

Өңде көрген түсіме келмес нанғым.

Жетегінде қызың жүр жолғасқанның,

Етегінде ұлың жүр оңбас қардың...

Дертті – құлың! –

Жет тездеп, Сертті Күнім,

Ар-Иманын түгендеп алжасқанның!..

Бұл күйінде қалмайды мына дала,

Іздерімен пірлерім мөр басқан құм.

Жүректерге таңбасын салмас малғұн,

Жым болады сан ғасыр арбасқан жын.

Келеді ұрпақ – дидарын Хаққа бұрған,

Арқауы боп сан аңыз, сан дастанның.

Ұлы шындық оянад қырқып түсер,

Қылпылдаған жүзіндей алдаспанның.

Хақтан – пәрмен келеді, пірден – жәрдем,

Өлілер мен тірілер жалғасқан күн.

 

Жет, Ақ Күнім! –

Көгіме қанатың жай,

Далам азып баратыр, қала тұрғай!

Жанды ұшырам! –

Киенің қарғысынан

Тас боп бәрі кенеттен қалатындай!..

 

25.01.10 ж.

Ақтау шәрі.

 

 

«ТІЛ» ТУРАЛЫ ХИКАЯ

 

Жан беріп кірпіш тәнге, тірілгесін

                   Тіліне зікір-таспих жад етіпті.

Ыбырайым ахун Құлбайұлы.

 

 

Ол кәдімгі Тіл еді...

Жарық еді түнегі,

Кәміл еді жүрегі,

Қабыл еді тілегі.

 

Құрсағына ананың мінә күйде қонғанға –

120 күн болғанда,

тура төрт ай толғанда;

 

Кірпіш тәнге жан кіріп,

кіндігінен нәр кіріп,

қойды Құдай Тілге енді «ара-зікір» салдырып.

 

Талып жеткен түнектен ыңы сынды қобыздың,

Мадақтады Ол Алланы дәл тоғыз ай, тоғыз күн!

 

Мезгіл жетсе пендеге бермей ме Алла хақысын?! –

Аша берді Ол сол күні дүниежарық қапысын.

 

Жөргекке орап аналар, періштелер нұрға орап,

Шықты Ол жарық дүниеге «иллалап» һәм іңгәлап!

 

Жатты біраз бесікте сиқырлы әуен жан билеп,

Сәл қыңқ етсе, анасы тербетеді «әлдилеп».

 

Безді бір күн бесіктен,

шықты еңбектеп есіктен,

Жаза берді жүрекке сөзді барлық есіткен.

 

Пәк жүрекке тат тұрды кір мен батпақ, ылайдан,

Есік сырты, себебі безген жұрт-тын Құдайдан.

 

«Арғы атасы ылайдан,

бергі атасы құмайдан»,

шығып кеткен шығайдан –

жан еді кіл күләйлан.

 

Жоқ-ты мүлдем Ер сұсы,

еткен ең бір ерсі ісі –

жамандайтын жиылса, көршілерін көршісі!

 

Ал кездессе, әлгілер беттен сүйіп, мұнафық,

Сырт айналса болғаны сөз айтатын былапыт.

 

Жия берді кірді енді,

жұға берді Тілге енді,

айтар болды ірікпей естіген мен білгенді.

 

Бәдік әнді боратып жүретін-ді Тіл кеште,

құрсақтан соң Құдайды алған емес бір де еске!

 

Пәк пиғылын шоқыды түндікқанат құзғын кеп,

ділінде дым сүзгі жоқ,

тілінде түк тізгін жоқ.

 

Безеубетті Тіл болды Ол ақылы – алаң, есі – елең,

шешесін де бір күні сыбай салды «шешеден»!

 

Сөйтіп Тіл де жетті енді,

кәмелеттен өткен-ді,

жетектеп ап пионер, комсомолдар кеткен-ді.

 

Қиял болып қуғаны,

«елес» іздеп туғалы,

тақыртаза ұмытты зікір-таспих туралы.

 

Тасқа айналды жүрегі сәуле кірмей түндіктен,

әсте ойламас болды Тіл сәл жоғары кіндіктен.

 

Тіл түгел-дүр тоналды,

сол бетімен жоғалды,

партияның қаһарлы солдаты боп оралды!

 

Солдаты боп оралды

һәм хаты боп оралды,

жанбақы боп аттанып, салдақы боп оралды!

 

Жиындарда «құтты жыл»,

көпті ықтырып түкті зіл,

Тіл тұратын мінбеде сөзге айналып қып-қызыл!

 

Ерінінен күп-күрең сықылданып от жауған,

әрбір сөзін бастайтын Жаббар-Хақты соттаудан!

 

Маңайына жиғаны жалдап еркек, «би»-қатын,

қиратпақ та болды Тіл әулиенің зиратын!

 

Атеизм індетін жаюды шын қолға алды,

нысанаға ап «Айт күні» құрбан шалған жандарды.

 

Ахун келді мешінде...

Бәрі-бәрі есімде:

«Қартайғанда өлсем, – деп, – туған жердің төсінде».

 

Жеткізбеді Тіл, бірақ тілегіне ақырғы,

аластады жат жерге сексендегі ахунды!..

 

Тіл күресті: туған тіл шықпау үшін төріне!..

Әлек болды Ол қазақты тез жықпаққа көріне!..

 

Сондай күннің бірінде,

Дүние толып дүбірге,

Алды қазақ азаттық – ілінгенде сіңірге!

 

Қара қазақ баласы өз тағдырын қолға алып,

Бір қарасам, тұрды Тіл «тіл» жайында толғанып!

 

Қып-қызыл боп бөсті Тіл екі қолын серменіп,

Сөйлер болды ол енді дін жайында тербеніп!

 

Алған қазақ «азаттық» жылдарда сол алаулы,

депутат та болған Тіл – ел-халқына «қалаулы».

 

Тасада қап жыршы тіл,

тағы да озды қыршы-тіл,

«Мұның өзін көрсеткен, – дедім, – Хаққа мың шүкір!»

 

Мұның өзі, алайда шүкір екен жұтаған –

Тілден бата ап талана бастады Отан – Құт-Анам!

 

Қара-ордада жасалған ұлтқа қарсы күллі іс бар,

үкімімен сол Тілдің орындалды қылмыстар!

 

Ұмытуға болмайды! –

Салам тағы есіңе,

қасқыр қалай шапқанын қасқа қазақ көшіне!

 

Медаль менен орден боп қонды Тілдің төсіне –

Ата-байлық, ұрпақтан ұрланған мол несібе!

 

Отырмас па құл таққа,

қосылмас па Тіл сапқа –

түп атасы көрмеген қи түскесін құрсаққа?!

 

Аран-харам құрсақта

жатыр далам бұл шақта –

салған мола сықылды ол Қанағат пен Ынсапқа!

 

Шаласындай шайтанның жанып жаудың оты жат,

кетті жауға сатылып қасиетті топырақ!

 

Сайтан оты жанады салдақының көрінде,

не болғанын ұмытпа алматының төрінде!

 

Отан-оман – бәрі жат,

атам-анам аңырап,

аманында ай-күннің түсті ортаға шаңырақ!

 

Туған тілді таптады,

туған дінді соттады!

Шаңырағын өртке орап, туған ұлтын атты, әні!

 

Бұрар көпке оқпанын,

тігер көпке Тоқ кәрін –

қорғау үшін нас-тағын,

ұрлап жиған боқтарын?!

 

Тоққа бұтын керіп тұл,

бар у-зәрін төгіп кіл

қанжоса бұл қазақты Тіл тағы да сөгіп тұр!..

 

Тіл жылт етті, мінеки, тұрғанымда елеңдеп:

«Қан-Өзеннің шәріне Пірдің атын берем!..» – деп...

 

Кәрдің жүзін Пірімнің сақалымен жасырмақ,

Қанның ізін Пірімнің шапанымен жасырмақ!

 

Шайтанаттың шәріне орнатпақшы Пір тағын,

алдай қоймақ Атамды –

қырып салып ұрпағын!

 

Жүрген кезін ұмытып құлатпақ боп моласын,

Хақ пен көпті, Пірді алдап –

«сыйға тартпақ» қаласын...

 

«Тарихта қалудың» жасап барлық шарасын,

жығып берді Ол дүмдіге алты алаштың баласын!..

 

Жағы менен ұртын жеп,

ары менен ұлтын жеп,

бәдік айтты бұл елге Томайқұлақ Қыртымбек.

 

Өлі әруақты мазалап,

тірі ардақты жазалап,

ол да кетті, Тіл қалды артын соның тазалап.

 

Аумай қызыл алаудан,

аумай қызыл жалаудан

жан салмас Тіл алдына – шенді к...тті жалаудан!..

 

Төрге шығып «тәж» киіп тағы да бір есек тұр! –

Қоздырады дүмдінің «шоғын»-боғын көсеп Тіл!

 

Озса төрге болғаны күлен-к...т пен түлен-бет,

төселер Тіл астына тірі-түкті кілем боп.

 

Пәрменімен ңөңінің Тіл жүр қазып көрімді,

буындыра бастайды ең бір нәзік жеріңді.

 

Сәл мұқала бастаса,

жанып-жанып жағына,

«Тіл» жайында тағы да ашады «тың» «мағына»!

 

Келекелеп ӨЗ ТІЛІН басты бірде ыржаққа:

«Шалбар» дейді біз жақта, «сым» дейді оны бір жақта!

 

Сондықтан да қозғама қазақ тілін аз ақпар –

бірін-бірі түсінбей қалмауы үшін қазақтар!..»

 

Соны да естіп қалайша болмағанмын мен – керең?! –

Өлім-өксік кептелген өлексемін өлмеген!..

 

Туған тілде айтты оны ұра шыққыр ұртына! –

Құлпытастай қақитып қойған өлі ұлтына!..

 

«Мұның не?..» – деп бір есті тие қалса шамына,

шабынады жұртына –

шұра шыққыр шабына!..

 

Өз руы «көсем» ғып шығарса егер «тағына»,

оңашада Ол қазақты «шешелетед» тағы да!

 

Иә, айтпақшы, Тіл қазір жазып жатыр шежіре,

тірісінде ескерткіш қойып кетпек Өзіне!

 

«Прозасын» пұт балап,

«драмасын» тықпалап,

Ардың туын дамбал ғып киіп алған бұтқа орап!

 

Үсіп бұты кетпей ме, – шуын орап кимесе,

дауасы жоқ дерт екен, – шал атаққа күйлесе!

 

Өзін сүймей қайтеді Ол, – ешкім Өзін сүймесе?! –

Кетер еді қатып-ақ, – «Қаражорға» билесе!

 

Қарттар: «Ақырзаманда кемпір күйлер!..» – деп еді,

жетпей айтқан сөз екен, бүгін ұқтым мен оны!..

 

Тарихтан «сыр шертіп...» ұрлап жазған әркімнен

кейіпкермен кіл жалған шайқасармын, бәлкім, мен?!

 

Шайқас құрсын, одан да алайыншы жерұшық,

Кім бар жеткен жеңіске көлеңкемен соғысып?!

 

Тарихқа таласад,

жазушы да бола сап,

тас көзбенен қарайды Ол Өз кейпіне болашақ.

 

Келгенінен қапер жоқ дүмді к...ттен боқ асап,

өлікітап жұнтымен жүр өзіне мола сап!

 

Басқа бақты жұртына қия алмайды құзыр тұл,

атақ десе, – ұртына сыя алмайды қызыл Тіл.

 

Жатар кезін аңсайды Ол гүл көмкерген табытта,

қарамаққа мүсіркеп еңірескен халыққа!

 

Нанбас, бірақ санасы – көшеріне бұл жалған,

елестетер өзінсіз – дүниені тұл қалған!..

 

Қалмағандай Тірі Елес өткен күннен мыйында,

һәйамдама жасайды ахун жайлы жиында!

 

Еш ұмытпас, ал, бірақ менің көргіш көздерім –

Туған жерден топырақ бұйыртпаған кездерін!..

 

Басқарады Тіл қазір «алжығандар алқасын»,

көрсетеді жатқа ұрлап елдің көзір-картасын.

 

Семіреді кептіріп Ақиқаттың аңқасын,

кеміреді Тісті Тіл Қасиеттің қаңқасын!

 

Қағып қойып арқасын,

«танып» қойып қалтасын,

жалдаптардың жиыны ездіреді малтасын.

 

Уақытты ұтпақ ол ұрлап алып шар-тасын,

«Аманаттап» ұрпаққа мыйдан аққан маңқасын.

 

Қалдырмауға тағы да Тіл жүр саптап балтасын –

Шындық атты шынардың жарты мысқал жаңқасын!

 

Кеуде-кебек – шаңқауыз,

көмей-шелек – алпауыз,

жарты сағат сөйлесе, – Сөз айтпайды жарты ауыз!

 

Һәйамдама жасайды ұртқа жиып түкті зіл,

екі боз без бетінде, өзі болса, қып-қызыл!

 

Тәлтиеді кейде Тіл екі безі ақиып,

өртке оранған ағаштай құлай жаздап қақиып.

 

Өртке оранған тұл-ағаш,

сертке жалған құл ағаш,

«діңі» құлап қалса да «тілі», бірақ құламас!

 

Кепке енеді жұп-жұмсақ –

оранған зер шекпенге

исі мүңкіп тұсынан шенді к...ттер өткенде!

 

Көрінгендей бейне бір күн астынан Күнекей,

шенді дүмдер көрінсе-ақ, шұбырады сілекей!

 

«Келте пішкен шапандай» жатқан дүние айналып,

біздің Тілді, япырмай, соғар екен қайда алып?!

 

Жүрегі – апан, түбінде ұлып жатыр қасқыр-үн,

мүлде ұмытып қалған ол құрсақтағы хас сырын!

 

Түндігінен нұр кірген, кіндігінен нәр кірген

күнді ұмытып кеткен ол – отасам деп мәлғұнмен.

 

Бесік тербер әлдилі үн кетті мәңгі келмеске,

Зікір менен таспих оралмайды енді еске!

 

Ұнап қалу шендіге – бойдағы бар арманы,

өртенсе де орманы,

маңызды емес қалғаны!

 

Көкжиекке қарайды бүгін де Тіл талмай кеп:

«Мен жалайтын тағы да келеді, – деп, – қандай к...т?!.»

 

31.01.13 ж.

 

 

 

ГЕЛЬДЕРЛИН МЕН ӨТЕЖАН

 

                             Өлсем деймін Төбегөңнің түбінде...

Өтежан.

 

Тюбингенде – Гельдерлин, Төбегөңде – Өтежан,

Мәні қымбат екі ақын, жаны жұмбақ екі адам.

 

Бір-біріне төте жат нәсілі һәм ғасыры,

Өтті, бірақ төгіліп жерге жеті насыры.

 

Қоғам үкім шығарды екеуін де «жынды» деп,

Сәйкесе алмай «саулармен» кетті ақыры жыр-жүрек.

 

Менсінбеді біреуін Гөтесі мен Гейнесі,

Кебін болды ақыры жидіп кеткен жейдесі.

 

Теңсінбеді біреуін Төрбасы мен Олжасы,

Тар пәтер мен көп кітап өмірдегі олжасы.

 

Ұлы неміс, ал бірі нәмі неміс ебірей

Гельдерлинді ақынға қойды, тіпті, телімей.

 

Сарттекі дөйт саудагер,

ділі жөйіт қазақ та

Айналдырып мазаққа,

салды талай азапқа!

 

Жатқан шақта шен тиіп шүрегей мен шабаққа,

Кит-өтежан ілініп көрген емес санатқа!

 

Өтті бірі – құдайлар жайлы ғажап түс көріп,

Өтті бірі – «құдайдан» тіс жеп талай, тістеніп.

 

Көктемеде қарғитын биігінен көк қарғын,

Бірі өткізді өмірін «тұтқыны» боп Неккардың[1].

 

Ұйқастырып қойғаны-ай ақындардың тағдырын! –

Жалғыз ұлын өлтіріп – тірі қойды, ал бірін!

 

Бірі неміс, бірінің әкесі өлген немістен,

Тағдыр уын екі ақын әр ғасырда бөле ішкен.

 

Өмір қатал ақынға, мейлі, неміс, қазақ бол,

Әр ғасырда жүрсе де тең кешеді азапты ол!

 

Гельдерлинді көргем жоқ, оқыдым һәм естідім,

Тыңдап өстім, ал, бірақ Өтежанның өксігін.

 

«Байдың» ұлы шетелден жатқан шақта вилла алып,

Жүрді егемен елінде пәтер таппай қиналып.

 

Туған жердің төсінен,

тәуелсіз ел көшінен

Қуыс тимей қойғаны кетер ме оның есінен?!

 

Гельдерлиннің өлеңін Штутгартқа «жерлеген»,

Өтекең-жыр алды орын қуықтай бір бөлмеден.

 

Гельдерлинге, түбінде, Тюбингеннен тиді орын,

Өлді Өтежан көшеде –

еске тұтып үй жоғын!

 

Төбегөңге жете алмай жал-жал құмын Жем шайған,

Бұйырды ақыр тар қуыс өңеші кең Кеңсайдан.

[1] Неккар* – таудың һәм өзеннің аты.

"The Qazaq Times"