Бүгін, 17 сәуір күні «Түркістан» халықаралық газеті редакциясының «Алдаспан» ашық пікір-сайыс алаңында латын әліпбиіне көшу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел болып өтті. Пікір алаңына қазақ елі мен тілінің болашағына жанкүйер тарихшы, саясаттанушы және бір қатар тіл мамандары қатысты. Талас Омарбек, Дандай Ысқақ, Әлімхан Жүнісбек, Есенгүл Кәпқызы, Әли Арипов, Арман Байқадам, Айдос Сарым, Анар Фазылжанова, Нәбижан Мұхамеджанұлы және «Түркістан» газетінен Ж. Шағатай, Көлбай Адырбекұлы қатарлы зиялы қауым өкілдері пікірлерін ортаға салды.
Кезекті пікір-сайыста сөз тізгінін алған зиялы қауым өкілдерінің елеулі пікірлері төмендегідей болды:
Т.Омарбеков, ғалым, тарих ғылымдарының докторы: Қазақ тарихында бұрында болып өткен әліпбилер туралы тоқтала келіп:
– Бұл бастаманы кешіктіруге болмайды. Латын қарпіне көшуде бізде, қазақтарда бірауыздылық болу керек. Кеңес тұсындағы әліпби ауыстырулардың бәрі де саясаттың қолымен жасалған рухани зобалаң екенін жастарға түсіндіріп айтуымыз керек. Ал бүгінгі шешім одан мүлде басқа екенін, болашақ үшін жасаған өзіміздің таңдауымыз болатынын ұғындыру керек. Тағы бір мәселе, біз бұл таңдауды жасауда елбасы айтқандай іске аспайтын идеяларды тастауымызға тура келеді, айталық түркі бірлігі деген секілді. Біз не жасасақ та басым көп түркі тілді халықтар кирилл қарпінде қалайын деп отыр»,– деген пікірін айтты.
Дос Көшім, саясаттанушы:
– Бұл бастама арқылы отарсыздандырудың басты белгісін көтерген секілдіміз. Ең маңыздысы қай жазуды талдау емес, қай жазудан құтылу маңызды. Сондықтан, жазуды ауыстыру ісіне комплексті түрде келу керек. Тілдік реформа ғана емес, ұлттың жаңғыруын қолға алу керек. 25 жыл уақыт толғанда біздің билік тағы да осындай реформаны жасауға қауқарсыз болса, онда біз ұзаққа бармаймыз.
Айдос Сарым, саясаттанушы:
– Бұл сөзсіз саяси таңдау және өркениетті таңдау. Ол және бүгінгі халық, бүгінгі мектептегі ұрпақ емес келер ұрпақты орыстың символикалық әлемінен құтылдыру. Путин секілділер даңғаза ғып жүрген «Русский мир»-ден құтылудың бірден бір жолы. Осы іс, яғни бұл бір мақсат, әрине мақсат болады екен оның артында құн болады. Бүгінгі ұрпақ біз құн төлейміз. Бірақ, бұрын жарық көрген рухани дүниеміз оқылмай қалады дегеннен арылу керек. Ұлт ағзасына кіріп кеткен дерттерден тазартудың бір емі осы.
Ешбір ел, әсіресе осындай үлкен реформа сипатындағы таңдауды қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда жасаған жоқ. Әзербайжан да аумалы-төкпелі кезеңде жасады; түріктер соғыстың ішінде жүріп жасады. Қайта біз біршама жақсы кезеңде кірісіп жатырмыз.
Әлімхан Жүнісбек, А. Байтұрсынов атындағы Тіл білім институтының профессоры, филология ғылымдарының докторы:
– Өткен ғасырда кеңестік биліктің қолымен жасалған реформаның нәтижесі бүгінге дейін жетіп, қазір, тіл мамандарының өзі содан шығып кете алмай отырмыз. Сондықтан қазір қолданып жүрген әліпбиіміз қазақ әліпбиі деп айтуға болмайды. Бұл тіпті қазақ-орыс әліпбиі де емес, тек орыс-қазақ әліпбиі. Сондықтан бұл әліпби ауыстыруды бір әліпбиден екіншісіне өту деп емес, қазақ жазуына реформа жасау деп алғанымыз дұрыс болады.
Бүгін үшін жасалып жатқан реформа емес, бүгін-ертең бала бақшаға барып жатқан, ертең күннің ұрпағына арналып жатқан реформа. Сондықтан Қазақ жазуы ұлттық болуы керек. Егер олай болмайды екен, онда әуреленбей-ақ осы жазуда қала беру керек. Ол үшін қазақ тілінде қанша төл дыбыс бар, соның басын ашып, дауысты-дауыссызын тиянақтандырып алу керек. Тіл маманы ретінде айтар болсам 28 дыбысымыз бар. Бізге керегі 28 таңба. Ол таңбаға кірме таңба кіріп кететін болса, онда бүкіл жүйе бұзылады.
Ал қазіргі кезде халықаралық атау терминдерден біз бас тарта алмаймыз. Оны шешудің жолы халықаралық үлгінің негізінде түбірді өзгертпей беру үлгісін алуымыз керек. Қазақ тілі дамыды дейді, бұл жаңсақ ұғым. Қазақ тілі дамыса тек лексикасы ғана дамыды. Дыбыс дамыған жоқ. Осы жақтарында толық ескеруге тиістіміз.
Анар Фазылжанова, А. Байтұрсынов атындағы Тіл білім институтының директорының орынбасары:
– Кирилл жазуы қазақтың мәдениетінде, жазу мәдениетінде қалыптасқан берік құрылым бар. Кирилл жазуын көрген жерден мені орысша жаз деп тұрады. Латын жазуы кирилге қарағанда жетілген деген ой да түбегейлі дұрыс емес. Мейлі қалай айтсақ та бізге қазір орыс тілі донор тіл болып отыр. Біз амалсыздан регион ретінде пост-кеңістікте өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан шет тілінен келетін атау-терминнің бәрі де орыс тілі арқылы кіріп отыр. Өз басым үш орфографиялық сөздікті құрастыруға қатыстым. Сонда байқағаным қазақ тіліне кіретін орыстың сөздерінің саны барған сайын көбейіп келеді. Оның себебі де сол орыс тілі қолданып отырған кирил қарпін біздің де қолданып отырғанымыздан және пост-кеңістікте орыс тіліндегі ақпарат шеңгелінде болғанымыздан.
Егер біз кирилл жазуында реформа жасайтын болсақ, мысалы «культура» деген сөзді өзгертіп «күлтүр» немесе «култур» деп жазар болса оны қабылдай алмайсыздар. Себебі, бұның кирилл жазуында образы қабылданбайды. Ал латын жазуын қолдансақ біздің тілдің өзіндік иммунитеті оянар еді, дамуына жол ашылар еді.
Нәбижан Мұхаметжанұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор:
– Ұлттық бір тұтастықты негіз еткен әріп үлгісін тез арада жасау ең маңызды. Біз басқалардың көңілі мен көзқарасымен санасып отырғанды қоюымыз керек. Сосын бір нәрсені ескеру керек, бұл өзіміздің ішкі тілдік реформамыз. Оны саясаттандырып, сипат беріп, түркілендіріп қажеті жоқ. Президент өзі айтты, іске аспайтын идеялардан арылу керек деп. Сондықтан осыны кешіктірмей, зиялы қауым бірауыздан қолдап кетуіміз, жүзеге асыруымыз керек. Осы реттен кешігетін болсақ бұл бізге тарихи қателік болады да, опық жейтін боламыз.
Біздің қазір саяси түлейтін кезіміз келіп жетті. Мұны біздің 25 жылдық тәжірибеміз ұғындырды. Білуіміз керек, қазақ ұлты көркеймейінше Қазақстан болашағы көркеймейді. Сондықтан ұлттық бірегейлену тұрғысына ұмтылуымыз керек.
Есенгүл Кәпқызы, журналист:
– Біздің бәріміздің осы бастаманы қолдағымыз, латынға көшкіміз келеді. Менше қарсы пікірлер аз болады. Бірақ, көңілімізде күдік бар. Себебі, біздің қоғам қазақтанған қоғам, ал билік қазақша сөйлемейді. Бүкіл құжат айналым орыс тілінде жүргізіліп жатыр. Өкіметтік жиналыстар орыс тілінде өткізіледі. Елбасының әр реткі жолдауларында да барған сайын қазақ тілінің салмағы азайып бара жатыр. Осы уақытқа дейін тіл туралы қаншама құжат қабылдадық. Мысалға алар болсақ, 2008 жылы бүкіл іс қағаздарды қазақшаға көшіреміз деген едік. Ал қазір 2010-2020 жылдарға арналған тіл туралы даму бағдарламасы бар. Онда 2020 жылы Қазақстанның 95 пайыз халқы қазақша сөйлейді деген едік.
Міне осыларға қарап отырсақ, осындай бастамалардың бәрі науқан болып қалып қалатын секілді. Біздің билік қазақша сөйлемей латын жазуына өту қиын болады. Қазір жоғары орынның бізге қазақша құжат жолдап, бізден қазақша құжатты талап етіп отырғанын көре алмай отырмыз. Егер біз латыншаға көшіп, билік кирилмен орысша құжат жүргізіп отыратын болса, оның керегі не?! Міне осындай үмітсіздікті биліктің өзі тудырып отыр.
Естай Божан
The Qazaq Times