Иранның рухани көсемі Әли Хаменеи соңғы апталарда елді шарпыған жаппай наразылықтар кезінде мыңдаған адамның қаза тапқанын алғаш рет ашық мойындады. Сенбі күні сөйлеген сөзінде ол қаза болғандардың саны «мыңдап саналады» деп атап, жауапкершілікті АҚШ-қа жүктеді.
Иран мемлекеттік ақпарат құралдары таратқан мәлімдемеде Хаменеи:
«Израиль мен АҚШ-пен байланысы бар күштер орасан зор зиян келтіріп, бірнеше мың адамды өлтірді. Біз АҚШ президентін иран халқына келген шығын, қантөгіс пен жала үшін қылмыскер деп санаймыз», – деді.
АҚШ-та орналасқан Iranian Human Rights Activists News Agency (HRANA) дерегінше, қауіпсіздік күштерінің күш қолдануы салдарынан кемінде 3 090 адам қаза тапқан. Ал кейбір құқық қорғау ұйымдары құрбандар саны бұдан да әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін айтады. Елдегі интернеттің жаппай өшірілуі нақты ақпарат алуды айтарлықтай қиындатқан.
Наразылықтар 28 желтоқсанда экономикалық қиындықтарға байланысты басталып, кейін Иран билігінің саяси жүйесіне қарсы ұрандарға ұласты. Көптеген шерулерде рухани көшбасшының билігін тоқтатуды талап еткен дауыстар естілді. Ал Иран билігі бұл акцияларды «шетелдік дұшпандар қолдаған бүліктер» деп атады.
BBC Persian және BBC Verify растаған бейнежазбаларда қауіпсіздік күштерінің шерушілерге оқ атқаны анық көрінеді. Сонымен қатар елде интернет пен байланыс қызметтері дерлік толықтай бұғатталған. Кибербақылау жүргізетін NetBlocks мәліметінше, сенбі күні Ирандағы жалпы интернет қолжетімділігі қалыпты деңгейдің шамамен 2 пайызына ғана жеткен.
Соңғы күндері наразылық туралы хабарлар азайғанымен, интернет шектеулері салдарынан ел ішіндегі ахуалды нақты бағалау мүмкін емес. Шираз қаласының тұрғыны BBC Persian-ге:
«Қауіпсіздік күштері мотоциклмен көшелерді бақылап жүр, бірақ жалпы жағдай біршама тынышталғандай», – деп айтқан.
Хаменеи өз сөзінде АҚШ президенті Дональд Трамп-ты «қылмыскер» деп атап, Вашингтон «соңғы тәртіпсіздіктер үшін жауап беруі тиіс» деді. Ол әлеуметтік желіде де «Американың мақсаты – Иранды жұтып қою» деген пікір білдірген.
Трамп әзірге бұл айыптауларға жауап берген жоқ. Ақ үй өкілдері BBC-дің түсініктеме сұрауына ресми жауап бермеген. Алайда АҚШ Мемлекеттік департаменті сенбі күні Иран «америкалық әскери базаларға соққы берудің нұсқаларын қарастырып жатыр» деген мәліметтер бар екенін хабарлады. Ведомство мұндай шабуыл болған жағдайда Иран «өте қуатты күшке тап болатынын» ескертіп, Тегеранды «Президент Трамппен ойын ойнамауға» шақырды.
Апта басында Трамп «Ирандағы қантөгіс тоқтады» деген ақпарат алғанын айтқанымен, әскери араласу мүмкіндігін жоққа шығармады. Бұл мәлімдеме АҚШ пен Ұлыбритания Әл-Удейд әуе базасы базасындағы жеке құрамының бір бөлігін қысқартқаннан кейін жасалды. CBS пен BBC-ге сөйлеген ресми тұлғалар бұл қадамды «сақтық шарасы» деп түсіндірді.
Ирандағы жағдай Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленісті одан әрі күшейтіп, Вашингтон мен Тегеран арасындағы қарым-қатынасты жаңа, қауіпті кезеңге алып келуі мүмкін.


















Ирандағы қантөгіс пен сыртқы қысым: Трамптың екіұшты сигналы
Оқпен басылған қаңтар: Иранда билік халықты қарумен басып жатыр
АҚШ «тасадағы флотқа» тосқауыл қойды: Olina танкері және теңіздегі жаңа санкциялық соғыс
Венесуэладағы әскери операция: Трамптың мәлімдемесі және аймақтық тұрақсыздық тәуекелі
Украина соғыс жағдайындағы басқару моделін қайта қалыптастыруда: Буданов президент кеңсесіне келді
Йемен соғысының жаңа кезеңі: оңтүстіктегі қақтығыс және аймақтық державалардың ойыны