Енді қазақстандықтардың смартфон көмегімен базарларда төлем жасауға мүмкіндігі бар. Бүгін Қазкоммерцбанк пен Visa компаниясы Visa технологиясының мобильдік қосымшасы негізінде инновациялық Homebank Pay төлем сервисі іске қосылғанын хабарлады. Аталған төлем сервисі тұтынушыларға QR кодты суретке түсіру арқылы төлем жүргізуге мүмкіндік береді.
Тіпті сауда орындары мен қызмет көрсететін кәсіпорындар аталған төлем қызметін пайдаланған жағдайда қымбат тұратын POS-терминалдарды сатып алмаса да болады. Яғни олар да QR-технологиясы арқылы контактісіз төлем қабылдауға мүмкіндік алады. Осы тұрғыдан алғанда жаңа жүйе кәсіпкерлер үшін тиімді болғалы тұр.
Ал мұндай жаңа төлем жүйесін іске қосу үшін тұтынушы смартфонына Homebank мобильдік қосымшасын жүктеп алып, сондағы нұсқаулықтармен танысса болғаны. Содан кейін тұтынушы смартфонның камерасы арқылы сатушының (интернет-сайттағы немесе полиграфиялық сурет ретінде бейнеленген) QR-кодын түсіріп алу қажет, сол сәтте жүйе коммерсанттың барлық деректерін автоматты түрде танып, төлем бірден жүргізіледі.
Qazkom бұл жүйені іске қоспас бұрын сауалнама жүргізген. Сауалнама қорытындысы бойынша базарлардағы сатушылардың көпшілігі POS-терминалдардың қымбат болуына байланысты қолма-қол емес төлем қабылдауға дайын емес екендерін айтқан. Алайда олар оны алмастыра алатын қосымша құрылғы пайда болған жағдайда қолма-қол емес төлемді қабылдауға дайын екендерін жеткізген.
Осылайша Qazkom-ның басқарушы директоры Нұрлан Жағыпаров жаңа жүйенің қалай жұмыс істейтінін таныстырды.
"Сатушы QR-кодты кез келген қағазға немесе картонға орналастырып қойса болғаны. Қызметті такси жүргізушілері мен базардағы сатушылар да қолдана алады. Тіпті тойға барған қонақтардың қалтасында қолма-қол ақшасы болмаса, жай ғана QR-кодты сканерлеп, жас жұбайларға ақша аударуына болады", - деді ол.
Ал төлем жасалғаннан кейін тұтынушыға және сатушыға төлемнің жасалғаны туралы Homebank қосымшасы арқылы SMS келеді.
Бұдан бөлек жобаны таныстыру кезінде Нұрлан Жағыпаров кейбір елдерде QR-төлем жүйелері басқа технологияларды ығыстырып жатқанын атап өтті.
Оның сөзінше, жүйе осы айдың аяғына дейін онлайн дүкендер үшін 100 пайыз іске қосылатын болады. Ал қараша айында Алматы және Астана қалаларындағы сауда орындарында іске қосыла бастайды. 2018 жылы басқа аймақтар біртіндеп қосылады.
Жобаның танысытырылымына қатысқан Халық банктің басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова аталған сервис кәсіпкерлер тарапынан ешбір инвестицияны талап етепейтінін және көлеңкелі қолма-қол ақша айналымының азаюына мүмкіндік беретінін атап өтті.
"Кәсіпкерлердің көпшілігі POS-терминалдар немесе интернет арқылы төлем жүргізе алмайтындарын айтады. Меніңше мұның себебі басқа: оларда ашықтық боламайды немесе салық төлеуге, нақты айналымының қанша екенін көрсетуге қызығушылық танытпайды", - деді Шаяхметова.
Ол сондай-ақ, қызметтің жаңа түрін алдағы уақытта Халық банк клиенттері де пайдалана алатынын айтты.
Ал "бұл жүйеге сатушылар, кәсіпкерлер қалай қосылады?" деген сұраққа келер болсақ, олар Qazkom-мен сауда эквайрингі бойынша (банк картасын ұстаушыларға қызмет көрсету - ред.) келісім-шарт жасау керек. Ол бойынша өтінішті банкке бармай-ақ, банк сайты арқылы беруге болады.
Келісімшарт жасалғаннан кейін Qazkom-ның эквайринг серіктестері жаңа Homebank Pay қызметіне автоматты түрде қосылады, банкке барудың қажеті болмайды.
Ал осы қызметті тұтынушылар немесе тауар сатып алушылар QR-код арқылы есеп жүргізу үшін жоғарыда айтып өткендей Qazkom-ның Visa картасын және смартфонында (Android немесе iOS) Homebank қосымшасының соңғы нұсқасын пайдаланса жеткілікті.
Бұдан бөлек, Нұрлан Жағыпаров QR технологиясы арқылы төлем жасау кезінде комиссия алынатынын айтты. Оның сөзінше, комиссия көлемі ұсынылатын қызмет түріне байланысты болады. Мөлшерлемені белгілеуде көрші елдердегі және осы технологияны белсенді қолданатын елдердегі тәжірибе есепке алынады. Еуропа, Америка сынды елдердегі баламалар пайдаланылмақ.